Қоғам

Елбасы бастамалары мен тапсырмалары нақты іске асырылуда

Елбасы бастамалары мен тапсырмалары нақты іске асырылуда

Алдын ала белгілеген кестеге сәйкес, аудан әкімі бұған дейін барлық ауылдық округ орталықтарында есеп беріп шыққан болатын. Ал кеше облыс аудандары арасында алғашқылардың бірі болып Бақтияр Көпбосынов аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есебін берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысты. Басқосуды аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлы ашып 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы баяндама жасады.

– Бүгінде ауданда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді, – дейді аудан басшысы. – Жолдаудағы басымдыққа ие бағыттар мемлекетіміздің өркендеп, болашағымыздың бүгінгіден де нұрлы бола түсуіне кең жол ашатыны анық. Атап айтқанда, онда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін 6 негізгі міндетті жүзеге асыруға бағытталған рухани жаңғыру бағытындағы іс-шараларды іскерлікпен, үйлесімді түрде жүргізу міндеті алға қойылған. Жуалылықтар, міне, осы тұрғыдағы Елбасы бастамалары мен тапсырмаларын нақты іс жүзіне асыруда айрықша құлшыныс танытуда. Есепті мерзімде 24 миллиард 888,1 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 106,6 пайызды құрады. Сондай-ақ «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы «50 ауыл» концепсиясын жүзеге асыру аясында 9 сүт, 5 ет бағытындағы 14 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. 513 мүшесі бар кооперативтер бүгінгі таңда 579 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 3987 тонна сүт өндіріліп, мемлекет тарапынан 39,8 милион теңге субсидия төленді. Ет бағытында кооперативтер тарапынан 350 тонна ет өндірілген. Сондай-ақ мал басы алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 11, қой мен ешкі – 7,2, жылқы – 13, шошқа – 2,9, құстар 2,3 пайызға өскені байқалады. Өткен жылдың қорытындысымен облыста екінші, құрылыс саласы бойынша бірінші, инвестиция тартудан екінші орындарды иелендік. Айта кету керек, мұндай жетістіктерге көпшіліктің айрықша күш-жігер жұмсауының арқасында қол жеткізілді. Шаруа қожалықтарының техника паркі жаңаруда. Мұнай базасының ашылуы нәтижесінде өңірде бензин бағасы тұрақтанып, 5 теңгеге арзандап отыр. Дизель отынының бағасын төмендету шаралары жүргізілуде. Құрылыс көлемі артып келеді. Қызыларық ауылында 150 орындық орта мектеп іске қосылды. Көктөбе тұрғын үй алабында инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынуда. Биыл аудан орталығында кезекте тұрған азаматтарға жер телімі беріле бастайды. Елді мекендерде ауызсу тапшылығы айқын сезілуде. Осы мәселені шешу үшін алдағы екі-үш жылда ауданның 15 елді мекеніне ауызсу құбыры тартылатын болады. Таулы өңірдегі 15 ауыл да 2-3 жылда толығымен газдандырылады. Бұл – тұрғындардың әлеуметтік мәселесі шешіледі, тұрмыс сапасы жақсарады деген сөз, – деген баяндамашы білім, денсаулық, спорт және басқа да салаларға тоқталып өтті. Баяндамадан соң жарыссөзге бірінші болып Ақсай ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев шықты. – Өткен жылы ауданда көп шаруа атқарылды. Атқарылып та жатыр. Жалпы, облысқа Асқар Исабекұлы әкім болып келгелі көп өзгеріс жасалды. Ауданымызда соғылып жатқан «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысының бастау алуына да ол кісінің қосқан үлесі зор. Мен өткен жылы облыс әкімінің облыс тұрғындарына берген есебінде, онлайн жүйесінде байланысқа қосылып, ауданның таулы аймағында орналасқан 4 ауылдық округке қарасты 15 елді мекенге табиғи газ тартуға көмектесуін сұраған едім. Біздің сол өтінішімізді аймақ басшысы ескерусіз қалдырмады. Өңір басшысы сөздің емес істің адамы екенін тағы танытты. Бұл мәселені 2014 жылдан бері тұрақты көтеріп келемін. Араға төрт жыл салып, шаруа оңынан шешіліп отыр. Бір жағы бұл іске жерлесіміз, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың да қосқан үлесінің зор екенін айта кеткім келеді. Қазір 3 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралып, 15 елді мекенге газ құбыры тартылғалы отырғаны жуалылықтарды қуантуда. Сол елді мекен тұрғындары атынан Асқар Исабекұлына алғысымды білдіргім келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып бір ұсыныс айтсам. