Саясат

Бюджет қаржысы көзделген мақсат бойынша игерілуде

Бюджет қаржысы көзделген мақсат бойынша игерілуде

Өткен жылы бюджеттік меншікті кірістердің орындалуы 107,8 пайызды құрап, еліміздің өзге өңірлері арасында Жамбыл облысы үшінші орыннан көрінген еді. Бұл туралы өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің алдында есеп берген облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева мәлімдеді.

Басқарма басшысы бюджеттік кірістер артығымен орындалып, бюджет 100 пайызға игерілгенін жеткізді. Десе де облыстың кейбір аудандары мен ауылдық округтері бюджеттерін игеруде сылбыр жұмыс істегені жасырын емес. Олардың қатарында Т.Рысқұлов, Шу аудандары және Тараз қаласы бар. Аталған аудандар мен қаланың бюджеті 99,9 пайызға орындалған. Атап айтсақ, өткен жылы салықтық түсімдер 105,5, салықтық емес түсімдер 110,8, негізгі қорды сатудан түсетін түсімдер 140,7 пайызға атқарылған-ды. Ал трансферттердің түсімі 100 пайызды құраған. Жиында жалпы кірістер жоспары 114 ауылдық округте толығымен орындалғаны айтылғанымен, кейбір түрлері бойынша жоспарға қол жеткізе алмаған 16 ауылдық округтің бар екені белгілі болды. Сондай-ақ кеңесте кірістерді ұлғайту бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарының орындалу барысы да қаралды. Роза Әбдірқызы мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан белгіленген 22 іс-шараның 5-еуі, аудандар мен Тараз қаласының әкімдерімен бірлескен 19 іс-шараның 9-ы, жер қатынастары басқармасы белгілеген 4 іс-шараның 2-еуі орындалмағанын айтты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, сәулет-құрылыс бақылау басқармалары мен Шу-Талас бассейндік инспекциясымен белгіленген шаралар да орындаусыз қалған. Асқар Исабекұлы жылдың көрсеткіштері жақсы деңгейде екенін айтып, алдағы уақытта да бюджеттік кірістер мен шығыстарды қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.