Қоғам

Апат айтып келмейді

Апат айтып келмейді

Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде 255 көпір мен789 су өткізу құрылғылары тазартылудан өткен

Баймаханбет АХМЕТ

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Омар Такеев, азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Әсет Манасовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Аталған құрылымдар басшылары көктемде орын алуы ықтимал су тасқынына дайындық пен алдын алу шаралары туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Талас, Шу және Аса өзендері арқылы өтеді, сонымен қатар таулы аймақтарда орналасқан 5 ауданның (Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай, Талас) Қарақоңыз, Ырғайты, Аспара, Меркі, Қарақыстақ, Қайыңды, Ақсай және Көксай өзендерінде еріген қар суларымен байланысты орын алуы күтілуде. Күннің күрт жылынуы кезінде облыстың барлық аудандарында биік бөктерден қарқынды су ағыны болуы мүмкін. Су тасқыны салдарынан орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың шығынын мейлінше төмендету мақсатында облыста «2019 жылғы көктемгі су тасқыны мерзімін өткізу және дайындық іс-шараларының» жоспары әзірленіп, бекітілген-ді. Аталған жоспардың негізінде, бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан су тасқыны мерзімінде судың апатсыз өтуін алдын алу шаралары жүргізілуде екен. Атап айтқанда, 568 шақырым дренажды канал мен арық жүйелері, автокөлік және темір жолдарының бойындағы 255 көпір мен 789 су өткізу құрылғылары қоқыстан тазартылған. Бүгінгі күні жазық аудандар мен елді мекендерде шамалы қар бар. «Қазгидромет» РМК филиалы және «Қазселденқорғау» ММ филиалының 2019 жылғы 20 ақпандағы мәліметтеріне сәйкес, таулы қырат пен оның бөктеріндегі қардың қалыңдығы 10-25 сантиметр аралығында. Облыс халқын, шаруашылық нысандарын және елді мекендерді қорғау үшін облыста гидротораптар мен су қоймаларының беріктігін арттыру, су шаруашылығы нысандарында су деңгейін реттеу шаралары жүргізілуде. Қырғыз жеріндегі Киров, облысымыздағы Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ секілді ірі су қоймаларының жұмыс режімінің кестесі әзірленіп, толымдылықтарына және жай-күйіне бақылау жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 26 ақпанындағы жағдай бойынша ірі су қоймаларының толымдылығы жалпы жобалық көлемінің Теріс-Ащыбұлақта – 62, Тасөткелде – 52, Киров – 77 пайызын құрағаны белгілі болып отыр екен. – Облыста жанар-жағармай және инертті материалдардың қоры жеткілікті көлемде. Сонымен қатар 40 мыңнан астам қапшық дайындалды. Көшірілген халықты уақытша орналастыру үшін 41 қабылдау бекеті (білім беру және мәдени нысандар), әртүрлі 43 шатыр, жатын жабдықтарымен 2000 төсек дайындалған. Дер кезінде медициналық көмек көрсетуге арналған 56 денсаулық сақтау нысаны мен қажетті дәрі-дәрмек қоры да дайын. Су тасқыны салдарының алдын алуға және жоюға жұмылдырылатын облыстың аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жеке құрамдарының 4971 қызметкері, 697 дана техника және 112 мотопомпа жоғары дайындыққа келтіріліп отыр. Бақылау және зардап шеккендерді көшіру үшін Тараз қаласының әуежайында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның арнайы тікұшағы кезекшілік режімінде тұр, – деді М.Қосыбаев.