Әлеумет

Ауылын алға жетелеген Нұрсұлу

Ауылын алға жетелеген Нұрсұлу

Бүгінде Бірлесу-Еңбек ауылының бет-бейнесін келмеске кеткен кеңестік дәуірмен еш салыстыра алмайсың. Газ кіріп, ауызсу тартылған. Тұрғындары да тату, ынтымақтаса өмір сүруде. Бір сөзбен айтқанда, қарап тұрып көңілің толады. 

– Бірлік пен тірлік бар жерде бақ-дәулет бірге жүреді. Оның үстіне, бізге «Казфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров үнемі қолұшын беріп, азаматтық танытуда. Техника керек пе? Алыңыз. Құрылыс құралдары қажет пе? Мінекей. Жағдайы төмен отбасына, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық керек пе? Қарсылық жоқ. Ауыл балалары білім алатын мектепке не керек? Ол да дайын. Мысалы, Мұқаш Зұлқарнайұлы Бірлесу-Еңбек орта мектебінің асханасын орта жөндеуден өткізуге, мұздатқыш алуға, еденді жөндеуге мұрындық болды. «Октябрь-Жеміс» орта мектебінің сыртын заманауи тұрғыда қоршап, мектеп жанындағы шағын орталыққа газ құбырын тегін тартқызды. Біз жақсылық жақсылыққа ұласатынына сенеміз. Өйткені, Мұқаш ағамыздың бойындағы адамгершілік қасиетінен біз осыны байқадық. Сондықтанда шығар, ол басқарған зауыт алыс-жақын шетелдік мемлекеттерге белгілі болып, ісі өрге басып отыр, – дейді Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзеева. Сонымен бірге, бұл ауылға «Кнауф-Гипс Тараз» ЖШС-ның бас директоры Мырзабай Бекназаров көмегін аямауда. Осы гипс зауытының демеушілігімен Бірлесу-Еңбек ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліпті. Ал 2012 жылы Бірлесу-Еңбек және Октябрь-Жеміс ауылдарының жастарына екі шағын футбол алаңын салып берген. Екі мыңнан астам тұрғыны бар округте орыс, қарашай, украин, неміс, татар секілді ұлт өкілдері мекен етеді. Бәрі де бір атаның баласындай өмір сүріп отыр. Жүзге жуық шаруа қожалығы егін егіп, шөп шауып, мал бағумен айналысады. Ауылдың жеке кәсіпкерлері дүкен ашып, азық-түлік саудасын қыздырса, екі кітапхана, бір клуб ауыл тұрғындарының бос уақытын мәнді өткізуіне ықпал етуде. Ауылдағы 45 ана «Алтын алқа», 31 ана «Күміс алқа» иемденген алтын құрсақ аналар. Ауыл әкімінің бойынан жаңашылдықты, іскерлікті байқайсың. Жас келіншектің ерлерге тән қайсарлық танытатынына қайран қалғандайсың. Өйткені, ол қызметке келген жылдан бері талай тірлік тиянақталды. Ауылдың тазалығына, көріктенуі мен көгеріштенуіне айрықша көңіл бөлгені үшін аудан әкімі Рүстем Дәулет 2013 жылдың қорытындысы бойынша Ақбастау ауылдық округін «Таза ауыл» деп танып, арнайы дипломмен марапаттағанынан да хабардармыз.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.