Мақсат – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру
Мақсат – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру
Кеше облыстық әкімдікте Мемлекет басшысының «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасы бойынша жиын өтті. Оған барлық басқарма басшылары және селекторлық режімде аудан әкімдері қатысты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен басқосуда Астанадағы «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде қабылданған жаңа құжат аясында өңірде атқарылатын іс-шаралар жоспары түзілді. Асқар Исабекұлы жаңа бағдарламаның маңыздылығын атап өтіп, басты мақсат – халықтың тұрмыс деңгейін арттыру екендігін баса айтты. Өңір басшысы алдымен моноқалаларды дамыту, тұрғын үй құрылысы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ облыстағы көп балалы отбасылардың дерекқорын қайта түгендеу керектігі айтылды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 44 мың көп балалы және 14852 аз қамтамасыз етілген отбасы бар. Дегенмен Асқар Мырзахметов бұл цифрды қайта нақтылау керектігін ескертті. Бұған дейін Тараз қаласы бойынша 11 арнайы топ құрылып, қаладағы барлық 4620 отбасын түгелдей аралап шыққан. Дәл осындай түгендеу жұмыстары аудандар мен ауылда да мұқият жүргізілуі қажет. Өңір басшысы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 70 пайызы ауылды жерлерде тұратынын ескеріп, әлеуметтік жәрдемақыдан бөлек, оларды жұмыспен қамту шараларына барынша тарту қажеттігін атап өтті. Елбасы тапсырмасына сәйкес ауылдарды дамыту, болашағы бар ауылдарды іріктеу бойынша да нақты жұмыстар қолға алынбады. Оны әр ауылдық округтен бір-бір ауыл шаруашылық кооперативтерін құрудан бастау керек. Бұл бағытта аз ақша бөлініп отырған жоқ. Тек аудан әкімдері үйлестіру жұмыстарын ширатса болғаны. Сондай-ақ жиында Елбасы бағдарламасындағы тұрғындарды таза ауызсу, кең ауқымды газдандыру, сапалы денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жандандыру бағытындағы тапсырмаларды орындау шаралары да жан-жақты қаузалды. Айта кету керек, бұл бағыттардағы жұмыстарды жүйелеу облыста өткен жылдан-ақ қолға алынғаны белгілі. Нәтижесінде былтыр ауызсу бойынша 10 нысан пайдалануға берілді. Нақты талдаулардың арқасында ауызсу жүйесіне қосылмай отырған 149 мың тұрғын анықталып, оның 7 мыңы ауызсумен қамтылған болатын. Ал биыл 50 мың тұрғынды қамту жоспарлануда. Ал газдандыруға келетін болсақ, былтыр құны 43 миллиард теңгені құрайтын 84 елді мекенді газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Осы жылы бұл елді мекендерге газ құбыры құрылысын жүргізу жұмыстары бастау алады. Үш жылға жоспарланған бұл жұмыстар іске асқан жағдайда облыстағы газдандыру көрсеткіші 48 пайыздан 70 пайызға артпақ. Сол секілді өткен жылы өңірде 39 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді десек, алдағы бір жарым жылда қалған 60 елді мекен алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандармен толығымен қамтылмақ. Аудан және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс нәтижелілігін арттыру үшін арнайы жүйені бекіту ісі де қолға алынған. Жиында Асқар Исабекұлы партия бағдарламасындағы тапсырмаларды өңір деңгейінде жемісті жүзеге асыру үшін барлық бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігіне тоқталды. Ол үшін есеп-қисап шаралары атқарылып, іс-шаралар жобасы бекітілмек. Өңір басшысы биылғы барлық индикаторлық көрсеткіштерді орындау жолында осы бағытқа айрықша басымдық берілетінін баса айтты.