Алексей Полторанин кінәсін мойындады ма?
Алексей Полторанин кінәсін мойындады ма?
Бірер күн бедерінде Австрияның Зеефельд қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты кезінде қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин қан допингімен ұсталғаны туралы мәлімет тарап кеткен болатын. VADA полицейі (бүкіләлемдік антидопинг агенттігі) жарысқа шығармай қойғаннан бөлек жергілікті заң бойынша спортшы үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігі де айтылған-ды. Соңғы деректерге сенсек, Алексей Полторанин өз кінәсін толық мойындап, бостандыққа шыққан көрінеді. Полтораниннен өзге австралиялық Макс Хауке мен Доминик Бальдауф та допинг қолданды деген күдікпен ұсталған еді. Олар да айыпты екендіктерін мойындаған сыңайлы. Бұған дейін жаттықтырушы Алексей Наконечный: «Ол өз бөлмесінде шәй ішіп отырған-ды. VADA полицейі келді де, спортшыны жарыстан шеттетті. Алайда оған нақты не себеп болғанын білмеймін. Әлбетте, өкінішті», – деп мәлімдеме жасаған-ды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев осы мәселеге қатысты ойымен бөлісті. «Алексей Полторанинмен әзірге сөйлескен жоқпын. Алайда қазіргі кезде оны босатқанынан хабардармын. Сондықтан ол сотталады деп ойламаймын. Әзірге нақты бір пікір айта алмаймын. Онымен сөйлесуіміз керек. Егер Алексей шынымен кінәсін мойындаған болса, онда жазаланады», – дейді ол. Не де болса Полтораниннің мәселесі спортшы елге оралған соң толыққанды зерделенуі тиіс екені талас тудырмайды. Талай байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғаған Алексейдің айыпты екені анықталса, жазадан тыс қалмайтыны анық.