Әлеумет

Жамбылым, жерұйығым, жәннат төрім

Жамбылым, жерұйығым, жәннат төрім

Қазыналы қарияның жасы – сексеннің сеңгірінен көрініп, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының даму қарқыны жағынан дүйім елге танылған, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың атындағы облысымыздың өткен тарихын зерделеп, ой таразысына салып көрейік. Өңіріміз өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, әкімшілік-аумақтық құрылымға айналғанға дейін, қазан төңкерісінен кейінгі азамат соғысы туғызған аласапыранды, ұжымдастыру және дәулетті адамдардың мал-мүлкін тәркілеу сияқты зобалаң науқандарды көрді. Қолдан жасалған ашаршылық зұлматын, сондай-ақ елдің бетке ұстар азаматтарының біразын мерт еткен, ал кейбіреулерін темір тордың аржағынан телміруге мәжбүрлеген саяси қуғын-сүргіннің зардаптарын бастан кешті. Соның салдарынан жұртшылық үнемі үрей құшағында әбігерленіп, алмағайып сәттердің уысында болғандығын, әлеуметтік мәселелерінің шешімі табылмай келгендігін пайымдауға болады. Мұрағат деректері тек 1939 жылы аумағымыздың қазіргі Түрікстан және Алматы облыстарынан енші алып, облыс болып құрылуының нәтижесінде ғана өңірде жаңа әлеуетті өндірістік қуаттардың іске қосылып, экономикасы нығайғандығын, халықтың әл-ауқатының жақсара бастағандығын айғақтайды. Міне, осылай ес жиып, еңсесін тіктеген ел-жұрт гитлершіл басқыншылар отанымыздың батыс шекарасына баса-көктей енген кезде, қолдарына қару алып, ел қорғауға аттанды. Сол тұста небәрі 400 мыңға жетер-жетпес қана тұрғыны бар облыс азаматтарының әрбір тоғызыншысы ел тағдыры шешілген Мәскеу, Сталинград түбіндегі, Курск-Орел бағытындағы, Днепрден өту кезіндегі, Украина мен Белоруссияны және Прибалтиканы, Польша мен Чехословакия сияқты елдерді азат ету барысындағы, жау өз апанында тұншықтырылған Пруссияны, Берлинді алу үшін болған жан алысып, жан беріскен шайқастарда фашистерді талқандауға атсалысты. Ал тыл еңбеккерлерінің майдандағы жауынгерлерді азық-түлікпен, жылы киіммен қамтамасыз етіп, жеңістің жақындай түсуіне сүбелі үлес қосқандығы белгілі. Жерлестеріміздің арасынан жиырма жауынгердің Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны, жеті бірдей жерлесіміздің «Даңқ» орденінің толық иегері атанғандығы, жанқиярлық ерлігі үшін сан мыңдаған офицерлер мен жауынгерлердің КСРО-ның ордендері және медальдарымен марапатталғандығы – соның айғағы. Ал төрт жылға жуық мерзімге созылған сұрапыл соғыста қолбасшылық өнерімен танылып, тактикалық мәні бар шайқастарға толып жатқан жаңалықтар енгізген, ойлы да отты сөздерімен майдангерлерді қанаттандырып, ерлікке жігерлендіріп отырған Бауыржан Момышұлының ерлік істерінің батырдың көзі тірі кезінде-ақ, оны аңызға айналдырғаны өз алдына бөлек әңгіме. Жасампаз Жамбыл жұртшылығының соғыстан кейінгі кезеңде халық шаруашылығын қалпына келтіру, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын одан әрі дамытып-өркендету, мәдениетін көтеру, жалпы жамбылдықтардың әлеуметтік әлеуетін арттыру ісінде де жүктелген міндет үдесінен шыға білгендігін айта кеткен ләзім. Айналасы 20-25 жылдың аралығында аумақта химия алыптары бой көтерді. Жергілікті өнеркәсіптің жұмысы жолға қойылды. Қант қызылшасы мен тауарлы-сүт кластері қалыптасты. Егіншілік пен мал шаруашылығы дамыды. Халық саны өсіп, жасыл желекпен көмкерілген