ӨНДІРІСТЕ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ
ӨНДІРІСТЕ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Мойынқұм ауданында соңғы жылдары өндіріс саласы өрге басып келеді. Өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне қарап, осыған көз жеткіздік. Мәселен, былтыр аудандағы кәсіпорындар өнім өндіруде жоспарды 2017 жылғы көрсеткіштен 9,7 миллиардқа артық орындапты. Кен өндіру мен карьерлерді қазудағы өндіріс көлемі 54,4 пайызға өссе, өңдеу өнеркәсібінде 5,6 пайыздық өсім байқалған. Жалпы, аудандағы жер көлемі 5 045 071 гектар болса, оның 684 792 гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Андасай қорығы да дәл осы ауданда орналасқан әрі біраз аумақты алып жатыр. Дәлірек айтқанда, оның аумағы 2 миллион гектарға жуық. Бірақ бұл шаруалардың егін шаруашылығын дамытуына кедергі болып отырған жоқ. Мысалы, мойынқұмдық шаруалар 2017 жылы 3936 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен болса, өткен жылы бұл көрсеткішті 240 гектарға ұлғайтып, 4176 гектарға егін егіпті. Елді мекендерді аралап, жыл қорытындысы бойынша тұрғындар алдында есеп берген аудан әкімі Мәден Мұсаев осыны айтты. Есеп беру кездесуін ең әуелі Мыңарал ауылдық округінен бастаған Мәден Тоқтарбайұлы былтырғы атқарылған жұмыстардың барысы туралы баяндады. Мыңаралда жөндеу жұмыстарын қажет ететін жалғыз мектеп қана емес. Жиында осыны алға тартқан ауыл тұрғыны С.Сатаева ауылда мәдениет ошағын жөндеу керектігін айтса, Б.Думанова қаңғыбас иттердің көптігін айтып, көмек сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы мәдениет ошағына жүргізілетін жөндеу жұмыстарының қаржыға тіреліп тұрғандығын айтып, алдағы уақытта бұл мәселенің оң шешілуіне атсалысатындығын жеткізді. Ауыл азаматтары көшені жарықтандыру және пошта бөлімшесін ғимаратпен қамтамасыз ету сынды мәселелерді де қозғады. Ал Шығанақ ауылдық округіндегі есепті кездесуде ауыл тұрғыны Т.Жұмабеков ауылда жастар саны артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Сондықтан олар бос уақытында бас қосып, пайдалы іспен айналысуы үшін тым болмаса шағын футбол алаңы салынса деген тілегін айтты. Көптің тілегін жеткізген Ақсүйек ауылының тұрғыны М.Думанов түнгі жарықтандыру барлық көшеде біркелкі болса екен дейді. Ақбақай ауылдық округінде өткен жиында С.Төлепбергенов Ақбақайдың аудан орталығынан шалғай орналасқанын, ал банкоматтан ақша алу үшін тұрғындардың жүздеген шақырымға сабылуына тура келетінін жеткізді. Өндіріс орындары ашылған ауылдарға жеңіл болуы үшін елді мекенге банкомат қойылса деп мәселе көтерді. Бұл ауылдық округтердің бәрі өндірісті аумақ саналады. Ал аудан орталығының іргесінде орналасқан Кеңес, Биназар және Бірлік – ауыл шаруашылығын өркендетіп отырған ауылдық округтер. Өйткені ауданда егілетін егіннің басым бөлігі осы округтерге тиесілі. Сондықтын осы елді мекендерде каналдарды тазалап, су шаруашылығы мекемесін ашып, жүгері егетіндерге тұқым дайындау жұмыстары басталып кеткен. Аудан әкімінің өзі бұл істі, яғни көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты жеке қадағалап, назарда ұстап отыр. Аудан әкімінің аталған үш ауылдық округтегі есеп беру кездесулерінде осы мәселелер қозғалды.
Мойынқұм ауданы.