Саясат

Тұрғындарды ауызсумен қамту назарда

Тұрғындарды ауызсумен қамту назарда

Кеше өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.

Басқарма басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндама жасап, жыл бойы атқарған жұмыстарымен қатар кемшіліктерді де жіпке тізгендей етіп айтып берді. Алдымен ол ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы түйінді нысаналы индикаторлардың орындалу барысына тоқталды. Одан кейін қалалардағы орталықтандырылған сумен жабдықтау 88, су бұрумен қамтамасыз ету 60,5 және газбен жабдықтау 95,31 пайызға орындалғандығын баян етті. Ал ауылдарды сумен қамтамасыз ету 53,3, газбен жабдықтау жұмыстары 48 пайызға ғана атқарылған. Жалпы, өңірде өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылған 10 жоба толығымен жүзеге асқан. Ағымдағы жылы тағы 10 жобаны іске асыру көзделуде. Жиында орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған тұрғындардың бүгінгі хал-жайы да сөз болды. Былтыр бұл санаттағылардың саны 150 мыңға жуық болатын. Өңір басшысы оның санын тиісті мекемеге 50 мыңға дейін түсіруді тапсырған. Бірақ бүгінгі таңда орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған тұрғын саны 7 мыңды құрап отыр. Аймақ басшысы бұл бойынша тиісті тұлғалар мен тапсырманы орындауда сылбырлық танытқан аудан әкімі орынбасарларының жауап беруін талап етті. Асқар Исабекұлы Елбасы Жолдауында айтылғандай, xалықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған шараларды атқаруда немкеттілік танытуға болмайтындығын ескертті. Сондай-ақ өткен жылы атқарылған жұмыстардың негізгі жемісі ретінде саладағы тиісті есептеулер мен зерттеулердің жақсы аяқталғанын атап өтті. Соңынан алдағы өзекті мәселелерді шешу жолында бірлесе жұмыстар атқару керектігін тапсырды.