Қоғам

Қоршаған ортаны қорғау – адамзат тың парызы

Қоршаған ортаны қорғау – адамзат тың парызы

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық экология департаментінің өткен жылы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері басты әңгіме арқауы болып өрілді. Департамент басшысы Қанатбек Мәдібек журналистерге өңірдегі табиғат пайдаланушылардың жалпы саны, оларға көрсетілген мемлекеттік қызметтер, рұқсат етілген және нақты эмиссиялардың өсімі, эмиссиялар үшін төлемдер, инспекциялық қызметтің негізгі көрсеткіштері, зертханалық тексерулер қорытындылары және қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жұмысы туралы тарата айтып берді.

Оның айтуынша, өңіріміздегі полигондарға 2, 8 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырылып отыр. ҚР Экологиялық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес ендігі жерде пластмасса, макулатура, картон, қағаз және шыны қалдықтарын полигондарға шығаруға қатаң тыйым салынбақ. Ал әзірге облыс көлемінде қатты тұрмыстық қалдықтар түрлерін іріктеп жинаумен айналысатын 16 заңды және жеке тұлға ғана жұмыс істейді екен. Оларды ынталандыру үшін бұл жұмыстарды субсидиялау да қарастырылуда. Баяндамашы «Қазғарыш» мекемесі тарапынан өздеріне былтырғы жылы 50 шақырымдық радиусты қамтитын рұқсат етілмеген 352 бейберекет тасталған қалдықтар орнының түсірілімі ұсынылғанын, олардың 231-і реттеліп, тазартылғанын, биыл қалғандары тазартылып жатқанын жеткізді. Фосфор қалдықтарының Тараз қаласының батыс жақ аумағында 95 мың тонна көлемінде жинақталуы да өңірдегі шешімін күткен мәселелердің біріне айналуда. Бүгінгі күнге дейін оның 4700 тоннасы ғана қайта өңделген. Мамандардың айтуынша, аталған аумақта минералдық тыңайтқыштарды енді үш-төрт жылдай жинақтарлық мүмкіндік бар. Олардың өңделуі мен ұқсатылып, кәдеге жаратылу пайызы әлі де төмен. Былтырдан бері олардың өңірдегі бүлінген, сортаң жерлерге тыңайтқыш ретінде сіңірілуі қолға алынған. Бұл тұрғыда атқарылар іс-шаралар жоспары да жасалып, бекітіліпті. «Фосфогипс жол құрылыстарына, жол асты төсемдеріне пайдаланылады. Мұндай материал тұрғындар үшін зиянды емес» деп атап өтті бұл тұрғыда облыстың бас экологі. Қанатбек Мәдібек Тараз қаласында сарқынды суларды тазарту құрылғысының, қоқыс өңдеу зауыты мен типтік полигондардың жоқтығын, Қордай, Мойынқұм аудандарындағы өңделмеген уран кеніштері аумақтарының радиациялық қауіпсіздігі жағдайына мемлекеттік мониторинг жүргізілмеуін шешімін күткен өзекті мәселелер қатарында атап өтіп, осымен байланысты қолға алынып жатқан шараларға да кеңінен тоқталып өтті. Басқосу соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тиісінше жауаптар қайтарылды.

Баймаханбет АХМЕТ