Несие бойынша сыйақының «жылына» және «жылдық» ставкалары: айырмашылық неде?
Несие бойынша сыйақының «жылына» және «жылдық» ставкалары: айырмашылық неде?
Халыққа ұсынылатын банктік қызметтер арасында несие беру қызметтері ерекше орын алады. Банк-кредиторды таңдау барысында қарапайым халықтың негізгі көңіл аударатын шарты – ол алып жатқан заем бойынша сыйақы ставкасы, алайда осы сыйақы ставкасының «жылына» және «жылдық» деп бөлінетіндігін кез-келген азамат біле бермейді. Ал бұл түсініктердің әрқайсысының экономикалық мәні әртүрлі, өкінішке қарай, кейбір банктер заемдар беру кезінде мұны ұтымды пайдаланған.
Жылына (айына, күніне) есептелетін сыйақы ставкасы – кредиттің көрсетілген мерзімдегі құнын айқындайтын өсім ставкасы. Бұл ставка ай сайынғы төлемді қалыптастыруға қатыспайды, бұл заемшыға заемның жалпы сомасына қатысты кредитті пайдаланған әрбір жыл үшін нақты өтелетін өсімін көрсетеді. Басқаша айтқанда, бұл заемшыға, заемды пайдаланған әрбір жыл үшін төленетін сыйақының сомасын заемның жалпы сомасына қатысты пайызбен көрсететін ақпарат. «Жылдық» пайыздық ставкаға келетін болсақ, бұл – жылдық есептеудегі сыйақының салыстырмалы төлем мөлшерін және заемның құнын есепке алатын сыйақы ставкасы. Яғни, банктік заем бойынша ай сайынғы төлемдер кестесін (аннуитеттік немесе дифференциалдық әдіс болса да) қалыптыстыруға қатысатын сыйақы ставкасы. Ол жылдық мағынада көрсетіледі және ай сайын (егер төлемдер ай сайын жүргізілетін болса) заем бойынша негізгі қарыздың қалдығына есептеліп отырады. Математикалық есептеулер арқылы аннуитеттік төлем жағдайында да, дифференциалдық әдісте де сыйақының «жылына» ставкасы мен «жылдық» сыйақы ставкасы түсініктерінің экономикалық мағынасы әртүрлі және егер заем бір айдан ұзақ мерзімге берілсе, сыйақының «жылына» ставкасының мәні «жылдық» сыйақы ставкасының мәнінен әрқашан төмен болатындығын дәлелдеуге болады. Осы ретте, «Бұл туралы Қазақстан Республикасының заңнамаларында не айтылған?» – деген заңды сұрақ туындайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 718-бабының 1-тармағында, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қарыз нысанасын пайдаланғаны үшiн қарыз алушы шартта айқындалған мөлшерде қарыз берушiге сыйақы төлейдi делінген. Басқаша сөзбен айтқанда, заем бойынша кезекті төлемнен кейін негізгі қарыздың көлемі азаяды және келесі сыйақы заемның жалпы сомасына емес, қалдық сомаға, яғни заем сомасынан өтелген соманы шегеріп, қалған сомаға есептелуі керек. Себебі, заемшы заемның белгілі бір бөлігін кредиторға қайтарып бергендіктен, осы бөлігіне сыйақы есептелмеуі тиіс. Экономикада сыйақыны есептеудің мұндай әдісін күрделі пайыздық ставка, ал банктік тәжірибеде жылдық есептеудегі сыйақы ставкасы деп атайды. Ал сыйақының «жылына» ставкасы ақпараттық сипатта болады және жоғарыда айтылғандай, клиенттің заемды пайдаланғаны үшін жылына қандай сома төлейтіндігін білдіреді. Мысалы, егер клиент жылдық 15% сыйақымен 12 айға 100 000 теңге көлемінде заем алса, онда аннуитеттік төлемдер жағдайында клиенттің банкке жылына төлейтін сыйақысының мөлшері 8310 теңге болады. Яғни, бұл жағдайда «жылдық» мағынадағы сыйақы ставкасы 15%, ал сыйақының «жылына» мағынасындағы мәні 8,31%-ды құрайды. Заемшыға экономикалық мағынасы екі түрлі түсініктердің айырмашылығын ажырату оңай емес. Онымен қоса, бұқара халық банктерден заем аларда оның сыйақы ставкасының сандық мәніне баса назар аударады, бірақ оның «жылдық» немесе «жылына» мағынасында берілгендігіне үңілмейді. Бұл банктердің бәсекелесті ортада клиенттер үшін күрес жүргізуде ұтымды құралдарының біріне айналды. Себебі, «жылдық» сыйақы мөлшерін көрсете отырып табатын табысты сыйақының «жылына» ставкасын көрсете отырып та табуға болады, ал дәл сол табыс деңгейінде сыйақының «жылына» мәні «жылдық» сыйақының мәнінен әлдеқайда төмен болады. Бұл жағдайда банктің бухгалтерлік есебінде сыйақы «жылдық» мағынада есептеліп отырады, бірақ оның сандық мәні шартта және (немесе) ақпараттарды таратуда көрсетілген сыйақының «жылына» ставкасынан басқа болады. Тек заемшы ғана өзі таңдаған «жылына» ставкасы одан әлдеқайда жоғары болатын «жылдық» ставкаға сәйкес келетінін білмейді. Осындай жағдайларды реттеу үшін ҚР Қаржы ұйымдары және қаржы нарығын қадағалау мен реттеу агенттігі Басқармасының «Банктік заем шартының міндетті талаптарының тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 23 ақпандағы №49 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» 2011 жылғы 28 ақпандағы №18 қаулысымен банктерге банктік заем беру шарттарында сыйақы ставкасын жылдық пайызбен көрсету міндеті жүктелген. Бұл норманы енгізгелі бері, банктер банктік заем шарттарында және ақпараттарды тарату барысында сыйақының «жылына» ставкасын көрсете алмайды. 2011 жылдың 28 ақпанына дейін заңнамада «жылына» ставкасы мен «жылдық» ставкасын сәйкестендіру және терминологияларды пайдалануды реттейтін нормалар болған жоқ. Банктерге сыйақының «жылдық» ставкасын да, «жылына» ставкасын да қолдануға мүмкіндік болған, яғни бұл норма көрсетілген күннен бұрын жасалған шарттарды реттемейді.
Жасұлан МҰРАТОВ, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы.