Қоғам

Сыйластық алғыс айту мәдениетінен басталады

Сыйластық алғыс айту мәдениетінен басталады

2015 жылы күнтізбемізге тамаша мерекенің қосылғаны белгілі. Атауы да өзгеше. Жалпы кісінің үлкенге, мейлі кішіге болсын, алғыс айта білуі адамның ішкі мәдениетін, тәрбиелілігін көрсетпей ме? Сонымен қатар осы бір ізеттіліктің белгісі өзара сыйластықты арттырады. Ал ол ауызбіршілікті нығайтып, бірлігімізді бекемдей түсетіні анық. Міне қарапайым қарым-қатынас қағидаттарының өзі қоғамды қалыптастыруға осылай ықпал етеді.

Осы тұрғыдан алғанда бұл – үлкен мен кішінің бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттыру, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту, әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеуге негізделген мереке. Кісінің кісіге жасаған жақсылығы, ризашылығы, көмегі көңілі үшін қанағаттанушылық және алғыс білдірушілік сезімін білдіретін ғажап мейрам. Алғыс айту мерекесінің өзі дәл Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнге белгіленуінің астарында үлкен сыр жатыр. Бұл туралы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды, барлық ұлтты өзіндей қабылдаған, депортация кезінде жанашырлық білдірген қазақ халқына алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді» деген сөзін өткен тарихқа берілген баға деуге болады. Бұл – тыныштық пен тұрақтылық, үндестік үйлесім тапқан күн. Қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – елімізді тұрақты мекендеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына шоғырландырған Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған күні. Атамекенінен аулаққа кеткен түрлі этностардың өз ұлтының талауға түскен тағдырын еске алатын кез. Сан алуан ұлыстың мыңдаған өкілдерінің құтты қонысына, жайлы мекеніне айналған тоғыз жолдың торабы, Азияның жүрегі іспеттес Отанымыз – Қазақстанға тағзым ететін мереке! Сондықтан бұл мерейлі күн түрлі ұлт өкілдеріне қорған болған Ұлы Дала еліне деген алғыс күні болуға тиіс! Бұл – тағдыр тоғыстырған көп этносты Қазақстан халқының тарихы мен тағылымына құрмет көрсету күні. Осы атаулы күні репрессия мен жер аудару жылдарында қазақ халқының көрсеткен мейірімділігі мен қамқорлығы еске түсетіні бекер емес. Ұлы Дала елі арып-ашып жер ауып келгендерге пана болған, аштықтан сақтаған. Ал халқы ұлтына қарамай, бауырына тартты, бүгінде біртұтас елге айналды. Міне, сондықтан сан алуан ұлт пен ұлыс халқымыздың ынтымағын, берекесін мәңгілікке біріктіруге негізделген «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыруға мүдделі. Мерекелеріңіз құтты болсын, ағайын!

Мухаббат МИРАЖАПОВА, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.