Жұмабике Аустриядан асыл тұқымды 45 құнажын алып келді
Жұмабике Аустриядан асыл тұқымды 45 құнажын алып келді
Бүгінгі күні өрісімізді – малға, егісімізді – дәнге толтыру қашанғыдан да маңызды. Бұл іске мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау, көмек те мол. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау тетігі де қарқынмен жүзеге асырылу үстінде. Ет өнімдерінің өзімізден артылғанын шетелдерге экспортқа шығару арқылы табысымыз бен тұрмысымыздың сапасын арттыруға да мүмкіндігіміз бар. Осы орайда аудан шаруаларының қорасындағы мал басын арттыруға, тұқымын асылдандыруға батыл бетбұрыстар жасауы қуантады.
Мәселен, өткен жылдың күзінде «Шоқай» шаруа қожалығының төрағасы Әскербек Шоқаев Ресей жерінен сатып әкелген, бүгінде алыс мал жайылымы телімінде қыстатылып жатқан 70 қазақы ақбас тұқымды құнажын жергілікті климат жағдайына бейімделіп, жерсініп те кетті. Олар алдағы наурыз, сәуір айларында бұзауламақ. Бұл өз кезегінде өңірімізде қазақ ақбас сиыры тұқымының санының артуына да септесетін болады. Осындай игі іс биыл да жалғасын тауып, Жамбыл ауылдық округіне қарасты «Үмбет» шаруа қожалығының басшысы Жұмабике Махмудова жақында Аустрия мемлекетінен сиырдың симменталь асыл тұқымына жататын 45 құнажын сатып алып келді. Аустриялықтар малды осында аттандырар алдында бір ай бойы карантинде ұстаған екен. Олар ветеринариялық тексерумен қамтылған. – Бәрі де шаруа адамдарына мемлекет тарапынан қолдау, көмек көрсетілуінің арқасында мүмкін болып отыр. Өңіміз түгілі, түсімізде көрмеген Аустрия елінен мал әкелеміз деп тіпті де ойлаған емеспіз. Өзімізге берілген жеңілдіктердің нәтижесінде сатып алған малымызды бірқатар мемлекеттердің шекарасынан арнайы мал таситын автокөлікпен алып өтіп, оныншы күні дегенде ауылға жеткіздік. Мал да, өзіміз де дін-аманбыз. Бұл малды әкелудегі мақсатымыз – өңірімізде ет өндірілуі көрсеткіші артуына үлесімізді қосу. Бір-екі жылда мал етін алыс-жақын шетелдерге экспортқа да шығаратын боламыз, – дейді кәсіпкер бұл тұрғыда. Ол өзінің алдағы уақытта Бесжылдық ауылы маңындағы қора-жайын кеңейтуді, сөйтіп, мүйізді ірі қара мал басын көбейтуді ойластырып отырғанын да айтып қалды. Жалпы Жұмабике Махмудова бала кезінен-ақ малсақ болып өскен екен. Бүгінде қорасындағы жылқы, сиыр, қой-ешкінің қарасы мол. Енді, міне олардың қатарына аустриялық асыл тұқымды құнажындар қосылып отыр. – Өңірімізге сиырдың симменталь тұқымы әлі-ақ жерсініп кететініне сенімдіміз, – дейді ол. Айта кету керек, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ тарапынан 31 миллион теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізген кәсіпкер әйел осылай батыл қадамға да барып отыр. Оның бұл іске тәуекел ететініндей-ақ жөні бар. Алыс шетелден ауылға жеткізілген әр бас құнажын үшін Үкімет тарапынан субсидия ретінде 225 мың теңге төленеді екен. Шаруаға бұдан артық қандай қолдау болсын? Енді құнажындар мал дәрігерлерінің жіті қадағалауына алынып, бір айлық карантиннен өткізілмек.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Жамбыл ауданы.