Органикалық егіншіліктің келешегі зор
Органикалық егіншіліктің келешегі зор
Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығында органикалық егіншіліктің маңызы жайлы аз әңгіме айтылып жатқан жоқ. Оның біздің өңірімізде де көтерер жүгі салмақты болып тұр. Осыған орай біз осы саланың білгір де білікті маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент мүшесі, ҚР АШҒА және Моңғолия АҒА академигі, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің құрметті докторы, Қытай Халық Республикасы Синьцзян Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының профессоры, ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Агрономия» кафедрасының меңгерушісі, университет ректорының кеңесшісі Серік Кененбаевпен органикалық егіншіліктің бүгінгі жағдайы мен келешегі туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Серік Барменбекұлы, егіншілік өнімдерін өндіруде интенсивтендіру қалай жүргізілуде?
– Әлемнің көптеген аймақтары егіншілікті қарқынды жүргізудің жоғары деңгейінің нәтижесінде жаһандық деңгейдегі экологиялық дағдарыста тұрған аймақтар санатына енді. Америкалық эколог Барри Коммонсом «Бәрі бір-біріне байланысты…» деген тұжырымдаманы өте дұрыс айтқан. Біздің планетамыз үлкен болып көрінгенмен, онда болып жатқан үдерістердің барлығы өзара байланысты. Мәселен, Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде қолданылатын пестицидтер Антарктиданы мекендейтін пингвиндердің бауырынан табылған. Ал Чернобыль АЭС радионуклидтері Украина, Белоруссия мен Ресейдің ғана емес, сонымен қатар Германия, Швеция, Норвегия және басқа да батыс еуропалық елдерде тұратын әйелдердің сүтінің құрамынан кездескен.
Соңғы кездері адамзаттың қисынсыз әрекеттерінің салдарынан жердің шөлейттену тенденциясы үдей түсті. Адамзат даму тарихында өнімді болған жерлердің 1 миллиард гектардан астамын шөлейтке айналдырды. Табиғатты дұрыс пайдаланбаудың, ауаны, су мен топырақты химиялық ластаудың салдарынан әлемде жыл сайын 6 миллион гектар жер шаруашылық айналымынан шығуда. Тағы 20 миллион гектар жер ауыл шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамсыз болып қалуда және топырақ құнарлылығын қалпына келтіру үшін экономикалық тұрғыдан орасан қаражатты талап етеді. Жаһандық экологиялық күйзелісті топырақтың тозуынан ғана емес, сондай-ақ табиғи ландшафтардың бүлінуінен де байқауға болады.
– Егіншілік өнімдерін өндіруде минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтердің маңызы зор. Дұрыс қолданылмаса, зияны да бар.
– Жыл сайын әлемде миллиондаған тонна пестицид өндіріледі. Пестицидтер (фунгицидтер, фумиганттар және т.б.) негізінен топырақта ыдырамайды және топырақ микрофлорасының көптеген тармақтарына кері әсер етеді. Әрине, химиялық заттарды енгізу ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Алайда химиялық тұрғыдан соққы береді және топырақ құнарлылығының негізін, оның гуминді заттарын бұзады. Ал тез ерімейтін тыңайтқыштар топырақта жинала береді. Өсімдіктерге жайсыз формаға айналады, қорек элементтерінің тапшылығын тудырады. Сөйтіп топырақты жайсыз формадағы қорек заттарымен молайтады. Бір тонна фосфор тыңайтқышынан топыраққа 150 килограмм фтор, 1 тонна калий тыңайтқышынан 600 килограмм хлор түседі. Күшәла, қорғасын, кадмий, стронций сияқты минералдық тыңайтқыштар қоспасы мен басқа да элементтер қауіп төндіреді. Бұл құбылысты топырақ қасиетінің өзгеруі емес, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы ретінде қарастыру керек. Оның тез арада қайта қалпына келуі қиын. Нәтижесінде топырақ өсімдіктердің өсу мен даму қажеттілігін өтей алмайды. Топырақ құрылымының бұзылуының әсерінен оның үстіңгі қабаты тозаңды құрылымға ие болады.
