Саясат

Жұмысшы топтың міндеттері нақтыланды

Жұмысшы топтың міндеттері нақтыланды

облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен облыстың даму әлеуетін, құрылатын жұмыс орындарын анықтайтын жұмыс тобын құру бойынша жиын өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Талғат Момышев баяндама жасап, жұмыс тобының жоспарымен таныстырды.

Айта кету керек, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңның 29-бабына сәйкес және Үкіметтің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды орындау бойынша аталған жұмыс тобын құру көзделген болатын. Ол облыстың әлеуетін, өңірде жаңадан құрылатын жұмыс орындарын анықтайды. Бүгінде облыс әкімінің өкімімен аталмыш жұмысшы топ құрылды. Төрағасы облыс әкімінің орынбасары Талғат Момышев. Төрағаның орынбасары болып облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова, хатшысы болып осы басқарма басшысының орынбасары Надира Жолдасбекова бекітілген. Жиын барысында Гүлдана Әлімжанқызы облыстың 2019-2023 жылдарға арналған перспективалық даму жоспарындағы бағыттарға толығырақ тоқталып өтті. Асқар Исабекұлы басты талап өңірдің экономикасын көтеру, әлеуметтік мәселелерді шешу екендігін баса айтып, әсіресе ауылдық жерлерді дамыту, ондағы жұмыссыздықты жою, шағын кәсіпорындар ашу секілді шараларды қолға алу керектігін баса айтты. Сондай-ақ өңір басшысы жұмыс тобының барлық мүшесінің әлеуетін толық пайдаланып, даму жоспарындағы әдістемелерді нақты әрі қажетті дүниелерге бағыттаудың маңыздылығын алға тартты.