Заң Бұзушылықтарға жол берілмейді
Заң Бұзушылықтарға жол берілмейді
Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 13 және 29-шы баптарында бекітілген мемлекеттік аудит нысандарының тізбелеріне сәйкес, өткен жылы 41 мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүзеге асырды. Оның 36-ы – мемлекеттік аудит, 5-еуі – сараптамалық-талдау шарасы. 2017 жылы осындай 36 іс-шара жүргізілген болатын.
Жалпы есепті кезеңде жүргізілген мемлекеттік аудит пен сараптамалық-талдау іс-шараларының 17-і тиімділік, 24-і сәйкестік аудиті болып есептеледі. 2018 жылы 168 мемлекеттік аудит нысанында жоспарлы тексерістер жүргізілді. Оның 152-і мемлекеттік мекеме болса, 16-ы квазимемлекеттік сектор субъектілері. Мемлекеттік аудитпен қамтылғаны 159 921,6 миллион теңге. Оның ішінде жергілікті бюджеттің қаражаты – 143 290, 9 миллион теңге, яғни 89,6 пайыз болса, республикалық бюджет қаражаты (оның ішінде республикалық бюджеттен берілген нысаналы трансферттер және бюджеттік кредиттер) – 16 630, 6 миллион теңгені немесе 10,4 пайызды құрайды. Жыл бойы жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесінде 8 041, 9 миллион теңгенің бұзушылықтары анықталып, жалпы аудитпен қамтылған қаржының 5 пайызын құрап отыр. Оны бөліп қарастыратын болсақ, қаржылық бұзушылық 3 947, 4 миллион теңгені құрап, 49,1 пайызды көрсетті. Ал 213 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар болса 4 030,1 миллион теңгенің көлемінде. Пайыздық өлшемі – 50,1. Тиімсіз жұмсалған бюджет қаражаты, мемлекеттік активтері – 64, 4 миллион теңге, яғни 0,08 пайыз көлемінде. Анықталған бұзушылықтардың ішінде қалпына келтірілуге және өтелуге жататыны 3 792,7 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 200, 9 миллион теңгесі бюджет кірісіне өтелуге, 3 591, 8 миллион теңгесі қалпына келтірілуге жатады. Тұтастай алғанда қалпына келтірілуге және өтелуге жататын 3 591, 8 миллион теңгенің 2 118, 1 миллион теңгесі бүгінгі таңда орнына қойылған. Ол қаражаттың 127, 1 миллион теңгесі бюджет кірісіне алынса, 1 991,0 миллион теңгесі қалпына келтіріліп отыр. Айырмасы болып табылатын қалған сома қабылданған қаулылар, жолданған нұсқамаларда белгіленген мерзімдерде орындалады деп күтілуде. Жалпы жүргізілген мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларының қорытындылары бойынша есепті кезеңде тексеру комиссиясының 42 қаулысы қабылданды. Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және кемшіліктерге жол берген лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігін қарау жөнінде мемлекеттік аудит нысандарына 82 нұсқама жолданды. Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік аудит нысандарының 220 қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 185 азаматқа ескерту, 30 тұлғаға сөгіс, 4-не қатаң сөгіс берілсе, 1 қызметкердің лауазымы төмендетілді. Сонымен қатар 37 қызметшіге 3 764,9 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Ал 2017 жылы 348 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 30-на 4 561,1 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған болатын. Лауазымды тұлғалар тарапынан ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Бухгалтерлік есеп туралы» Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 29 материал әкімшілік шара қолдану үшін облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданған-ды. Оларды қарай отырып, барлық материал бойынша жалпы сомасы 2 020,2 мың теңгені құрайтын айыппұл салынды. Ал тексеру комиссиясының берген заңды талаптарын орындамағаны, есептiлiктi жасау мен ұсыну қағидаларын бұзғаны үшін 21 материал сот органдарына жолданып, жалпы сомасы 1 143,5 мың теңге болатын айыппұл салынып отыр. Сонымен қатар лауазымды тұлғалар тарапынан ҚР «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының талабы сақталмағандықтан, облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына әкімшілік құқық бұзушылық туралы 4 материал жолданып, 601,2 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз іс-әрекеттердің орын алуына байланысты процессуалдық шешім қабылдау үшін 4 материал құқық қорғау органына, атап айтқанда: 1-еуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментіне, 3-еуі облыстық прокуратураға жолданды. Ұлттық бюро аталған материал бойынша шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің хатшылығына берілді. Олардың қорытындысымен жауапты тұлғаны «атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Ал облыстық прокуратураға жолданған 3 материал бүгінгі күні қаралу үстінде.
Жарылқасын АЙТАҚОВ, Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы.
Тараз қаласы.