Үздіктер іріктелді
Үздіктер іріктелді
Тараз қаласындағы №6 спорт мектебінде аралас жекпе-жектен облыс чемпионаты өтті. Жарысқа 100-ден астам спортшы қатысты. Дода барысында жеті салмақ бойынша чемпиондар анықталды.
Ел біріншілігінің жолдамасын алу үшін спортшылар барын салды. Бұл аламанда көбінесе тараздық жігіттердің бәсі жоғары болды. Нәтижесінде 52,2 килограмм салмақта Саламат Сағынғали чемпион атанса, Нұржан Жаңабековке – күміс, Рысғали Сағатовқа қола жүлде бұйырды. 56,7 килограмм салмақ дәрежесінде Сүйінбек Талантұлы барлық қарсыластарынан басым түссе, Аян Нұрлыбек – II, Бексұлтан Асқарбеков III орынды қанағат тұтты. 61,2 килограмм салмақта Нұржан Мырзанов жеңіс тұғырынан көрінсе, Ерзат Шашубаев пен Тимур Каваз-оғлы жүлдегерлер қатарынан табылды. Тараздық тағы бір саңлақ Дулат Сейданбар 65,8 килограмм салмақ дәрежесінде қарсылас шыдатқан жоқ. Рамазан Әлімшаев II орынды еншілесе, Дәулетбек Абдукахор үшінші орынды місе тұтты. 70,3 килограмдық сайыста Әзімжан Исмайлов алтыннан алқа тағынса, Әділетхан Орынбай мен Ержан Амантаев жарыстың жүлдегерлері атанды.
Тараздық Ғазиз Оспанов 77,1 килограмм салмақта шын мықты екенін дәлелдеді. Ол жартылай финалда Максим Гайнулинді ұтса, шешуші кездесуде Жанболат Хайрулладан басым түсті. 83,9 салмақта Изахор Чекалов жеңімпаз атанса, Медет Баймаханов пен Әлішер Шаншаров II және III орындардан көрінді. Сонымен командалық есепте бірінші орынды «Тараз файт» клубы жеңіп алды.
Соңынан Қазақстан-Өзбекстан құрамалары өзара кездесті. Қазақстандық Мақсұт Дінмұхамед өзбекстандық Мираншах Асатуллаевтан ұтылса, тағы бір жерлесіміз Байзатбек Әбдімәлікұлы өзбекстандық қарсыласы Алихан Хаетовты техникалық нокаутпен жеңді. Еліміздің намысын қорғаған Несіпхан Садыхан да үмітті ақтады. Ол қарсыласы Құткелді Бақтиярұлын техникалық нокаутпен ұтты.
Есет ДОСАЛЫ