Саясат

Қазақ халқына мың алғыс

Қазақ халқына мың алғыс

Бұл – ізгілік мерекесі ғана емес, өткенді қайта ой елегінен өткізетін, сонысына қарай тағылымдық мәні ерекше күн. Қазақ жерін мекен еткен ұлт пен ұлысты өзара жақындастыра түсетін де – осы бір ұқсас тағдыры ма дерсіз. Қалай десек те олар тағдырдың теперішін көріп, жат елге келгенімен, жатсынбайтын бауыр, дос тапқанына риза. Алғыс айту күніне орай Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткізілген мерекелік шараға жиналған түрлі этнос өкілдері осыны айтты. Халқымыздың бірлігін одан әрі нығайтуға ықпал ету, этникалық топтардың мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау, этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіруді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ауқымды шара ұйымдастырыпты. «Қазақ халқына мың алғыс!» атауымен өткізілген мерекелік салтанатқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. – Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күні – 1 наурызды Алғыс айту күні деп атап өтуді ұсынды. Қоғамның ең басты құндылығы – тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін осы мерекені барынша жоғары деңгейде өткізу қажет. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл елдің бір-біріне деген достығының жарқын мерекесі. Халқымыз алғыс, бата алуға үлкен мән берген. Ендеше, осындай күнді пайдалана отырып, айналамыздағы мұқтаж жандарға қол ұшын созып, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға аз да болса, көмек көрсетуге ұмтылайық, – дей келе Бекболат Серікбекұлы барша жұртты мерекемен құттықтады. Расында бұл мереке – барлық қазақстандықтар үшін қайырымдылықтың, достық пен бірліктің жарқын символы іспетті. Алғыс айту күні – Қазақстанда бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құруының айғағы. Елбасының сындарлы саясатының арқасында елімізде жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі қалыптасты, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы оның арқауына айналды. Мерекелік шараны өткізуге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстағы этномәдени бірлестіктердің басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың және Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпақтары және тағы басқалар атсалысты. Келушілер «Достық» үйінің бірінші қабатындағы фойедегі «Өмір ағашына» тілектерін жазып іліп жатты. Ал қайырымды жандар «Жүрек» инсталляциясындағы денсаулық жағдайына байланысты қаражатқа мұқтаж жандарға көмектесуге ұмтылды. Бұл күні М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасының оқытушылары дайындаған этникалық стильдегі заманауи қазақы киімдерден дефиле ұйымдастырылды. Сән көрсетілімімен бірге қалалық, облыстық қолөнер және қылқалам шеберлерінің туындыларынан көрме ұйымдастырылды. «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі театрландырылған қойылымды сахналады. Мерекелік концертте «Нұр-Шашу»,«Үкілім», «Тохуар» , «Юлдузча» және «Дэймакх Stayle» би ансамблдері, «Асыл ана», «Калинка», «Маричка» вокалдық ансамбльдері және Нұрай Ғаниқызы, Болатбек Мухраб, Ақбота Қосақбаева, Замир Әуелбеков, Элдана Әсетова және «Самульнори» барабаншылары мен дарынды балалары өнер көрсетті. Осы шарада облыстық ассамблея мүшесінің Тараз қаласының тұрғыны, көп балалы ана Г.Мырзахметоваға пәтер сыйлағаны, «Мейірімділікпен бірлікке!» қайырымдылық науқаны аясында «Сарқыт» акциясы, Қордай ауданы Масаншы ауылында «Қазақ халқына алғыс» ескерткішіне және Сортөбе ауылындағы «Ноғайбай би» стеласына гүл шоқтарын қою рәсімдері бейнеролик арқылы көрсетіліп тұрды. Сондай-ақ бұл күні орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық соттың төрағалары, әділет органдарының өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар және Билер, Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің мүшелері тұрғындарға кеңес берді.

Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметі.