Саясат

Отандастар « еліме не берем?» деп ойласа

Отандастар « еліме не берем?» деп ойласа

Қоғамның жегі құрты – жемқорлық. Оны жеңу тек осы саланың өкілдеріне ғана емес, баршамыздың адалдығымызға байланысты. Осы мәселелер және оны шешу жолдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің жаңаша форматта өткізілген алқа мәжілісінде айтылды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталуы бекер емес. Жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, департамент пен басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынның тізгінін облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап қолға алып, мұнда құлаш-құлаш баяндама жасалмайтынын айтып, жаңаша үлгідегі жиынның қонақтарын таныстырып өтті. Әуелі «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының атқарушы директоры Олга Шиян екі жақты байланыстың тиімділіктері жөнінде ой қозғады. Сондай-ақ ол зиялы жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірімізде «Jambyl» адалдық алаңы орталығы ашылғанын, онда 2019-2021 жылдарға 75 тармақ бойынша жоспар жасалып, жұмыс қолға алынып жатқанына тоқталды. Ол осындай жұмыстардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасатынын атап өтті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек мемлекеттік мекемелердегі, басқармалардағы жастарды қолдау мақсатында сол жерлерде білім орталықтарын ашу туралы ұсынысын айтып, мемлекеттік қызметке сынақ тапсырған жас маманға «Ол қызметке барғанда нені өзгертесің, қандай жаңашылдық жасайсың?» – деп сұрау керектігін, мемлекеттік қызмет алудың қолжетімділігін жасы егде тартқан кісілерге түсіндіру жұмыстарын жандандыру керектігін айтты. Бұл мәселелер бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев жауап беріп, әр мекемедегі мемлекеттік қызметшілердің білімін дамытатын дамыту орталығы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы екеніне, филиалда барлық мүмкіндік табылатынына тоқталды. Мемлекеттік қызмет көрсету мүмкіндігін де кеңірек насихаттауға мүмкіндік бар екенін айтты. Облыстық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Бауыржан Мөрбеков аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшыларына түрлі БАҚ өкілдерінен, қоғамдық ұйымдардан жасалатын қысымдарға, денсаулық саласында «0-86» анықтамасын беру кезінде жемқорлық сипаты орын алғанына, мұндай сорақылық жүргізуші куәлігін алу барысында да кездесетініне, олардың бұлтартпас айғақпен анықталғанына назар аударды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыс бойынша департамент басшысы Әділхан Әшірбаев соңғы уақытта қылмыстық істі ашудан гөрі алдын алу барысында көп шаралар жүзеге асқанын, нәтижесінде биыл облысымызда жемқорлық 40 пайызға қысқарғанын, өткен жылы сұғанақтардан 900 миллион теңге алынып, қазынаға қайта құйылғанын айтты. «Облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Асхат Олжабаев мемлекеттік қызметшілерге жүктемелерді және жоғарыдан келетін орынсыз хаттарды азайту жөнінде ұсыныс білдірсе, «Облыс бойынша инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру» орталығының басшысы Дамир Егізбаев «Ай – көмек» жобасының тиімділігі жөнінде ой қозғады. Жиын соңында аталған департаменттің басшысы Рафиль Төлебаев қысқаша есеп берді. Оның айтуынша департаменттегі басшылық құрам 20 пайызға ықшамдалып, қызметкерлердің жалақылары 50 пайызға өсіпті. Нәтижесінде 525 миллион теңге үнемделген. 200 арыз оң шешімін тауыпты. Мемлекеттік сынақ тапсырарда «б» корпусындағыларға эссе жаздыру, жұма күні мемлекеттік қызметкерлердің еркін киім киюіне мүмкіндік жасау, тәулігіне 8 сағаттық жұмыс режімін енгізу жөнінде де ойын жеткізді. Мемлекеттік қызметке сынақ тапсыру кезінде әр 10 үміткердің төртеуі үдеден шыққан. Жиын соңында Р.Төлебаев басқосуға қатысқандарға алғысын білдірді.