Құқық

Азаматтық істер көбейген

Азаматтық істер көбейген

Жамбыл облыстық соты алты айлық жұмысын қорытындылап, БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляция­лық сот алқасының төрайымы Ғазиза Мұсабекованың айтуынша, алты айда облыс соттарында 1015 тұлғаға қатысты 864 іс, ал аппеляциялық сот алқасында 405 тұлғаға қатысты 352 қылмыстық іс қаралған. Бұл сандар өткен жылмен салыстырғанда біршама төмен. Меншікке қарсы, адам өлтіру бойынша және басқа да санаттар бойынша қаралған істер де азайған. Бір атап өтерлігі, биыл медиаторлардың қатысуымен қаралған істер саны көбейген. Өйткені, мемлекет тарапынан бітімге келу мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Жалпы, өзге аймақтармен салыстырғанда облысымыздың бұл тұрғыда көрсеткіші жақсы. Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Оспан Мамытбеков керісінше, өткен жылмен салыстырғанда азаматтық істердің 3025-ке артқандығын жеткізді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер де тиісті кезеңді алып қарағанда, 856-ға көбейген. «Облыстың бірінші сатылы соттарында медиаторлардың қатысуымен қаралған 115 азаматтық іс өндірістен қысқартылды. Жуырда ғана тәжірибеге енгізілген «Сот медиациясы» жобасы бойынша, Тараз қалалық сотында жеті, облыстық сотта үш азаматтық іс бойынша судья медиаторлар қатысып, олар да қысқартылды», – дейді Оспан Мұсабекұлы. Ауыр қылмыстарды қарайтын облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аталған мерзімде 52 тұлғаға қатысты 42 қылмыстық іс қаралған. Екі тұлғаға қатысты екі қылмыстық іс құзырлы органдарға жіберу үшін облыстық прокуратураға жолданыпты. Бұл Сербия және Тәжікстан мемлекеттерінің азаматтарына қатысты істер. Бір қылмыстық іс бойынша аса ауыр қылмыс жасаған сотталушы емделу үшін психдиспансерге жатқызылған. Аталған соттың төрағасы Нұрмұхамат Абидовтың мәлімдеуінше, өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық істер мен сотталушылардың саны біршама азайған.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».