Бес боксшымыз жартылай финалда
Бес боксшымыз жартылай финалда
Венгрияның Дебрецен қаласында Иштван Бочкай атындағы бокстан дәстүрлі халықаралық турнир өтіп жатыр. Жыл сайын ұйымдастырылатын айтулы аламанда қазақ боксшылары да бақ сынауда. Турнирде топқа түсіп жатқан саңлақтарымыз ширек финалдық жекпе-жектерін өткізіп үлгерді. Ширек финалдық шайқастардың қорытындысы бойынша бес сайыпқыранымыз жартылай финалға жолдама алса, бірнеше боксшымыз жарыстан шығып қалды. Жартылай финал жолдамасын қалтаға салған 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі Сәкен Бибосынов, 56 килограмм салмақтағы Оразбек Асылқұлов, 75 килограмм салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет, 60 килограмм салмақ дәрежесіндегі Серік Теміржанов, 64 килограмм салмақта бақ сынаған Сабыржан Бекбергенов кем дегенде қола жүлдеге қол жеткізіп отыр. Әлбетте, аттары аталған былғары қолғап шеберлері қоланы алтынға айналдыруға күш салатыны анық. Қазақтың төл салмағы атанған 69 килограмда шаршы алаңға көтерілген Ермахан Жакпеков, 81 килограмда ел намысын қорғаған Михаил Коханчик жартылай финалға жетпей сүрінсе, сәл ертеректе 91 килограмм салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Нұрлан Сапарбай жеңілістің ащы дәмін татқан болатын. Иштван Бочкай атындағы аламанда қазақстандық былғары қолғап шеберлері ұдайы жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы боксшыларымыз аталмыш жарыста үш алтын, бір күміс, бір қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінген-ді. Осы жолы да өрендеріміз үздік нәтижеге қол жеткізуге үмітті. Ол үшін жартылай финалға шыққан боксшыларымыздың бірқатары алтын жүлдемен оралуы керек-ақ. Біз қазақ боксшыларының сенім үдесінен шығатындығына еш шүбә келтірмейміз. Өйткені олар бабында секілді.
Табиғат Абаилдаев