- Advertisement -

Жаңғыру жолы тарихты танудан басталады

147

- Advertisement -

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімінде «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Елбасының бұл мақаласы жалпы мәдени-рухани дамуымызға оң серпін беріп, Ұлы Даланың ғажайыптарын толық сезінуге мүмкіндік туғызды. Ал архившілер үшін тікелей мүмкіндік, ерекше қолдау деп айтар едік. Осыған орай облыстық архивтің ғылыми-қызметкері, жазушы Мақұлбек Рысдәулетпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын сіз қалай қабылдадыңыз?
– Бұл мақаланың жарық көргеніне ерекше қуанғандардың бірімін. Себебі архившілердің жұмысы онсыз да ауыр. Оны осы салада жүргендер біледі. Енді елеусіз көрінген осы салаға Мемлекет басшысының өзі тікелей мән беріп жатса, неге нәтижелі болмасын! Жақсы көрсеткіштерге жететініміз анық. Елбасының: «Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтың отандық және шетелдік архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беруіміз керек», – деген сөзі біздің саланың қызметкерлеріне бағдар болатыны айқын.
– Кейбір әріптестерімнен естуімше, «Газетте жүре берген екенмін. Архивке ертерек келуім керек еді», – деп өкініпсіз. Осы сөз рас па?
– Ұзақ жылдар бойы журналистика саласының жауапкершілігімен, қызық-шыжығымен жүрдік. Басқаға мойын бұруға уақыт та болмады. Архивке келсем алдымнан мүлдем басқа әлем, басқа бағыт шықты. Сол кезде әлгіндей сөзді айтқан болуым керек. Жалпы, архивке қызметке келгеніме өкінбеймін. Осында жүріп бірнеше кітап жаздым. Олар, әрине, әдеби көркем туындылар емес. Алайда өңірдің тарихын, өткенін, басымыздан кешкен түрлі кезеңдердегі қарапайым тұрғындардың жағдайын, елдің ахуалын көрсететін кітаптар. Архив саласының өкілдеріне, жалпы оқырманға және жас ұрпақтың зердесін оятуға керек дүниелер деп ойлаймын. Архивке келіп, материал қарап, ізденетін тарихшылар өте аз екен. Оған көзім жетті. Олар неге аз? Осы жағы мені ойландырады. Мәселен, саяси қуғын-сүргін кезінде қандай жағдай орын алғаны керек пе? Оны жас ұрпақ білуі қажет пе? Қажет. Олай болса, бір кітабым осы қуғын-сүргін кезеңіне арналды. Ол кезде біздің өңір Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында (қазіргі Түркістан облысы) болған. 18 ауданнан құралыпты. Соның ішінде бір ғана Меркі ауданынан 23 адам қуғын-сүргін құрбанына айналған. Өзге аудандардан жазықсыз атылғандар қаншама? Бектен Медеров, Жылқыбай Сәрсенбиев деген сауатты, көзі ашық кісілер жазалылар қатарында екен. Тарихшылардың айтуынша, Әулиеата ауданында (қазіргі Жамбыл ауданы) Бошай деген кісі болыпты. Өз заманында би атанған, 1916 жылғы көтеріліске қатысқан. Ұрпақтары жер аударылған. Ол кезде бір облыстың адамын басқа алыс өңірлерге жер аударып отырған. Бошайдың ұрпақтары Батыс Қазақстан облысына күштеп жіберіледі. Сол кісінің тікелей ұрпағы Ізет Бошаев деген кісі «Қыз Жібек» фильміне тер төккен. Басқа да фильмдердің жарыққа шығуына атсалысқан.
Жалпы, біздің өңірден 5 мың адам саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде көрсетілген. Оның жартысын анықтадық. 850 адам атылып кеткен деген дерек бар. Мәселен, Т.Рысқұловты қолдаушылар арасында «Қазақ-қырғыз» жастар одағы құрылған. Сол одаққа мүше болғандардың бәрі атылған. Осы жылдары болған Созақ, Сарысу көтерілісінің де маңызы зор. Көтеріліске Иманжүсіп Құтпанов қатысқан деген ауыз екі сөз айтылады. Бірақ оны дәлелдейтін нақты құжат жоқ. Бұл орайда зерттеу-зерделеу жұмыстары оңай болған жоқ. 1939 жылға дейінгі көптеген деректерді Алматы және Түркістан облысының архивінен таптық. Қазақтың басынан өткен осынау қасіреттің біздің өңірге қатысты жағын аталған кітапта қолымнан келгенше көрсеттім деп ойлаймын.