елді мекендер көбейді. Соның бір нақтылы дәлелі ретінде, ширек ғасырға жуық мерзім ішінде аумақта облыс орталығынан өзге Шу, Қаратау, Жаңатас қалалары мен 377 ауылдың бой көтергендігін, облыста өндірілген жалпы ішкі өнім көлемінің Ұлы Отан соғысының алдындағы жылдармен салыстырғанда әлденеше есе артқандығын айтсақ та жеткілікті. Әрі бұл игі іске, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған шопан Жазылбек Қуанышбаев, Социалистік Еңбек Ерлері, шаруашылық басшылары Әбдір Сағынтаев, Александр Нахманович, қызылшашылар Сындыбала Оңғарбаева мен Дариға Жантоқова және Мәрзия Ибрагимова, көкөніс өсіруші Тамдыбала Жамбылова, сауыншы Елена Свинковская, химия өнеркәсібінің үздігі Сартай Есімханов, құрылысшы Петр Гончаров және басқа да еңбек үдерісінің көшбасшылары – еңбек батырлары бастаған алдыңғы толқын – аға ұрпақтың қосқан үлесі қомақты. Міне осы орайда, облысымызда қант қызылшасын, қаракөл және биязы жүнді арқар-меринос қойларын өсіруге маманданған шаруашылықтар санының артуына, аса әлеуетті химия кәсіпорындарының іске қосылуына, мәдениетінің гүлденуіне, халқының тұрмысы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына өңірімізде туып-өсіп, аумақтағы әрқилы деңгейдегі басшылық қызметтерде болған Асанбай Асқаровтың, Айтбай Назарбековтің, Мұқан Атабаевтың, Алексей Овсянниковтің, Лидия Ахметованың, Тілеуқабыл Төребековтің, Арыстан Өтеулиннің, Сейілхан Аққозиевтің, Өтеулі Досыбиевтің, Рахман Медеуловтің, Махмұт Ашировтің, Галина Адаменконың, Төребай Ақбозовтың, Жапар Түйебековтің және басқа да жүздеген азаматтардың ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлік қасиеттерімен ұйытқы бола білгендігі мәлім. Десек те өңіріміздің шын мәнінде өркендеп гүлденуі, экономикасының даму қарқыны жағынан Орта Азия мемлекеттері арасында көшбасшы елге айналуы еліміздің тәуелсіздігін жариялап, егемендігін алған жылдардан бастау алғанын атап өткен жөн. Тәуелсіздіктің өткен 28 жылында еліміздегі, соның санатында облысымыздағы билік тармақтарының орны мен атқаратын рөлі айқындалды, міндеттері нақтыланды. Құқықтық базасы нығайды. Қорғаныс қабілеті артты. Көрші мемлекеттермен арадағы шекарасы бекемделді. Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделі артып, ЕҚЫҰ, Ислам конференциясы сияқты белді ұйымдарға, БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырыстарына төрағалық етті. Бүкіл еліміздегідей облысымыздың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласында да заманауи сұраныстағы жаңа өнім түрлері өндіріліп, қаржы-экономикалық жағынан әлеуеттене бастады. Облысымызда республикада алғашқы болып, жел және күн энергиясын өндіру ісі қолға алынды. Фосфор химия саласы бойынша «Қазфосфат» ЖШС мен жалпы құны 2,4 миллиард долларды құрайтын ірі жобаларды жүзеге асыруға кіріскен Ресейдің «ЕвроХим» минералдық-химиялық компаниясы өндіріске қажетті өнім шығаратын жаңа қуаттарды іске қосты. Сол үшін кемел басшы, іскер ұйымдастырушы, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров еліміздің ең жоғары марапаты – Қазақстанның Еңбек ері атағына ие болып, оған Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені қоса тапсырылды. Сондай-ақ халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие, аса бағалы металл алтын өндіруге қатысты Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында жаңа кеніштерді игеру жолға қойылғандығын атап өткен жөн. Аумақтағы мүлдем жаңа сала – металлургияны дамытуда да алғашқы қадамдар жасалды. Егіншілік пен мал шаруашылығында өнімділігі жоғары сұрыпты дақылдар мен асыл тұқымды мал басының үлес салмағы арту үстінде. