Тілегіміз біртұтас елміз
Тілегіміз біртұтас елміз
Кешегі алмағайып заманда солақай саясаттың кесірінен жат елге жер ауған түрлі этнос өкілдері Ұлы Даладан жайлы қоныс, бақыт тапты. Ақ пейілді қазақ халқы азып-тозып жеткен қаншама адамды бауырына тартып, барын бөліп беріп, аштықтан аман сақтап қалды. Ал Қазақстаннан басқа республикаға барғандардың күйлі-қуатты, жайлы өмір сүргені некен-саяқ. Дәл осы пейілі үшін біздің қазаққа айтар алғысымыз шексіз. Міне, Қазақстан осылайша бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың құтты қонысы, туып-өскен Отанына айналды. Жалпы, депортациялау науқанының XX ғасырдың 30-жылдары мен 50-ші жылдарының басында жүргізілгені тарихтан белгілі. Бұл Кеңес одағының көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аударған кезең еді. Осылайша тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын тас-талқан етті. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялылар мен қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз қудаланғаны мәлім. Кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудару «науқанына» ұласты. Біздің ата-бабамыз да қазақ жеріне еріксіз келіп, табан тіреген. Қазақстанға жер аударылған өзге этнос өкілдерінің ішінде алғаш болып келгені Польша халқы болатын. Келген поляктардың басым бөлігі – Украина мен Беларуссиядан қоныс аударғандар еді. Кейінірек олардың біразы өз елдеріне қайтарылған. Қазір өз атамекендеріне оралғандарының өзі Қазақстанды ұмытқан жоқ. Ал басым бөлігі бастарына күн туған нәубетті уақытта қазақ халқының жасаған жақсылықтарын ұмытпай, Қазақстанды жаңа Отаным деп қабылдап, қазақ еліне сіңіп кетті. Дәл осындай оқиғаны басынан өткерген өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ дер едім. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 жарлыққа қол қойғанда, өзге ұлт өкілдері бұл шешімге бірауыздан қолдау көрсеткені де сондықтан. Содан бері бұл депортацияланған халықтардың өткен өмірін еске алатын тарихи күнге айналды. Біздің осылай аман-есен қалғанымыз тікелей қазақ халқының пейілінің кеңдігі мен қонақжайлылығының арқасы. Сол нәубетті жылдар біздің еміс-еміс есімізде. Бірақ ата-аналарымыздың көрген тауқыметі санамызда ауыр естелік болып сақталып қалды. Әке-шешеміз қазақтар жер ауып келгендерді үйлеріне кіргізіп өз бала-шағаларынның аузынан жырып тамақ, киім беріп көмектескенін айтып отыратын. Мұндай жақсылықты қазір адам туған бауырына да жасай бермейді. Тіпті жер аударылып келген жандардың арасында аурулары мен әртүрлі жарақатқа душар болғандар да кездескен екен. Бірақ қазақ халқы оларды да далаға тастамай, үйлеріне кіргізіп емдепті. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті. Тілі басқа болғанымен, тілегіміз бір тұтас елге айналдық. Қазір де бізді ешкім кеудемізден итеріп, жатсынып жатқан жоқ. Керісінше бауырына тартып, барын алдымызға тосып келеді. Мәдениетіміздің де, әдебиетіміздің де, өркениетіміздің де өсуіне жағдай жасауда. Осыдан кейін қазақ халқына қалайша алғыс айтпаймыз?!
Вера Майкович, облыстық «Поленез» поляк тілі және мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.