– Иманжүсіп туралы зерттеу жүргіздіңіз бе?
– Мүмкіндігінше ол кісі туралы деректерге құлақ түріп жүремін. Індетіп ізденуге уақыт тапшы. Өткен жылы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне қарай облыстық архивте «Қасіретті жылдардың ызғары» тақырыбында саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу өтті. Іс-шара барысында келген қонақтар өз естеліктерімен бөлісіп, жинақтаған құжаттарын, жазған кітаптарын көрсетті. Астанадан арнайы шақырылған қонағымыз Раушан Иманжүсіп өз атасы жайындағы зерттеулерімен бөліскеннен кейін, Тараз қаласындағы 5-шағын ауданы аумағында орналасқан ескі түрмеде атасы Иманжүсіп Құтпановтың атылғанын анықтағанын және ол жерге ескерткіш белгі қою үшін Иманжүсіптің ұрпақтары арнайы келіп отырғанын жеткізді. Соған қарағанда, ол бізге жақын жерде ғұмыр кешкен сыңайлы. Иманжүсіп жайлы толыққанды зерттеу жүргізетін уақыт жетті.
– Архив жұмысынан нені байқайсыз? Қазір жаңа технологиялар уақыты. Шаң басқан архив құндылықтары электронды нұсқаға көшті ме?
– Мен облыстық архивте бірнеше жыл директор болдым. Қазір де ғылыми қызметкермін. Архивтік құжаттарды мемлекеттік сақтауға 17 қор қызмет етеді. Оның ішінде 4646 сақтау бірлігі бар. Одан бөлек 2705 сақтау бірліктен тұратын басқару құжаттамасы, 1916 сақтау бірліктен тұратын жеке құрам, 25 сақтау бірліктен тұратын жеке тектік құрам және 4 жаңа қор қабылданды. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың және олардың бірлестіктерінің архивтермен байланысы жақсаруда. Өткен жылы 168 мекемемен тығыз байланыста жұмыс істедік. Оның ішінде 121-і мемлекеттік, 47-сі мемлекеттік емес. Қалдыкүл Бәшенова басқаратын облыстық архивтің жұмысы жемісті. Архив құндылықтары біртіндеп электрондық нұсқаға көшіп жатыр. Елбасы «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын қабылдауды айта келіп, архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру жөнінде ой қозғады. Енді жинақталатын құжаттарды шаң баспайды. Былтыр тоғыз дөңгелек үстел отырысы өтті. Әсіресе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, тіл маманы Зиба Құламанованың қатысуымен өткен жиындардың маңызы зор болды.
Былтыр Жамбыл археологиялық пунктінің ашылғанына 80 жыл толды. Осы орайда да әсерлі кездесулер ұйымдастырдық. Архив құжаттары негізінде жарық көрген «Тараз: Археологиялық зерттеулер (1938-1945 жж.)» атты кітап студенттерге таныстырылды.
– Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында архивтердің өлкетану музейлерімен байланысы жөнінде ой қозғалған еді…
– Әрине, Мемлекет басшысы бұл мәселені өте дұрыс және дер кезінде қозғады. Архив пен өлкетану музейлерінің байланысы қашанда жемісін береді. Елбасы аталған мақаланың «Архив – 2025» бөлімінде: «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойына өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады», – деп атап өтті. Мен архивші маман ретінде бұл пікірмен келісемін. Ел тарихын, архив құндылықтарын оқушылар санасына сіңірсек, ұтарымыз көп. Мен де архив құжаттарымен белсенді жұмыс істеуге дайынмын.
– Тараз қалалық мемлекеттік архивімен байланысыңыз бар ма?
– Әрине. Бір қуанарлығы, оларға жаңа ғимарат берілді. Архив жаңа ғимаратқа көшкелі бері материалдық-техникалық жағынан нығайып, негізгі міндеті – құжаттар қорын молайтуда үлкен нәтижеге қол жеткізді. Қазіргі таңда архив есебінде 106 қор, 31473 сақтау бірлігі бар. Ұлттық архив қоры құжаттарын толықтыру мақсатында Тараз қаласының мемлекеттік архивінде 2012 жылдан бастап Тараз қаласының «Құрметті азаматтары», «Ұлы Отан соғысының ардагерлері», «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран», «Тараз қаласының спорт тарландары» атты жеке тектік құжаттар топтамасынан құралған қор ашылып, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, әсіресе 2011 жылы 12 қарашада Халық Қаһарманы, Ішкі істер қызметінің капитаны, жол полициясының взвод командирі Ғазиз Байтасовтың тектік құжаттары ерекше орын алуда. «Тараз қаласының спорт тарландары» атты жеке тектік құжаттар топтамасында Жамбыл жерінен шыққан Олимпиада, әлем, Азия чемпионы атанған барлық спортшылар туралы қажетті деректер сақталатыны қуантып отыр.
