Саясат

Ең үлкен жетістік - халық сеніміне ие болу

Ең үлкен жетістік - халық сеніміне ие болу

«Нұр Отан» партиясы өзінің 20 жылдық тарихында республикадағы ең беделді әрі ірі саяси ұйымға айналды. Ең үлкен жетістігі – халықтың сеніміне ие болып, кең қолдау тапқаны. Сондықтан партия ең алдымен әрбір аймақта, елді мекенде және ауылда қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейтін жергілікті бөлімшелердің тармақталған желісіне арқа сүйейді. Бүгінде аудандық және қалалық филиалдарды, әсіресе бастауыш партия ұйымдарын нығайту бағытында көптеген іс-шаралар атқарылуда. 2018 жылдың 14-15 қараша күндері Астана қаласында барлық аймақтардың қатысуымен өткен республикалық форумда «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының бекітілуі – соның дәлелі. Аталған құжат ағымдағы жағдайды және бастауыш ұйымдардың жұмысындағы өзекті мәселелерді талдап, партиялық жаңғыртудың негізгі міндеттері мен мақсаттарын айқындайды. Бүгінде ауданымыздағы 27 бастауыш партия ұйымында 6126 нұротандық осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, белсенді жұмыс атқаруда. Мысалы филиалымыздың барлық бастауыш ұйымының 24-і, яғни 88,8 пайызы жеке кабинет пен қажетті техникалық жиһаздармен қамтамасыз етілген. Ол жергілікті ұйымдардың бекітілген кестеге сәйкес, қоғамдық қабылдаулар, бірыңғай ашық есік күндері сияқты шараларды жүйелі түрде өткізуіне ықпалын тигізуде. Сонымен қатар жыл сайын республикалық «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» байқауын ұйымдастырылып тұрады. Бұл шара партияның мақсат-міндеттерін қалтқысыз орындап жүрген үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2015-2017 жылдары «Сарымолдаев» ұйымы байқаудың І және ІІ кезеңдерінде жүлделі орынға ие болса, былтыр «Бірлік» облыстық кезеңде үздік үштіктің қатарынан көрінді. Бұл – үлкен жетістік. Тұрғындармен тікелей байланыстың бірден-бір жолы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде бекітілген кестеге сәйкес, түрлі сала басшылары тұрақты қабылдау өткізіп тұрады. Соңғы екі жылда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 994 азамат қайырылды. Олардың 576-сының өтініші оң шешімін тапса, 418 азаматқа заң аясында кеңес берілді. Әлеуметтік шиелініс тудыратын өзекті мәселелерді дер кезінде шешу мақсатында аудандық филиал бастамасымен шалғай елді мекендерге 23 көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Бір айта кететіні, мұндай шаралар бейнеконференция және скайп-байланыс, онлайн-режімінде де өткізілуде. Мысалы, өткен жылы 9 азамат облыстық мемлекеттік мекеме басшыларымен скайп арқылы байланысқа шығып, өз өтініштерін жеткізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ аудан тұрғындарына тиімді қызмет көрсету аясында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің аудандық бөлімінің өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштамасында «Нұр Отан» сайтында сілтеме орнатылған. Дәл осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша біздің филиал «2017 жылғы ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауының бірінші кезеңінің үшінші, 2018 жылы бірінші дәрежелі дипломының иегері атанды. Өткен жылдың шілде айынан бері партияның 20 бастамашыл жобасы қолға алынғаны мәлім. Осы ауқымды бастамаларды жүзеге асыру үшін ауданның орталық кітапханасында коворкинг-орталығын аштық. Орталық жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Конференц-залы түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер мен тренингтер өткізуге арналғандай, таптырмас орын. Осылайша дәстүрлі кітапхана жаңа заман талаптарына сай білім орталығы ретінде қайта жаңғырып, жастардың жиі бас қосатын жеріне айналып үлгерді. Ал «Үміт» балалар және жасөспірімдер сарайында тұңғыш рет ашылған «ІТ сыныпта» 90 жасөспірім қарапайым алгоритмдер жасау, бағдарламалар, сайттар, компьютерлік ойындар мен анимация құру дағдыларын ақысыз үйренуде. 2018 жылдың желтоқсан айында меркілік «ІТ сыныптың» оқушылары Нұрсұлтан Тұрғанбай және Амир Суюнбек «STEM» республикалық олимпиадасының «Бағдарламалау» бағыты бойынша ІІІ орынды иеленіп, партия облыстық филиалы тарапынан марапатталды. Ал ауыл мектептерінде ағылшын тілін үйретуге арналған «English for Jastar» жобасының қанатқақты режимінде екі айда ауданның 70-ке жуық 9-11-сынып оқушылары ағылшын тілін тегін үйренді. Мұратбек КӨКІРЕКБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Меркі ауданы.