Денсаулық

Зебрага ақ жолақ не үшін керек?

Зебрага ақ жолақ не үшін керек?

АҚШ және Ұлыбритания ғалымдары зебра терісіндегі ақ жолақтың табиғатын зерттеген екен. Зерттеу нәтижесі «PLOS One» журналында жарияланған. Зебраларда эволюция процесінде пайда болған ақ жолақтардың қалай пайда болғаны, не үшін сақталып қалғаны қызықтырып келеді. Оның жануарға қандай да бір пайдасы тиетіні анық, әйтпегенде бұл фенотип әлі күнге дейін сақталмайтын еді. Ақ жолақ адамның саусақ ізі сияқты бірегей таңба. Сол арқылы зебра төлі өз анасын өзгелерден ажырата алады. Зерттеулерде қара зебрадағы ақ жолақ па, әлде ақ зебрадағы қара жолақ па деген тұрлаусыз тұжырымдар бар. Соңғы еңбектерде зебрада табиғатынан қара жануар, ақ жолақ зебра эмбрионының кейінгі даму кезеңдерінде пайда болған. АҚШ, Ұлыбритания ғалымдарының зерттеуі жолақтар зебраны паразит жәндіктерден қорғайды деген 2012 жылы айтылған гипотезаны растағандай болды. Авторлар қолға үйретілген зебралар мен фермерлік жылқыларды қатар бақылап, оларға сонаның қаншалықты көп қонатынын қадағалаған. Нәтижесінде зебраға қарағанда жылқыларға сона 3 есе көбірек қонған. Иіс, түс сияқты түрлі факторлар зерттеуге кедергі болмас үшін, жылқыларға да ақ түсті жолақ салып қойған. Бірақ ол соналарға әсер ете қоймаған. «Біз зебраны шағуға оқталған соналардың ұшу траекториясын жоғалтып алатынын байқадық. Олар көбіне зебра терісіне соғылып жатты», – делінген мақалада. Ал жылқыға келгенде соналарда мұндай қиындық болмаған.