Ісік ауруларын зерттеу жөніндегі Халықаралық агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, адамдарда пайда болатын ісіктің 85 пайызы қоршаған ортаның кері әсерінен болады. Олардың арасында пестицидтер ерекше орын алады. Планетамыздағы халық саны ұдайы өсуде. Сонымен бірге азық-түлікке деген қажеттілік те үнемі артуда. Гендік инженерия әдісімен ауыл шаруашылық дақылдарының жаңа, жоғары өнімді сұрыптарымен жануарлардың тұқымы шығарылып, кеңінен пайдаланылуда. Бүгінгі таңда ГМО-ны тамаққа жүйелі түрде пайдалану ағзаның мутациясына алып келетіндігі баршамызға белгілі. Сондықтан да заманауи агроландшафтарда экологиялық жағдайларды жақсарту, топырақ құнарлылығын сақтау мен жаңғырту, дақылдардың өнімділігін арттыру, ауыспалы егістіктерді қолдану қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық таза өнім алу мақсатында жалпы егіншіліктің органикалық жүйесін жүргізу, экологиялық тұрақты және қауіпсіз технологиялар мен амалдарды жасау қажеттігі туындауда.
– Қазір халықтың органикалық егіншілікке деген ынтызарлығы мен ықыласы ерекше. Ауыл шаруашылығында органикалық егіншіліктің әлемдегі пайдалану барысы жайлы айтсаңыз…
– Бұл мәселе күн тәртібінен түспейтін көкейкесті нәрсе. Органикалық ауыл шаруашылығын зерттеу институты (FiBL) және Халықаралық органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясының (IFOAM) мәліметтері бойынша әлемде органикалық егіншілікке пайдаланылатын жерлердің көлемі ұдайы артуда. Соңғы 16 жылда олардың көлемі 4 есеге ұлғайды және 2016 жылы 48,7 миллион гектар алқапты құрады. Органикалық өндіріс туралы статистикалық мәлімет 172 елден келіп түседі. Әлемде 2,3 миллион органикалық өндірушілер сертификатталған, олардың ¾ бөлігі дамушы елдерде орналасқан. Әлемдік ауыл шаруашылық жерлерінің 1пайызы көлемінде. Жалпы, органикалық ауыл шаруашылығына үлкен жер көлемі бөлінген. Яғни Австралияда – 17,3 миллион, Латын Америкасында – 6,6 миллион, Еуропада – 11,5 миллион, Азияда – 3,4 миллион және Африкада 1,2 миллион гектар. Еуропалық елдердің ауыл шаруашылық жерлерінің құрамында егістік – 43, жайылымдық – 41, көпжылдық екпелер 12 пайызды алып жатыр.
Органикалық өнімнің мынадай артықшылықтары бар: тамақтанудың экологиялық қауіпсіздігі, өнімдердің жоғары сапасы және балғындығы, үздік дәмдік қасиеттері, өндіру процесіне табиғи ортаны сақтау және генетикалық модифицияланған ағзалардың болмауы.
Органикалық өнімнің дені әлемнің жоғары дамыған индустриалды елдерінде сатылады. Жалпы тұтынудың 78 пайызы Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне тиесілі.
Нарықты талдау жөніндегі халықаралық сарапшы Эндрю Уорктың және халықаралық талдаушы Мажид Бенжилонның пікірі бойынша, алдағы 10 жыл көлемінде нарықта геномдық модифицияланған бидайдың үлкен партиялары болады. Қазақстанға да экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімдерін шығару және сату керек.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында республикамызда ауыл шаруашылығында органикалық егіншілікке басымдық беруді міндеттеді.