«Электронды үкімет» қалыптастырудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылдан бастап Тараз қаласының мемлекеттік архивінде жеке және заңды тұлғалардың құжаттарға тез және тиімді қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін «Электрондық архив» жасау бойынша жұмыс басталған болатын. Осы жұмыстың барысында қағаз негіздегі құжаттарды электрондық түрге көшіру үшін қазіргі заманға сай сапалы, жылдамдығы жоғары «book 2net KIOSK», «EPSON 20000» сканерлері орнатылып, жұмыс атқаруда. Қалалық мемлекеттік архивті ұзақ жыл басқарған Бақыт Әбдікерімова жақында зейнетке шықты. Оның бұл салаға сіңірген еңбегі өте көп.
– Архив деректері бойынша жазылған өзге де кітаптарыңызға тоқталып өтсеңіз…
– Ұлы Отан соғысы жылдары жайлы 5 кітап жазылды. Оның бәрі жастарды патриоттыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуге ықпал ететін қажетті дүниелер деп ойлаймын. Өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағы жөнделіп, сол жерге Ұлы Отан соғысына қатысқан, сол жақта қаза болған, елге келіп өмірден озған, ортамызда аман жүрген барлық майдангерлердің есімдері тасқа қашалып жазылды. Сол науқан кезінде біздің облыстық, қалалық архивтің қызметкерлері өте белсенді жұмыс істеді. Майдангерлер есімінің тез табылуына менің кітаптарымның да пайдасы тиді. Ол жерде барлық соғыс ардагерлері қамтылды. Ешкім тасада қалған жоқ. Бірақ кейбір фамилиялар қиындық тудырды. Төлқұжаттары бойынша кейбір әріптері орысша жазылған. Мәселен, «Ыдырысов» деген «Идирисов» болып кеткен. Біз осындай фамилияның көпшілігін қазақша жазылу ережесіне сай түзеттік. Дегенмен де толық түзеп шығуға мүмкіндік болмады, кейбір тектерден қате кетті. Бірақ сол кездегі архив қызметкерлерінің орасан зор еңбегін ерекше айтқым келеді. Әсіресе облыстық архивтің ғылыми-анықтамалық ақпарат және құжаттарды жариялау бөлімінің басшысы Назым Қожамарованың еңбегін айрықша атап өткім келеді.
«Ескерткіштер – ел тарихы» деген кітап әр аудан, ауылдардағы ескерткіштердің жай-күйіне, тарихына арналды. Архивті ақтаруға ерінетін адамдарға мұның бәрі дайын дүние. Археологиялық зерттеулердің нәтижесі осы еңбекте қамтылған. Мәселен, ертеректе «Түркістан» әуесқойлар үйірмесі жұмыс істепті. Олар да көп деректерді тапқан. Бернштам, Пацевич, Бартольд секілді ғалымдар осы өңірді зерттеген. Өңірімізде 48 төмпешік, яғни 48 археологиялық қазба болған. Соның соңғы жағы зерттеусіз қалыпты. Осы Ташкент көшесін қазғанда жер астынан алтын тиын шығыпты. «Атшабардың» орнында мүрделер болған. Сол марқұмдарды жерлегенде пайдаланған табытта аю, қасқырдың суреті бар деседі. Тараз қаласының тарихы 2 мың жылдан асты дегенді көп айтамыз. Оның әлі көптеген бөлігі зерттелген де жоқ. «Жамбылым қандай тамаша!» деген кітап өңірдің өнері мен мәдениетінің дамуына арналды. Жақында Жуалы ауданының 90 жылдығына байланысты «Жуалы» деген кітабым жарық көрді. Ал былтыр «Желтоқсан – 86» мекемесінің ашылуына байланысты осы оқиғаны зерделеп кітап жазу маған жүктелді. Ол кітап та әзірленіп, баспаға дайын тұр.
Міне, азды-көпті осындай еңбектер жаздық. Көпшіліктің кәдесіне жарап жатса, мақсатымның орындалғаны.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support