Саясат

Бағыт-бағдарымыз айқын

Бағыт-бағдарымыз айқын

«Nur Otan» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай Астана қаласында өткен партияның XVIII съезіне біздің өңірімізден 70 делегат барды. Жалпы бұл жиыннан жұрттың көп нәрсе күткені жасырын емес. Алдағы онжылдықтың межесі белгіленген партияның жаңа бағдарламасында шын мәнісінде елдің әлеуметтік ахуалына ықпал ететін мәселелер көрініс тапты. Съезде мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның өткен 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, елімізде болған барлық оң өзгерістердегі «Nur Otan» партиясының рөлін ерекше атап өтті. Азаматтардың тұрмыс сапасы артса, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да нығая түсетіні анық. Себебі мемлекеттің басты капиталы – халқы. Ел-жұртының әл-ахуалы жақсарса, даму көрсеткіштеріміз де тұрақты болмақ. Елбасы атап көрсеткендей, жүргізіліп жатқан реформаның нәтижесін әрбір отбасы алыс болашақта емес, дәл бүгіннен бастап сезінуі тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысы көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейтуді тапсырды. Дерекке жүгінсек, қазіргі кезде елімізде шамамен 340 мың отбасының төрт және одан көп баласы бар. Балалы отбасыларды қолдауға жыл сайын 500 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінеді. Бірақ олардың отбасылық табыс деңгейі әртүрлі. Сол себепті мемлекет бірінші кезекте табысы төмен көп балалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытады. «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруды көздейді. Алдағы онжылдықтағы он міндеттің бірі – Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Президент съезде сөйлеген сөзінде әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталып, оны іске асыруға әрбір партия мүшесі белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті. Съезде қаралған мәселелердің бірі партияның белгісіне, яғни логотипіне қатысты болды. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты партияның мемлекеттік тілдегі атауында латын қаріптері қолданылатын болды. Ұсынылған жаңа логотиптегі күннің сәулесі де 17-ге жеткізілді. Партияның латын әліпбиінде жазылған атауын партия Төрағасының өз қолымен жазғанын да ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ съезде партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Кеңес пен комиссия жұмыстарының қорытынды есептері қабылданды. Съезде алдағы мақсаттар айқындалып, нақты жоспар түзілді. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор. Ал «Nur Otan» партиясының міндеті – Мемлекет басшысының саясатына қолдау көрсетіп, халықтың игілігіне бағытталған жұмыстарды жандандыра түсу. Шолпан БАЙТАҚОВА, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, партияның кезекті XVIII съезінің делегаты.

Байзақ ауданы.