Жемқорлықтың алдын алуда жұмыла жұмыс істеу керек
Жемқорлықтың алдын алуда жұмыла жұмыс істеу керек
Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыру және діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру саласында заңнама бұзушылығына жол бермеу мақсатында өткізілген басқосуға мемлекеттік қызметшілер, ведомстволық мекемелер, өңірлік дін істері басқармалары мен орталықтары, діни бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, сонымен қатар осы бағытта жұмыс істейтін ҮЕҰ мүшелері, олардың ішінде «Терроризмге қарсы комитет», «Дінтанушылар конгресі», «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестіктері, «Арлан» жастар патриоттық орталығы», «Ұлағат» қоғамдық қоры және басқалары қатысты. Жиында Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын сөз сөйлеп, құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған заңдарды қатаң сақтау қажеттілігі жайында атап өтті. «Сыбайлас жемқорлық көріністері қоғамның прогрессивті дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан мемлекет пен барлық азаматтық қоғам институттары осы жағымсыз құбылысқа қарсы тұру үшін күш-жігерді біріктіруі тиіс. Атап айтқанда, тек қана жеке командаларда ғана емес, тұтастай қоғамда құқық бұзушылықтарды жасайтын жағдайлар мен себептерді анықтай отырып, жоюға және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік атмосферасын құруы қажет», деді министрдің орынбасары. Семинарға спикерлер ретінде қатысқан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Бас прокуратураның, Қарағанды мен Павлодар облыстарының дін істері жөніндегі басқармаларының және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының, еліміздегі православ және католик шіркеулерінің өкілдері баяндама жасады. Мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстандағы заңнама бұзушылықтарының алдын алу және осы бағытта атқарылып жатқан шаралардың оң нәтижелерін жеткізді. Діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қатысушыларға тәжірибеге енгізілген тетіктер (механизмдер) туралы, атап айтқанда, мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, стандарттар, қаржылық бақылау шаралары және т.б. бойынша түсіндірмелер берілді. Діни қызметкерлер әрбір әлемдік және дәстүрлі дінде адамның өмірін реттейтін, оның этикалық стандарттарын көрсететін нұсқаулар бар екенін және олар әртүрлі болса да, жалпы мағынасы жемқорлықтан бас тарту екенін атап көрсетті. Семинар барысында қатысушылар діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру саласындағы заң бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша ашық диалог жүргізіп, нәтижелі пікір алмасты.