– Елімізде экономикалық байланыстардың үзілуінен, шаруашылық жүргізу формасының ауысуы, минералдық тыңайтқыштардың қымбаттауы салдарынан 1990 жылдан бері республикада 672,1 мың тонна ғана тыңайтқыш өндірілген. Нәтижесінде өндіріс көлемінің де, оларды танаптарда пайдаланудың да ауқымы күрт төмендегені байқалды. Бұл тенденция бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. 2015 жылы Қазақстанда минералдық тыңайтқыштарды енгізу мөлшері гектарына 5 килограмға жетті. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде 500-600 килограмды құрайды. «Жасыл экономиканы» қалыптастыру Қазақстан дамуының стратегиялық векторы болып табылады. Президент: «Қазақстанда жердің 90 пайызы химикаттармен және пестицидтермен ластанбаған. Сондықтан халықаралық рыноктарда үлкен сұранысқа ие таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар. 2050 жылға қарай азық-түлікке сұраныс әлемде 40 пайызға артады. «Жасыл экономика» беретін барлық осы басымдықтар үшінші индустриялық революцияның негізі болады» деген еді. Сондықтан да егіншілік мәдениетін өзгерту, мал шаруашылығын жандандыру, ет, сүт және егін шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болу міндеті қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесі ретінде 2050 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімі еліміздің ІЖӨ үлесінде 5 есеге артуы тиіс.
Қазіргі кезде елімізде органикалық өнімдерді өндірудің статистикасы жүргізілмейді. Бұл бағыт Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Дегенмен ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы В.Григоруктың мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасында эко өнімдерді шығаруға жарамды егістіктердің көлемі келешекте 13 миллион гектардан астам жерді алуы мүмкін.
Жағдайды түзеу және шикізат пен азық-түлік және ауыл шаруашылық өнімдері өндірісінің көлемін арттыру, топырақты құнарландырып суармалы жерлердің өнімділігін көтеру және экологиялық таза өнім алу, айналымға қазір қолданылмайтын және қордағы 6,8 миллион гектар жерді тарту, бұрын пайдаланылған 600 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру керек.
Мал шаруашылығы саласында жемшөп өндірісін дамыту, тозып кеткен жайылымдық жерлерді қалпына келтіру, пайдаланылып жатқан 63 миллион гектар жайылымдықтың 20 миллион гектарын суландыру жоспарланып отыр. Қайта өңдеу саласында сапаның халықаралық стандарттарына көшу, өндірістің техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды іске асыру қажет.
Осыған байланысты 2015 жылдың соңында «Органикалық өнімді өндіру» туралы Заң қабылданды. Ол экологиялық таза өндірісті дамыту үшін мүмкіндіктер ашты. Осы заңды қабылдай отырып Қазақстан органикалық өндірісті қолдайтындығын көрсетті және оны өндірілетін өнімнің тазалығына кепіл беруге қабілетті мемлекет ретінде әлемдік нарықта орнықты.
– Сіз өткен жылдың қазан айынан бастап аграрлық университет ректорының кеңесшісі және «Агрономия» кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалдыңыз. Бұл – сізге артылған зор сенім. Енді алдыңызда қандай міндеттер тұр?
– Мен 40 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның ғылым саласында қызмет етудемін. Толығырақ айтқанда, топырақ құнарлылығын оңтайландыру, тыңайтқыштарды саралап қолданудың, яғни экологиялық таза өнімдерді өндірудің, адаптивті ландшафт, органикалық, геоақпараттық егіншілік жүйелерін, ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыру әдістемесін және инновациялық қор, су үнемдеу технологияларының әзірлемелерін дайындап, ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына шама-шарқыма қарай үлес қосып жүргенімді үлкен бақыт санаймын.
Осы ұстанымыма сүйеніп айтар болсам, туған жерге деген сүйіспеншілігімнің арқасында бала кезімнен бастап шаруа еңбегіне құрметпен қараймын. 1954 жылы 29 қарашада Жамбыл облысы, Шу ауданы, Белбасар ауылында дүниеге келдім. Оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл шаруашылықта жұмыс істеп, содан кейін Қазақтың мемлекеттік Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны үздік дипломмен бітірдім.
1978 жылы көктемде В.Вильямс атындағы Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, 1984 жылы кандидаттық, ал 2002 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. Осы институтта 1980-2002 жылдары аға зертханашыдан ғылым жөніндегі директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілдім.
