Тәрбие берудің озық тәжірибесі
Тәрбие берудің озық тәжірибесі
Оңтүстік Кореядағы Сонгок мектебінің мамандарынан қазақстандық мұғалімдердің үйренері көп. Олардың тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастырудың тәжірибесі ерекше. Содан болар корейлік әріптестердің үш күнге созылған шеберлік сыныптарына қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпіріндегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагог-кітапханашылары, кураторлары мен тәрбиешілері Таразға ағылды. «Оқушылардың бойында ғылыми шығармашылық және адамгершілік принциптерді дамыту» тақырыбында өткен семинарды Сонгоктың халықаралық дәрежедегі И Док Чу, Хан Хё Чжон және Ким Сын Хи сынды сарапшылары өткізді. «Біздің топ тиімді тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістерімен бөлісті. Сондай-ақ кітапхана ісінің үздік әдістемелері мен тәжірибесін де таратуға мүдделі. Өйткені Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогтарының белсенділігі өте жоғары екен», – дейді Хан Хё Чжон. Семинар негізінен «Кітап оқу және талқылау арқылы тәрбие жұмысын жүргізу», «Белсенді іс-шаралар арқылы тәрбие жұмысын жүргізу» және «Әріптестер арасында қарым-қатынасты нығайту арқылы оқыту» сияқты 3 тақырыпты қамтыды. Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ кітапханашылар мен кураторлардың бірлескен жұмысын әрі қарай дамытудың маңызды екенін айтады. Ал семинар қатысушылары бұл шара үздік халықаралық тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік берді дейді. Солардың бірі Көкшетаудағы зияткерлік мектебінің аға педагог-кітапханашысы Ольга Саламахина: «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесінде де педагог-кітапханашылар мен пән мұғалімдерінің оқушы бойында моральдық құндылықтарды қалыптастыруға ең негізгі мәселе ретінде басымдық беріледі. Аталған мектепте жұмыс істеп келе жатқаныма 7 жыл болды. Осы кезеңге дейін бірқатар елдің инновациялары мен әдістерін игердік және оларды өз тәжірибемізде қолданып келеміз. Жалпы өзара тығыз қарым-қатынас жасау әдістері өте тиімді», – дейді. Қазақстандық және корейлік педагогтардың ынтымақтастығы – білім берудің табысты коллаборациясы, яғни әріптестігінің бастамасы боларына сенім мол.
Меруерт ТОҚБЕРГЕНОВА, Тараз қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.