Білім

Әлеумет тік Желіде емес, өмірде белсенді болайық

Әлеумет тік Желіде емес, өмірде белсенді болайық

Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері «Жастар жылы – жасампаздық бастауы» атты дөңгелек үстел отырысын өткізді. Шара барысында жиналғандар өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты. Іс-шарада Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова сөз сөйлеп, тәуелсіз еліміздің жас буынына артылатын сенімнің жоғары екендігін атап, Мемлекет басшысы тарапынан жасалып жатқан қолдауларға тоқталды. Кейіннен сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мақұлбек Жаналиев алдағы үш жылда Қазақстан бойынша 75 мың орындық жатақхана салынатынын, осылайша студенттер үшін тұрғын үй мәселесі толығымен шешілетінін айтса, ардагерлер Алдаберді Мақашев, Сәмен Жартыбаев, Сәмбеталы Шалданбаев жастарға көрсетіліп жатқан қамқорлық ел дамуының көрінісі екенін сөз етті. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі Арнат Ұлтанбаев жастарды әлеуметтік желілерде уақытты бос шығындамай, барлық күшті пайдалы істерге арнауға шақырды. «Көптеген жастар нені армандайды? Жоғары оқу орнын бітіремін, жұмысқа орналасамын, менің жеке ісім, үйім, отбасым, балаларым болады дейді. Бұл – қарапайым адами мақсаттар. Бірақ оларға жету үшін не қажет? Жұмыс істеу және оны мүмкіндігінше ертерек бастау керек. Мен жастарды жаңашыл болашаққа дайын болуға шақырамын», – деді ол. Жиында аға буын өкілдері жастарға ақыл-кеңестерін берді. Іс-шара барысында «Ел тірегі – жастар» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

Есет ДОСАЛЫ