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын барлығымыз мұқият оқып шықтық. Сондағы жеті қырдың бірі – «Атқа міну мәдениеті» деп аталады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Бүгінде теңге ілу, көкпар ұлтымыздың ұлттық ойынына айналды. Өзіңіз білетіндей, биыл «Қаралма» тау-шағы кешені пайдалануға берілмек. Қыста туристер таудан шаңғымен сырғанаса, жазда ат мініп, серуендегілері келеді. Сондықтан да жаңа туристік орталық жанынан ат спорты үйірмесі ашылса екен. Бір жағы демалуға келген туристер атқа мінер еді. Әрі десе бұл Жастар жылы аясында жастарға жасалған үлкен қолдау болар еді деген ойдамын, – деді ардагер. Билікөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Әбсалямов: – Құрметті жиынға қатысушылар. Ауданда атқарылған барлық жұмысты көріп, біліп отырмыз. Соңғы жылдары ірі инвестиция тартылып, күн және су электр стансалары іске қосылып жатыр. Алатаудың етегінде «Қаралма» тау-шаңғы кешені соғылуда. Осының барлығы аудан экономикасын көтеруге өз септігін тигізеді деген ойдамын. Жалпы, барлық салада өсу, ілгерілеу бар. Былтыр ауданда «Қымыз мұрандық» фестивалін ұйымшылдықпен өткіздік. Одан кейін ауданның 90 жылдығын тойладық. Ауданның кіре берісінен «Мәңгілік ел» саябағы ашылды. Ол ара бүгін тамаша демалыс орнына айналып келеді. Балалардың барлығы сол жерде сырғанап, шаңғы теуіп, демалыстарын көңілді өткізуде. Бұл – Жастар жылы аясында жастарға керемет тарту. Аудан орталығынан шалғай жатқан Билікөл ауылдық округі де игі істерден құр қалып жатқан жоқ. Дарбаза мен Жылыбұлақ ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза ауызсу тартылды. Енді округ орталығы Қарабастауға да таза ауызсу тартылса деген өтінішіміз бар. Биыл ауылдағы орта мектеп жанынан спорт зал соғып беру үшін қомақты қаржы қаралып отыр екен. Бұл біз үшін қуантарлық жаңалық. Ауыл балалары енді шынығып қана қоймай сан түрлі спорт түрлерін меңгеретін болды. Ауыл тұрғындарының тағы бір өтініші бар. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның автокөлігі әбден ескірді. Он жылдан бері ауыстырылған жоқ. Сол автокөлікті ауыстыруға көмек берсеңіз, – деді. Сондай-ақ жарыссөзге шыққан «Жібек жолы» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Алпысбай Мелдебеков, Күреңбел ауылдық округіне қарасты Қаратас ауылының ардагері Алтынбек Қуанышев, аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Ал жастар атынан Қытай мемлекетінде оқып жатқан студент Айгерім Белгібай сөз алып, аудан жастарын Жастар жылы аясында білім алып, кәсіп меңгеріп, ел экономикасын дамытуға үлес қосуға үндеді. Залдан да көп сұрақтар қойылды. Соның ішінде Қызыларық ауылының тұрғыны Серік Садиров үш бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты әйелдің газын қиып кеткен аудандық газ мекемесі басшысының мәселесін қарауды ұсынды. «Қыстың көзі қырауда жылусыз қалған отбасы не істейді енді», – деді ол. «Өзім білмей қалдым. Білгенде ақшасын төлей салар едім. Аналары жұмысқа кеткенде балаларының шырылдағанына қарамай газдарын қиып кеткен. Оның мұнысы адамгершілікке жата ма?! Олардың от жағатын ошағы да жоқ. Пешін газға ауыстырған. Ертең үйінен өрт шығып, Астанадағыдай қайғылы жағдай қайталанып жатса кім жауап береді? Бір айға түсіністікпен қарауға да болады ғой. Бұл айда төлемесе, келесі айда қосып төлер. Сол үйдің газын қайта қосуға жәрдем берсеңіз». Аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлы бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатындығын айтты. Сонымен қатар жүздесу барысында қойылған сұрақтардың барлығына жан-жақты жауап беріп, жиынды қорытындылады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.