Әр құжат тың артында бір тағдыр тұр
Әр құжат тың артында бір тағдыр тұр
Биылдан бастап аумақтық сайлау комиссияларының төрағасы, орынбасары және хатшысы тұрақты негізде жұмыс істей бастады. Бұған дейін олар сайлау кезінде уақытша еңбек ететін. Аталған шешім – «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңға биыл енгізілген өзгерістердің бірі. Сондықтан қаңтар айында жаңа құрам қабылданып, бекітілген. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, орынбасары Сара Мәдиева болса, хатшылығына Марат Әбдіре тағайындалды. Осыған орай комиссияның жаңа құрамының алғашқы отырысы өтті. Оны ашқан Серғали Өмірзақұлы жақында ғана Астана қаласында Орталық сайлау комиссиясының отырысы онлайн режімде өткізілгенін хабарлады. Ондағы жаңалықтармен бөлісе отырып, тұрақты құрамдағы сайлау комиссияларының алдында жаңа міндеттер мен талаптар қойылғанын қадап айтты. Өйткені аумақтық сайлау комиссиясы мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мемлекеттік мекемелердің құжаттамасы олардың жұмыстарының көрсеткіші іспетті. Құжат айналымның дұрыс жүргізілуі тікелей хатшыларға жүктелетіні жасырын емес. Халықпен тікелей жұмыс істейтіндіктен, әр қағаздың өз орны, сұрауы бар. Өз жұмысын бастағанына бір ай енді болған аумақтық сайлау комиссиялары бүгінде ең алдымен номенклатура жобасын әзірлеп, Орталыққа ұсынды. Егер ол бекітілсе, әр өңірдегі бөлімдерге жүйеленген іс-қағаздарымен жұмыс жүргізу ыңғайлы болатындығы айтылды. Мемлекеттік қызметте талай жыл жемісті еңбек етіп, сауатты кадрлардың легін қалыптастырған Серғали Айдапкелов басқосу барысында жастармен өз тәжірибесімен бөлісті. «Мамандар көп, алайда бізге жұмысқа қабілетті, жауапты кадрлар қажет. Сайлау комиссиясының жұмысы ұқыптылықты талап етеді», – деген төраға хатшылар алдына нақты міндеттер қойды. Күн тәртібіндегі облысымыздағы негізгі мәселе құжат айналымын заң тәртібіне сәйкес рәсімдеу, істер номенклатурасын қалыптастырып, архивтермен тығыз жұмыс жүргізу болатын. Бұл жайында комиссия төрағасының орынбасары Сара Мәдиева сөз сөйлеп, бүгінгі сауатты рәсімделген құжат ертеңгі тарихтың деректі айғағы екенін тілге тиек етті. Іс-қағаздары қоғам өмірінде үлкен қызмет атқаратындықтан, әр құжаттың артында бір тағдыр тұратынын ұмытпаған абзал. Бұл келешек үшін аса маңызды. Сондықтан да семинар-кеңесте аумақтық сайлау комиссиясы басшыларының ұсынысымен облыстық архивтің бөлім басшысы Малика Саурықова өңірдегі сайлау комиссиясы хатшыларына Ұлттық архив қорын дұрыс қалыптастыру, құжат айналымының қағидалары туралы сабақ өткізді. Семинар-кеңестің соңында комиссия жұмысын ұйымдастыру мәселелері жайында облыстық комиссия хатшысы Марат Әбдіре баяндама жасап, аудандық бөлімдердегі хатшылар жұмысындағы шешімін күткен мәселелер туралы сөз қозғады.
Назым ҚОЖАМАРОВА, облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы.