Экономика

Аққұмға ауызсу келді

Аққұмға ауызсу келді

SAMSUNG CAMERA PICTURESАққұм – аудан орталығынан шалғай орналасқанымен, мұнда соңғы бес жылда мемлекеттік мекемелердің барлығы дерлік жоспар бойынша күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен, әлеуметтік мәселелері шешілген ауылдар қатарына жатады. Биылдың өзінде жергілікті бюджеттен дәрігерлік пункттің күрделі жөндеу жұмыстарына 16,1 миллион теңге, ауылға кіре беріс тас жолды жөндеуге 30,0 миллион теңге және ауызсу жүйесінің сервистік қайта жаңғырту жұмыстарына 49,6 миллион теңге бөлініп, жұмыстар атқарылу үстінде.

Ауызсу жүйесін жеке үйлерге кіргізу жұмыстарын жүргізуді Тараз қаласындағы «Монолит-Дизайн» ЖШС-і жеңіп алған. Қазіргі уақытта барлық қажетті құрылыс материалдары жеткізіліп, жұмыстар басталып та кетті. Негізгісі – су құбырын арнайы құдықтан аулаға дейін жеткізіп беру болып саналады. Алайда, ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша мердігерлер оны тұрғындардың ауласы ішіне дейін кіргізіп беруде. Біз ауыл тұрғындарын әңгімеге тартқан едік. Солардың бірі, Барбол көшесінің тұрғыны Жасан Әбдіхайымов: – Ауылда ауызсу бұрын уақытпен ғана берілетін болса, енді, міне, жаңа бағдарлама бойынша оны үй-үйге кіргізіп беруде. Биыл ғана үйге газ құбырын кіргіздік, енді міне, су құбырын да тартқыздық. Алдағы уақытта есептегіш құралын орнатып береміз деп отыр, Үкіметтен бұдан артық қандай қамқорлық қажет? – деді. Ал, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жүнісбек Оспанбеков: – Ауылды дамытуға соңғы жылдары Үкімет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Соның ішінде біздің ауылда да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Кейінгі кезде барлық мемлекеттік мекемелер жөнделді, екі көшеге жарық орнатылды, ауылда бүгінге дейін 80 үйге газ құбыры тартылса, қазір «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әрбір жеке үйге су құбыры тартылып, жеке есептегіш құралдары орнатылуда. Ауызсу жүйесін жүргізіп жатқан мердігерлерге рахметімізді айтамыз, өйткені елдің сұранысы бойынша арықтарды аула ішіне дейін қазып беруге көмектерін тигізуде, – деп ағынан жарылды. Осылайша аудандағы әр ауылды газ және сумен қамту жұмыстары жалғасуда. Сәтін салса мұндай игілікті ауданның өзге елді мекендері де көретін күн алыс емес.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

«Ақ жол».

Талас ауданы.