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға кеңінен жол ашылды. Бұл ретте кәсіпкерлікпен айналысып, егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытудағы жеткен жетістіктері мен қайырымдылық акциялары үшін Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаевтың облыста екінші болып Қазақстанның Еңбек ері атағын иеленгендігін айта кеткен ләзім. Әлеуметтік тұрмыста аса маңызды рөл атқаратын елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету ісі де қарқын алуда. Сол сияқты өткен жылдан бергі аралықта осыған дейін өңірімізде шешімі табылмай келген туризм индустриясын аяғынан тік тұрғызу мәселесіне де айрықша назар аударылуда. Облыс өмірінің күнделікті тыныс-тіршілігінде ақпараттық технологияның жетістіктері мен мүмкіндіктерін кеңінен қолданысқа енгізу ісі де игі үрдіске айналуда. Соның нәтижесінде өткен 2018 жылдың қорытындысында облыс өнеркәсібінде өндірілген өнімнің көлемі 396,2 миллиард теңгені, ауыл шаруашылығында – 264,8, шағын және орта кәсіпкерлікте – 321,3 миллиард теңгені құрады. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 482,3 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Облыстағы 377 елді мекеннің 48 пайызын газдандыруға қол жеткізілді. Өңірімізге келген туристер саны өткен жылы 84917-ге жетіп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 10,9 пайызға артты. Аумақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін төмендеді. Аумақта бұдан өзге тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, қоғамымызда салауатты өмір салтын қалыптастыру, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі аспектілерін тиімді жүзеге асыру сияқты кешенді жұмыс шараларын іске асыруда да оң өзгерістер байқалуда. Ашығын айту керек, өңір экономикасының өркендеуіне, руханият мәселелерінің шешілуіне, кейінгі буын – жастардың отансүйгіштік рухында тәрбиеленуіне бүгінде облыс тұрғындарының 9 пайыздан астамын құрап отырған ардагерлер қауымы да өзіндік үлесін қосуда. Олардың бір парасы зейнет демалысына шықтым деп, қол қусырып қарап отырмай, кәсіпкерліктің сан түрімен айналысуда. Мәселен, бүгінде облыс орталығына іргелес жатқан Жамбыл ауданындағы 4684 шағын және орта кәсіпкерлік нысанының оннан біріне жуығының жұмысын ардагерлер жүргізіп отыр. Олардың 247-сі егін шаруашылығымен, 21-і мал өсірумен, 4-еуі азық-түлік және шаруашылық тауарларын сатумен, 4-еуі халыққа тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысуда. Ал 15 кәсіпкер егіншілік және мал шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастырып жүргізуді қатар алып келеді. