Қоғам

САЛТЫ ЖАҚСЫНЫҢ – ХАЛҚЫ ЖАҚСЫ

САЛТЫ ЖАҚСЫНЫҢ – ХАЛҚЫ ЖАҚСЫ

Кісіге қолұшын созып, қиналғанға жәрдем беру, жалпы қайырымдылық – қазақы болмысымызға тән қасиеттер. Көрші ақысын, тәңір ақысына балайтын кең пейіліміз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үлкен адамгершілік деп санайтын толерантты мінез ата-салтымыз арқылы біздің қанымызға сіңген. Қазақтың ежелгі салттары мен Ислам шариғат талаптарын негіз ете отырып құрылған «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Тәукеханның жеті жарғысы» атты заң жинақтары ел тыныштығын сақтауда, өзара қоғамдық қатынаста үлкен міндеттер атқарып келгені мәлім. Осы арқылы хандықтың саяси, шаруашылық әрі әлеуметтік мәселелері тиянақты шешілген. Бүгінгі тәуелсіз зайырлы мемлекетімізде де салт-дәстүріміздің елдің ішкі тұрақтылығын сақтауға тигізіп отырған ықпалы зор. Салт-дәстүріміз қоғамдық сана қалыптастыруда ағарту саясатының бірегей құралы ретінде пайдаланылуда. Бұған бір шаңырақтың астына көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерін топтастырған, Елбасының өзі құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы айшықты мысал бола алады. Алайда көпшілік «зайырлы» және «дәстүр» терминдерінің ара-жігін ажырата бермейді. Құран арабша жазылғандықтан, қазақ елі Ислам дінін қабылдағанда көптеген араб сөздері тілдік қолданысқа енді. Мысалы: кітап, қалам, дәптер, саясат, зайыр, дәстүр, тағы сол сияқты. Зайыр, (заһир) – ашық, айқын, көрнекті деген мағына береді. Сондықтан біздің зайырлы Қазақстан – саясатта, эканомикада, мәдениетте тағы басқа да басқару жүйелерінде шынайы ашық, айқын, көрнекті, жариялы, нағыз халықтық мемлекет. Дәстүр арабша (дастур) – заң, ереже, талап, Конституция деген мағына береді. Исламның шариғат талаптарын мемлекеттік құрылымға негіз етіп алған мемлекеттерде Конституция – «дастур» деп аталады. Яғни бұл дін талаптарының жиынтығы, шариғат талаптарының орындалу кепілі, беделі дегенді білдіреді. Кеңестік кезеңде дінінен айырылған халыққа «дәстүр» сөзін ұмыттыру мақсатында атеист ғалымдар ол сөзді «салт» сөзіне тіркеп, «салт-дәстүр» тіркесі пайда болды. Ақиқатында, салт – қазақтың төл мәдениеті, қазақтың тұлғасы, шынайы бейнесі еді. Басқа ұлттар біздің салтымызға қарап, қазақ екенімізді жазбай танитын. Уақыт өте келе «салт» сөзін «дәстүр» сөзі ығыстырып, тілдік қолданысқа түбегейлі бекіп қалды. Қазір енді «Дәстүрлі ән, дәстүрлі би, дәстүрлі той, дәстүрлі жиын, дәстүрлі сөз» деп айта беретін болдық. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы – қоғам тыныштығына тікелей байланысты. Сондықтан бірлігімізді бекемдей түсетін шараларды пәрменді жүргізу – күн тәртібінен түспек емес. Сонымен қатар көпшілік санасында салт пен дәстүрдің қоғамдағы орыны жайлы тиянақты түсінік қалыптастыруымыз қажет. Дана халқымыз «Салты жақсының – халқы жақсы» деп бекер айтпаса керек. Жақсы салт қана заманына сай қоғамдық сана қалыптастыра алған ғой. Салт – қоғамдық сана негізі болса, дәстүр – сол негіздің рухы. Салт – қоғамның жалпы көрінісі, бейнесі болса, дәстүр – сол қоғамның жаны, жүрегі. Сондықтан екі ұғымды «Ұлттық салт», «Діни дәстүр» деп бөліп қарауға тиіспіз. Өйткені салт әр ұлыстың өздеріне тән болған ерекшеліктерді ашып көрсетуші. Ал діни дәстүрлер арқылы олардың рухани сенімі анықталған.

Қуанышбек Әлішерұлы, «Муслин» қоғамдық қорының төрағасы.