Қала мен қала маңына жасыл желек отырғызылады
Қала мен қала маңына жасыл желек отырғызылады
Алдағы уақытта Тараз қаласы мен қала маңы аумағынан «жасыл желек» белдеуінің жоспары бекітілмек. Онда облыс орталығында атқарылатын жұмыстардың жобасы, кестесі нақтыланып көрсетілетін болады. Бұл туралы кеше облыстық әкімдікте өткен жиында өңір басшысы Асқар Исабекұлы мәлімдеп, тиісті тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жиында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов баяндама жасап, шаһар айналасындағы жасыл желек отырғызуға қолайлы аумақтар туралы айтып берді. Ол Тараз қаласы, Байзақ және Жамбыл аудандарындағы облыс орталығына таяу орналасқан аумақтардың мүмкіншіліктерін ескере отырып, барлығы 450 гектар аумақты құрайтын 8 жер телімі бойынша талдаудың нәтижесіне тоқталды. Жер телімдерінің дені – Тараз қаласы аумағында, бірқатары аталмыш екі ауданда, яғни шаһардан 10-15 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Сондай-ақ алқаптарда ағаштардың егілу нұсқалары, оларды күтіп-баптау жұмыстары бойынша да ұсыныстар айтылды. Асқар Исабекұлы ең алдымен жасыл желектің көлемін мүмкіндігінше 1000-2000 гектарға дейін ұлғайтуды және оның облыс орталығы аумағында болуын немесе барынша таяу орналасуын баса айтты. Себебі ол тек тараздықтардың табиғи демалыс орны ғана емес, болашақта қаланың «өкпесіне» де айналуға тиіс. Өңір басшысы ағаш егілетін алқаптарды суару мәселесі міндетті түрде шешілуі керектігіне назар аудартып, қала аумағындағы Талас өзенінің жағалауларын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол үшін бос жерлердің мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеуге арнайы мамандар тартылмақ. Сондай-ақ ағаш көшеттерін дайындайтын жаңа тәлімбақтар құру, қолданыстағы тәлімбақтың аумағын арттыру мәселесі де көтерілді. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жиында көтерілген мәселелердің барлығын қамти отырып, арнайы жұмыс жоспарын құруды тапсырып, ол үшін екі апта уақыт берді. Қажетті зерделеу-анықтау шараларын тезірек атқарып, тиісті жұмыстарды уақыт созбай бастауды міндеттеді.