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңдағы кәсіпкер ең алдымен өз кәсібінен еселенген қайтарым алу үшін, қолынан келгенінше иелігіндегі өндірістің базалық мүмкіндіктерін барынша ұлғайтуға, техникалық әлеуетін арттыруға әрі мемлекет пен қаржы институттарының аумақтағы филиалдарының тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауды тиімді пайдалануға күш салады. Міне, осындай ұстаныммен шаруашылық ісін жүргізіп, табыс тұғырынан табылып келе жатқан Меркі ауданындағы алмадан мол өнім алуға мүмкіндік беретін интенсивті бақ өсірумен айналысатын шаруа қожалығының иесі, еңбек ардагері Совет Қалманбетовті, 120-дан астам адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған «Жылы бұлақ-Меркі» ЖШС-ның төрағасы, еңбек ардагері Аманжол Акетаевты, Тараз қаласындағы сүт өнімдерін өңдеу және өткерумен айналысатын «Галеника» ЖШС-ның төрайымы, белгілі кәсіпкер Қатира Аққұлиеваны атап өтуге болады. Облыста құрылыс ісінің кең өріс алуына ұйытқы болып жүрген «Бином» ЖШС-ның бас директоры Серік Олжабаевтың, құрылыс материалдарын шығаратын жекеменшік кәсіпорынның иесі, қайырымдылық шараларымен Қазақстанға танымал болған белгілі меценат-кәсіпкер, есімі республикамыздағы 100 жаңа есімнің қатарында аталған Сембек Сейдәзімовтың, қоғамдық көлік саласының жұмысын жолға қоюға атсалысып жүрген кәсіпкерлер Мәмбет Күшікбаев пен Дмитрий Ильичевтың, облыс орталығы тұрғындарын жаңа технология негізінде өңделген қымызбен қамтамасыз етіп отырған Дүйсенбек Ыбыналиевтың атқарып жүрген жұмыстары өзгелерге үлгі. Сондай-ақ Тараз қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен мектептерді, сол сияқты мектепке дейінгі мекемелерді арнайы жиһаздармен, лингафон кабинеттері және зертхана жабдықтарымен қамтамасыз етіп келген «Айша» ЖШС басшысы Людмила Сушкованың, татымды тағамдарымен аты шыққан «Бобур» жеке кәсіпкерлігінің иесі Тоқтасын Закировтың, төрт түлік мал өсіріп, егін егіп, азық-түлік өнімдерін өндіруде Мойынқұм өңірінің жұртшылығына өнеге көрсетіп келе жатқан «Мерей» шаруа қожалығының иесі, мойынқұмдық Несіпбай Еселбаевтың және басқа да жүздеген өзге ардагер-кәсіпкерлердің игілікті істерінен жастар өнеге алады. Уақыт тынысына байланысты жұршылық тарапынан туындаған заманауи сұраныстарға орай, облыс аумағында кейінгі жылдары ардагерлер арасында кәсіпкерліктің әлеуметтік және құқықтық мәні бар жаңа түрлерімен айналысушылар қалыптасып, жұмыстарын өрістетуде. Бұл ретте, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанған жандардың дертіне дауа тауып, алғысына бөленіп жүрген белгілі кардиохирург, кардиолог дәрігерлер Сейітхан Жошыбаевтың, Анархан Әзімхановтың, мейманхана-мейрамхана бизнесін дамытып, гүлдендіріп жатқан Марите Абиль Паттаның, би өнерінің небір саңлақтарын баулып, шеберлігін шыңдаған хореография ісінің хас маманы Светлана Төребекованың еңбегін атап өткен орынды болар. Әділет іздеген талай адамның құқын төрелік айтқан сот үдерістерінде қорғап, өздерін білікті заңгер ретінде танытқан адвокаттар: құландық Тоқтаған Ахметов пен тараздық Асқар Қуандықов бар. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел тағдыры шешілген оннан астам сұрапыл шайқасқа қатысып, ерлікпен қаза болған 6500 жауынгердің дерегін анықтап, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» жинағына ұсынған, Мәскеуде өткен іздеушілердің халықаралық форумында Шығыс Еуропаны азат етуге қатысқан жамбылдық жауынгерлердің деректерін жариялаған, бұдан өзге даңқты Брест қамалын қорғауға қатысқан 33-ші инженерлік полк құрамында соғысқан 84 жамбылдық жауынгердің, Ленинград облысында қаза болған 500-ден астам жамбылдықтардың деректелуін қамтамасыз еткен Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әли Бекқұлының және басқалардың есімдері елге танымал болуда. Кезінде