2003 жылдан бастап басшылық қызметтерде болдым, яғни Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, «ҚазАгроинновация» акционерлік қоғамының вице-президенті, президенті және басқарма төрағасы қызметтерін атқардым. 2012 жылдың қарашасынан 2018 жылдың қазан айлары аралығында өзім бұрын басқарған Қазақтың егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жетекшілік еттім.
340 ғылыми еңбектің авторымын, оның ішінде 16 кітап және каталог, 44 ұсыныс және төрт монография, өнертабыстар мен селекциялық жетістіктер үшін 17 патент пен авторлық куәліктерім бар. Менің жетекшілігіммен үш докторлық және жеті кандидаттық диссертациялар, сондай-ақ үш PhD докторы қорғалды.
«Академик А.Бараевтың жүз жылдығы», «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығы», «Моңғолия тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Үздік ғалым», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. Кеден одағы елдерінің, Алматы облысының, Жамбыл облысы Шу ауданының және Алматы облысы Қарасай ауданының Құрметті азаматымын.
Енді, міне, ғылым саласында көптеген тәжірибе жинақтап, осы тәжірибені аграрлық мамандар даярлауға, тәрбиелеуге арнасам деп отырмын.
Елдің экономикалық дамуы және бәсекеге қабілеттілігі, көбіне білім мен ғылымға тәуелді. Осы жолда Қазақ ұлттық аграрлық университеті шешуші рөл атқарады. Осынау қара шаңырақты басқарып отырған университет ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполовтың ауыл шаруашылығын алға сүйреудегі еңбектері орасан зор екені аян. Атап айтсақ, университет отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымын жан-жақты дамытуда жүйелі жұмыс жүргізіп, сұранысқа сәйкес білім беру бағдарламалары спектрін тұрақты түрде кеңейтуде. Оған дәлел 2017 жылы университет Nebometrics Ranking of World Universities рейтинг көрсеткіштері бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары арасында 3-орынды иеленді.
– Қазақстанда органикалық егіншілікті және органикалық өндірісті кеңінен дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алыну керек?
– Бұл бағытта алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар ауқымды. Органикалық егіншілік мәселесі қазіргі таңда әр мемлекетте қызу талқылаудан өтіп жатыр. Өткен жылдың соңында Моңғолия ауыл шаруашылық университетінің шақыруымен «Орман-дала-шөлді аймақтарда жерді ауыл шаруашылығы саласында пайдаланғанда туындайтын экологиялық мәселелер» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысып қайттым.
Конференцияға Қазақстан, Қытай, Жапония, Ресей, Моңғолия, Америка және Сербия мемлекеттерінен көптеген ғалымдар қатысты.
Осы конференцияда «Органикалық егіншілік осы заманның егіншілік жүйесінің экологиялық қауіпсіздігінің негізі» тақырыбында баяндама жасадым. Ондағы ортаға салған ойларымды ғылымға негізделген ойларыммен ашық айтқанымды қатысушылар бірауыздан қолдады. Ал біздің республикамызда органикалық өндірісті кеңінен дамыту үшін: органикалық өнім мен шикізат өндірісінің техникалық регламенттері, органикалық өнімді өндіру, тасымалдау, сақтау, сату субъектілерінің жұмысын мемлекеттің бақылау аккредитациясы, сертификациясының ұлттық жүйесі, органикалық өнімді маркерлеудің талаптары мен тәртібі, органикалық өнімді өндіру үшін топырақ жарамдылығын бағалау тәртібін әзірлеу және бекіту қажет. Сонымен қатар әлеуетті экспорттық нарыққа маркетингтік зерттеу жүргізу, азаматтық қоғам ұйымының жұмысын белсендендіру, білікті кадрларды даярлауды ұйымдастыру, органикалық өнім мен шикізат өндірісі саласындағы ғылыми-зерттеулерді тереңдету және тағы басқа өзге мәселелерді талап тұрғысынан жүзеге асыру керек.
Әңгімелескен Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.