Саясат

Съезд делегаттары сайланды

Съезд делегаттары сайланды

Ықылас Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXIV конференциясы өтті. Күн тәртібіне сай бірнеше мәселе қаралған жиын соңында партияның Астана қаласында өтетін кезекті XVIII съезіне делегаттар сайланды.

Алқалы жиынды партияның облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов ашты.
Конференцияда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындаған міндеттер өңірде қалай орындалып жатқанын баяндады.
– Жолдау қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартатын басым бағыттарды іске асыруды жүктеді. Осыған байланысты облыста көптеген жұмыстар қолға алынды нәтижесінде экономиканы өркендету, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында көптеген мәселелер шешілді. Атап айтсақ, 1 қаңтардан бастап, 42 мың теңгеден төмен жалақы алатын бюджеттік ұйымдардағы 39626 қызметкердің және жеке кәсіпорындардағы 21 мың жұмыскердің жалақысы көтерілді. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 39386 адам тартылып, 21496 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Тарифтерді төмендету бойынша жыл басынан бастап нақты жұмыстар жүргізілуде. Соның арқасында тауарлы газдың шекті бағасы 21,1-ден 18,7 теңгеге, тауарлы газды тасымалдау қызметі 1000 текше метр үшін 7,9 мыңнан 7,2 мың теңгеге түсті. Тұрғындар үшін оның бөлшек сатылымдағы бағасы 27,2-ден 25,5 теңгеге төмендетілді. Ауызсудың 1 текше метріне бұрын 58,5 теңге төлеп келсе, енді 45,1 теңге береді. Кәріз қызметі 18,7-ден 18,31 теңгеге төмендеді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару тарифі 100-ден 94 теңгеге, лифт қызметінің төлемі де азайтылып, 1 пәтер үшін енді 770 емес, 715 теңге ақы алынады, – деген Бекболат Серікбекұлы облыста атқарылған тірліктерге тоқталды. Баяндамашының мәліметтерінен аңғарғанымыз – аймақта барлық салада өзгерістер бар.
«КазТрансГаз» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы директорының кеңесшісі Айтқазы Қарабалаев аталған конференцияның мандат комиссиясының құрамын таныстырған соң күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер қаралды. «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» және партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов таныстырды. Партия тарихына шолу жасаған ол 20 жылда қол жеткізген жетістіктерге тоқталып, алдағы мақсат міндеттерді айтып өтті.
– Жастар жылына орай қабылданған шараларды табысты орындау үшін қоғам болып жұмыла кірісуіміз керек. 27 ақпан күні Астана қаласында өтетін партиямыздың кезекті ХVІІІ съезінде «Әл-ауқатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданбақ.
Аталған партиялық құжаттың жобасы осы жылдың қаңтар-ақпан айларында өткен бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партияның Тараз қалалық және аудандық филиалдары конференцияларында талқыланып, үлкен қолдауға ие болып отыр.
Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін елді жүйелі жаңғырту. Сондықтан да бағдарлама 10 жылдың ішінде әл-ауқатты қоғам құруға бағытталған, - деп, Ерқанат Нұрбапаұлы құжатта көзделген 10 мақсатты тарқатып айтты.
Конференцияда жарыссөзге шыққан партия ардагері Қайрат Шотбақов, облыстық филиал жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек өз ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектерін жеткізсе, партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хабарлады.
Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов 20 жылда партияның бағындырған белесіне, атқарылған толайым жұмыстарға тоқталды.
– Соған қарай халықтың сеніміне ие болған құрылымның беделі арта түсті. Алайда қолға алынатын жұмыстар әлі де көп. Соны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып атқарайық, – дей келе, партия мүшелерін мерейтоймен құттықтады.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезіне Әулиеата өңірінен 70 делегат сайланып, қаулылар қабылданды. Бұл жиында партияның 20 жылда атқарған нәтижелі жұмыстары сараланып, алдағы биік межелер айқындалмақ.

Альмира Омарова
Тараз қаласы.