- Advertisement -

Ауыр қылмыстың жазасы да ауыр

346

- Advertisement -

9Елімізде облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттары Елбасының Жарлығына сай 2010 жылдың қаңтар айынан бастап құрылды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 290-2-бабының 1-ші және 2-бөліктерінің талаптарына сай, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді  әрі бұл соттардың соттауына аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады. Еншісін бөлек алғанына бесінші жылдың жүзі болған осы мамандандырылған ауданаралық облыстық  соттың төрағасы Нұрмұхаммат  Абидовпен қоғамда орын алып жатқан аса ауыр қылмыстар төңірегінде сұхбаттасқанды жөн көрдік.

17– Нұрмұхаммат Махаматұлы, ауыр қылмыстардың барлығы сіздерде қаралады ғой, сондықтан облысымызда ауыр қылмыстар азайды деп айтуға бола ма, әлде көбейіп кетті ме?
– Алғаш ашылған жылдан бастап алатын болсақ, 2010 жылы облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне барлығы 184, 2011 жылы 191, 2012 жылы 173, 2013 жылы 161 қылмыстық іс қарауға түссе, биыл алты айда сот өндірісіне келіп түскен қылмыстық істер саны 36-ны құрады. Жоғарыда салыстырмалы түрде келтірілген статистикалық деректерге қарағанда жылдан-жылға ауыр қылмыстар саны азайып келеді деп айтуға болады.
– Соңғы кезде қоғамда баласы әкесін, шешесі баласын өлтірген жағдайлар орын алып, соттарда қаралуда. Алғашқыда мұндай оқиға сұмдық болып көрінсе, қазір ести-ести бұған елдің еті де үйреніп кеткен сияқты. Мұндай қылмыстардың орын алуының басты себебі не? Оның алдын алу үшін не жетіспейді?
– Қылмыс жасаудың себептері әр түрлі болып келеді. Біреулер қылмысты абайсызда жасаса, енді біреулері заңды білмеуден, кейбіреулері қасақана, тағы басқалары арақ пен есірткі заттардың буынан қылмысқа барады. Аса ауыр қылмыстарды қасақана пайдакүнемдік ниетпен жасау фактілері де кездеседі. Алайда, өте ауыр қылмыстардың көп жағдайда ішімдіктердің әсерінен орын алып жатқаны дау туғызбайды. Сіз айтып отырғандай, ет жақындарын қатыгездікпен өлтіру сияқты жантүршігерлік жағдайлардың орын алуына негіз болып отырған фактор – тәрбие мәселесі. Жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен имандылықты, адамгершілік, үлкенді құрметтеу секілді асыл қасиеттерді қалыптастыру үшін, кішкентайынан санасына сіңіру қажет.
Отбасындағы тәрбие жұмысынан кеткен қателіктер, кемшіліктер жиналып келіп, қоғамдағы тәрбиедегі қателіктермен байланысады. Осыған орай, ауыр қылмыстар орын алмауы үшін, елімізде осы санаттағы қылмыстардың жасау себептерін анықтау, жолын кесу бойынша алдын алу және сақтандыру жұмыстары ауқымды түрде атқарылуы қажет.
– Есіңізде қалған және елдің резонансын туғызған атышулы істердің біріне тоқталып өтсеңіз?
– Қоғам тарапынан ерекше қызығушылық туғызған істердің бірі деп Топашевтің ісін айтуға болады. Ел арасында «Шудан шыққан маньяк» деген атау алған 1989 жылы туылған сотталушы Е.Топашев Шу ауданы аумағында ішімдік ішіп алып, адам сенгісіз зұлымдық әрекеттерге барған. Тұрғындардың үйіне басып кіріп, күрек, балта, сүймен сияқты қаруларды пайдаланып, қарақшылық шабуылдар жасаған. Ол өзінің құрбандарын қарт адам, әйел кісі, кішкентай бала деп бөлмей, оларды жазықсыздан аяусыз ұрып-соққан. Сөйтіп, ол екі қарт кісіні өлтірсе, тірі қалған екі әйел өмір бойына мүгедек болып қалды. Зұлымның әйел зорлау, жеке мүлікке қол сұғу сияқты көптеген қылмыстары да бар. Ол өткен жылы жантүршігерлік жауыздық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Топашев сот үкіміне қарсы шағым түсіргенімен, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы оны өзгеріссіз қалдырды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
– Ауыр қылмыстардың өзі бірнешеге бөлінеді. Солардың аражігін тарқатып беріңізші. Сонымен қатар, сотта қаралған істерді санаттарына қарай талқылап өтсеңіз?
– Қылмыстық кодекстің 10-бабына сай, қылмыс санаттары төртке бөлінеді: қылмыстық әрекеттер сипатына және қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және ерекше ауыр қылмыстар болып. 2013 жылы 137 тұлға аса ауыр, 23 тұлға ауыр, 4 тұлға ауырлығы орташа, 6 тұлға онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін тиісті жазасын алды. Биыл алты айда 48 тұлға аса ауыр, 2 тұлға ауыр, 1 тұлға ауырлығы орташа, 1 тұлға онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін сотталған. 2012-2014 жылдар аралығында 328 тұлға аса ауыр санаттағы қылмыс жасаған.
– Ауыр қылмыс пен өте ауыр қылмыстың ерекшелігі заңмен қалай жазаланады? Оларға берілетін жаза да ауыр ғой.
– Әрине, ауыр болады. Қасақана жасалған ауыр қылмыстар үшін ең үлкен жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ал аса ауыр қылмыстар үшін 12 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы беріледі. Алайда, қазіргі уақытта елімізде өлім жазасына мораторий енгізіліп отыр.
– Ал, жаңа Қылмыстық кодекс бойынша мұндай қылмыстарға қолданылатын жазалар қанша­лықты өзгеріске ұшырады?
– Тәуелсіз Қазақстанның қолданыстағы Қылмыстық кодексі еліміздің Конституциясымен танылған жоғары құндылықтар – адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғауға ұмтылысын көрсетеді. Алайда, ол осы уақытқа дейін бірқатар өзгерістерге ұшырады. Демек, уақыт талабына сай жаңа редакцияда дайындалған Қылмыстық кодекстің өзектілігі туындады. Мәселен, қолданыстағы кодекс 393 баптан тұрса, Сенаттан қолдау тапқан жаңа Қылмыстық кодекс 467 баптан тұрады. Осы көрсеткіштің өзі оның қаншалықты өзгергенін көрсетіп тұр. Ол жаңа қылмыстық-құқықтық институттар құру қажеттілігі, қалыптасқан қоғамдық қатынастардың өзгеруі, бұрын белгісіз болған қауіп-қатерлердің туындауы аясында жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Радикалды идеологиялардың таралуына ықпал ететін іс-әрекеттерге қылмыстық сипат беруге орай ұлттық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықты қорғаудың неғұрлым жоғары деңгейі көзделеді. Сонымен қатар «әкімшілік преюдиция» ұғымының кең таралуын да атап кетсек болады. Қоғамға қауіптілік пен жазалануына байланысты құқық бұзушылықтар «теріс қылық» пен «қылмыс» болып бөлінеді. Олар қолданатын шараның өлшемімен ерекшеленеді. Мәселен, теріс қылыққа қолданылатын негізгі жазаларға айып салу, еңбекпен түзеу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе тұтқындау шаралары жатады. Яғни, азаматтар сотталған деп танылмайды. Ал қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар бас бостандығынан айыру мен өлім жазасына тарту арқылы жазаларын өтейтін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Шынар САҒИЕВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support