Швецияда чемпион атанған Оксана
Швецияда чемпион атанған Оксана
Біздің облыстың қол күрес шеберлері әлемдік аламандарда жасындай жарқырап, жеңісті жорықты жалғастырып жүргені баршаға мәлім. Содан да болса керек, жамбылдық армрестлинг шеберлері еліміздегі ең мықты мектептің өкілдері саналады. Оксана Писменная 17 жасынан бастап, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі аламандарда атой салды. Қол күресімен 5 жылдан бері кәсіби түрде шұғылданады. 2015 жылғы әлем чемпионатында төртінші орынға табан тіреген Оксана араға бір жыл салып, жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда Оксана Болгарияда, Венгрияда, Ресей Федерациясында, Швецияда және Түркияда өткен әлем чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде алтын жүлдеге қол жеткізді. Жақында Швецияның Эскельстуна қаласында халықаралық «Golden Arm» атты шын шеберлер сынға түскен дода ұйымдастырылды. Аталмыш жарыста Оксана І орынға ие болды. Спортшының айтуынша, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виталий Трубин Оксананың осынау жетістіктерінің негізін салған. – Ол мені қашанда жігерлендіріп, жаңа белестерді бағындыруыма күш салады. Әрдайым жеңіске жетуім үшін барынша қолұшын беріп, психологиялық тұрғыдан көп көмектеседі, – дейді Оксана бапкері жайлы толғанып. Кейіпкеріміз Оксана Писменная қазіргі кезде М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-да білім нәрімен сусындап жүр. Жасөспірімдерді жеңісті жорықтарға дайындауға да атсалысуда. Спорттық іс-шаралардың басы-қасынан табылып жүретін Оксанаға бәріміз ризамыз, еңбекқорлығына тәнті боламыз. Әлем чемпионы Оксана Писменная армрестлингпен шұғылдану үшін бізде барлық тараптан қолдау бар екенін айтып жүр. Жас спортшының бағындырар белесі мен шығар биігі әлі алда екеніне сенімдіміз. Жанар БЕКБЕРГЕНОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.