облысымыздағы өнеркәсіп орындарында, ауыл шаруашылығы құрылымдарында, білім ордаларында басшылық қызметте болып, зейнет демалысына шыққан еңбек ардагерлерінің бірқатары, бүгінде еліміздің экономикасын әлеуеттендіретін, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға ықпал ететін республикамыздың индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы ірі жобаларға қатысып, нәтижеге жетуде. Солардың санатында Еркебұлан Мырзағалиев директорлар кеңесінің мүшесі ретінде «Еврохим Удобрение» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Минералдық тыңайтқыштарды өндіру химия зауытының құрылысы» жобасының жүзеге асырылуына бас болуда. Ал «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Халит Базаралиев болса, екі бірдей инвестициялық жобаны іске қосып отыр. Сол сияқты, кезінде Бақтияр Алдашов басқарған «ТаласИнвестКомпани» ЖШС Талас ауданында натрий цианидін өндіретін зауыттың жұмысын жолға қойды. Санамалай берсек ардагерлеріміздің араласумен қолға алынған және тиісті нәтиже әкелген мұндай кесек тірліктер облыс аумағында баршылық. Ардагерлер арасында ұлтымызға тән құсбегілік, атбегілік өнері сияқты ұлттық рухани құндылықтарымызды ұлықтап, кәсіпкерлік деңгейіне дейін көтерген қарияларымыз да аз емес. Солардың қатарында қыран құстардың бабын келтіріп, саятшылық өнерінің қайта жандандыруды бастамашылық танытқандардың көшбасшысы болған, есімі «Гиннес» рекордтар кітабына енгізілген мойынқұмдық Жапар Сатылғановты, Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы Бауыржан Ешметовті айтуға болады. Ал асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысып, небір аламан бәйгелерде баптап қосқан сәйгүліктері топ жарып, олжа салған атбегі-кәсіпкерлер – Тұрар Рысқұлов ауданынан көкдөнендік Әлімхан Мақұлбековті, Жамбыл ауданынан ерназарлық Әзімхан Жарылқаповты, қордайлық атбегілер Бақыт Байтөлені, Ердос Айтбаевты, Батырхан Рысбековті атай аламыз. Сондай-ақ ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары шебері Қырғызбай Қаңтарбаевтың ізін қуған қолөнершілер Жанат Керімбаев, Есен Есетов, Алмагүл Сапақова, Ақерке Қосаметова сонау сақ, ғұн, үйсін мәдениетінен бастау алатын әдіс-тәсілдердің негізінде күмісті, былғарыны, киізді пайдаланып, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасау шеберліктерін паш етуде. Ал кәсіпкер Туғанай Жолақова болса халқымыздың ұлттық киімдері мен киіз үй және ұлттық орнаменттермен айшықталған киіз үй жабдықтарын шығаруды жолға қойып отыр. Саралап шықсақ ұлттық құндылықтарымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде кеңінен көрініс табуына ұйытқы болып жүрген осындай жекелеген бастама иелері де, олардың жолын қуып, ағаштан, темiрден түйiн түйетін, жүн мен теріден көздiң жауын алатындай бұйым жасайтын, асыл тастардан сән бұйымдарын соғатын, сүйек пен мүйiзден қиыннан қиыстырып өрнек салатын, ұзатылатын бойжеткендерге арнап қыз жасауын жабдықтайтын шәкірттері де ел арасында аз емес. Міне, сондай бірен-саран болса да бірегейлік танытып жүрген қас шеберлерiмiздi жас ұрпаққа насихаттап, үлгі-өнеге етіп ұсынуға әрі осынау жалқы көріністердің жалпылама сипат алуына қозғау салып, қолдау көрсетуге қажетті күш-қуат ардагерлеріміздің бойынан табылатындығына, табылып та жүргендігіне сеніміміз кәміл. Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.