Білім

Белсенді өмір – ұзақ жасау кепілі

Белсенді өмір – ұзақ жасау кепілі

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері енді ғимаратта жаңадан ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап өзара әңгіме дүкен құру үшін бас қоса алады. Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесі өткізген баспасөз мәслихатында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков айтып өтті. Елбасымыз атап көрсеткендей, тұрғындардың өмір сүрудің ұзақтығын 72-ден 76 жасқа дейін ұзарту қажет. Біздің өңірде бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының ықпалы зор. Мұндай орталық бірқатар облыстарда ашылыпты. Ақсақалдар қоғамдық істерге неғұрлым араласып, белсенді болған сайын, соғұрлым сергек болатынын уақыт дәлелдеп отыр. С.Жорабековтің айтуынша, облыста 125 мың зейнеткер болса, оның 45 мыңы Тараз қаласында. Сондықтан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын Тараздың шалғай, шеткі шағын аудандарынан ашып, сол аумақтағы қарттарды өмірге сергек қарауға шақырғанның пайдасы мол. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сайлаухан Ашанов «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарында «Қазақша сөйлейік» атты тіл үйрену курстарын, психология, құқықтану және медиация кабинеттерін, қариялардың қызығушылығына байланысты клубтар ашу маңызды дейді. Мұндай орталық ашуға аудандық және бастауыш ардагерлер ұйымдары да тартылып отыр екен. Жиында «Ардагерлер» клубы жетекшісінің орынбасары Венера Жабасова мұндай қоғамдық іске тоқымашы, тігінші, өнерлі әжелерді де белсенді түрде тарту қажет екенін айтады.

 

Есет ДОСАЛЫ