Әлеумет

Құрметті орын болса, ол – әйелдікі

Құрметті орын болса, ол – әйелдікі

Еңбектің көзін тапқан адам ғана отбасын, елін бақуатты ете алады. Ол үшін кәсіпкерлікпен айналысу, білімді болу үшін оқу керек. Саналы ғұмырымның қырық жылын ұстаздыққа арнағанда көз жеткізген бір жай осы болып отыр.

Бүгінде жасым сексенге таяды. Әлі де шаруадан қол үзбей келемін. Балалық шағым тым ауыр өткен-ді. Ана сүтінің дәмі аузымнан кетпей жатып, шешемнен айырылған соң жетімдіктің де тауқыметін аз тартпадым. Әкеміз де соғыстан қайтпай қалған. Әйтеуір, әпкем Нұркүл бауырына басып, өсіріп, тұрмысқа шыққанша жанынан бір елі тастамады. Мектепті бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолымды «Солнышко» демалыс орталығында тәрбиеші болып бастаған едім. Мінезімнің ашықтығын, ойымды бүкпей айтып салатын өжеттігім мен іске алғырлығымды байқаған шипажайдың бас дәрігері Зайченко менің Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсуіме мүмкіндік жасап, жолдама жазып берді. Училищеде оқып жүргенімде өзім сияқты студент, қазақтың қара домалақ жігіті Қыстақ Дәулетовпен таныстым. Көп өтпей үйленіп, Меркінің Аспарасына көшіп келгеннен кейін Қыстақ – экономист, ал мен орыс тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқардық. Ұстаздық жолымда Меркі мен Луговой аудандарының бірқатар мектептерінде жұмыс істеуіме де тура келген. Кейін облыс орталығындағы педагогикалық институтты сырттай оқып бітірдім. Жолдасымның қызмет бабымен әрлі-берлі көшуді қойып, бір жола ту тігіп, тұрақтаған жеріміз Каменка ауылы болды. Ұзақ жыл бойғы ұстаздық қызметім елеусіз қалмай, кезінде Қазақ КСР оқу министрінің құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталдым. Бүгінде отбасымызбен ауыл, аудан деңгейіндегі түрлі іс-шараларға белсене атсалысып, жастар тәрбиесіне үлесімізді қосумен келеміз. Алдыңғы жылы Ақтоған ауылында өткен «Ең үлгілі отбасы» байқауында бас жүлдеге де қол жеткіздік. Жолдасым «Қарақыстақ» шаруа қожалығын құрғанда да оның басы- қасында болып, қолдау көрсеттім. Мал мен егін шаруашылығын қатар өрістетіп отырған қожалықтың аяғынан тұруына қосқан үлесім де аз емес. Әсіресе демалыс орнын салу жөніндегі бастамам бүгінде көпке үлгі болуда. Жалпы, Құлан өңірінің жері шұрайлы, табиғаты бай, құпиясын бүгіп жатқан тарихи орындары да көп екені белгілі. Табиғаты тамаша, туристік орталыққа сұранып-ақ тұрған тау шатқалынан демалыс орнын салу ойымда көптен жүрген-ді. Отбасы болып жұмылудың арқасында көп өтпей тау етегінен «Қарақыстақ» демалыс орталығы еңсе көтерген. Таудан құлай ағатын өзеннің осынау тұсы бастапқыда тастақ болатын. Не өсіп тұрған ағашы жоқ. Қой тастардан аяқ алып жүруің қиын. Десе де жолдасым да, ұлдарым да менің айтқанымнан қайтпайтынымды білетін. Қысқасы, бұл іске тәуекел етуден басқа жол жоқ еді. Үлкен ұлым Нариман Қытайға арнайы барып, бассейн салу жобасын алып келді. Құрылысшылар жалдап, жұмысты бастап кеттік. Тұтастай салынып біткеннен кейін болашақ демалыс орнының айнала-төңірегінің абаттандырылуы ісін тікелей өзім қолға алдым. Жер-жерден алдыртып, жүз түптен астам түрлі ағаш көшеттерін отырғыздым. Келушілерге арнап шайлалар тұрғызып, айналасын көгалдандырған да өзім. Жаяу жүргінші жолдарына тас төсетіп, жағасына гүлзарлар егетін орын дайындаттым. Содан бері 20 жылдан аса уақыт өтіпті. Қазір өзім отырғызған ағаш көшеттерінің барлығы балақтап өсіп, жайқалумен тұр. Өз еңбегіңнің жемісін көру де бақыт. Жаз айларында ауыл жұрты ыстықтан қорғанып, тау бөктеріндегі осы бассейнге қарай ағылады. Жаңа жобалық үлгіде салынған бассейн, дәмхана, су бұрқақтар, шатыр-шайлалар сырттан келушілерді де айрықша қызықтыратыны анық. Таудан құлай аққан өзен суы бассейннің бір жағынан келіп құйылып, екінші жағынан ағып кетуі де ойластырылған. Бұл әдіс күнделікті, үздіксіз су айналымы қамтамасыз етіліп отыруы үшін де ыңғайлы. Тау етегінен тұрғызылған шағын демалыс нысаны өңір кәсіпкерлерінің де айрықша қызығушылығын туындатуда. Менен үлгі алған олар шатқал бойынан мұндай демалыс орындарын көптеп сала да бастады. Текке қарап отыра алмайтын әдетім бар. Аумағы 190 шаршы метрді құрайтын жылыжайды аталған демалыс орны аумағынан салдым. Кешен үсті поликарбонатты жабынмен қапталған. Ол сыртқы суық ауаны ішке жібермейді, қиюласқан тұстарының барлығы да желімделген. Бірақ бұл химиялық материал күннің жылуын да өзіне жақсы тартады. Жылыжайдың көмірмен де, «көгілдір отынмен» де, электр қуатымен де жылытылатын шағын қазандығы бар. Көкөніс өскіндері арнайы сусорғы көмегімен ылғалдандырылады. Температуралық режімнің сақталуы, ылғалдандырылу жиілігі, тыңайтқышпен үстеп қоректендірілуі – бәрі-бәрі айрықша назарда ұсталынуда. Көкөніс отырғызбас бұрын 50 сантиметр жер қыртысын алып тастадық. Сөйтіп табанына 5 сантиметрге дейін құм төсеттім. Оның үстіне 7 сантиметр көлемінде жылқының қиын, 10 сантиметр қара топырақ, қалған бөлігіне қордаланған қи төгіп, алдымен жерді дайындап алдық. Содан кейін барып қияр мен қызанақ отырғыздым. Бұрын әпкем Нұркүлмен талай мәрте қызылша жекелеуге шығып, тәжірибе жинағанымның маған бұл істе көп көмегі тиді. Оның үстіне үй ауласына бақша екпеген кезім болған емес. Әрдайым дастарқанымыздан көкөніс үзіліп көрген жоқ. Жылыжайымыз шағын болғандықтан, оған келінім Несіпкүл екеуміз қарадық. Жылда жақсы өнім аламыз. Мұны еріккенімнен істеген жоқпын. Бір жағы ермек болса, бір жағынан немерелеріме қалай табыс табуға болатынын іс жүзінде көрсеткім келді. Кішкентай жерді баптап, тер төксең, жер-ана да саған мол ризық сыйлайтындығын, бәрі де еңбекпен келетіндігін жас ұрпақ санасына сіңіре беру ғой – біздікі.

Тұрсынкүл СҰЛТАНҚҰЛОВА, зейнеткер-кәсіпкер.

Т.Рысқұлов ауданы.