Әлеумет

Өртке оранған бейкүнә періштелер

Өртке оранған бейкүнә періштелер

Құдай-ай, тілі жалаңдаған жалынның құрсауында қалғанда не күйде болды екен, жандарым? «Анашым!» деп шыңғырды ма екен? «Әкешім!» деп жылады ма екен, әлде? Ең үлкені - 13 жасқа толған әпкелері шырылдаған бауырларын құтқармақ боп жанталасқан шығар-ау! Әлде... бәрі алдымен түтінге уланып, көз жұмды ма? Онда... жандары мен ойлағандай қиналмаған шығар-ау! Өмір не деген әділетсіз? Тағдыр қандай қатыгез? «Біреудің ажалы - оттан, біреудің ажалы - судан» деп отырушы еді баяғының күншуақты күзеткен момын шалдары. «Е, Жаратқан, бәле-жалаңнан сақтай гөр» деп күбірлеп қоятын сосын. Солар айтқандай, Қазақ халқын бәле-жалаңнан сақтай көрші Алла тағала! Бар қиындықты баспанасыздар мен жарлы-жақыбайлардың басына үйіп-төгіп қоятыны несі екен осы? Кешіре гөр, Құдай! «Жазымышыңа» шүбә келтіріп отырған жоқпын. Бірақ жазықсыз періште-бөпелердің отқа оранатындай не жазығы бар еді дейім де? Ойлайтыны - арамдық, жасайтыны - жамандық небір құзғын-адамдар жүр ғой осы қара жерді қорықпай басып. Уһ... Айтарға сөзім жоқ. Отқа оранған бейкүнә періштелер енді тоңбайтын шығар. Отқа оранған бейкүнә періштелер енді үлке-е-ен Астананың ең кішкента-а-ай үйінде тұрғандарына қымсынбайтын шығар. Отқа оранған бейкүнә періштелер енді ата-аналары түн қатып жұмысқа кеткенде ештеңеден қорықпайтын шығар. Жә... Олар енді Жұмаққа тікелей тартып, оның төрінен бірден орын алатын шығар. Тілім-тілім болған жүрегімді осылай жұбатам, қайтем енді.

 

Көсемәлі Сәттібайұлы