Экономика

Синцзян тігіншілері Таразға көз тігіп отыр

Синцзян тігіншілері Таразға көз тігіп отыр

Олар тігін және тоқыма өндірістеріне серпін бермек

Таяуда Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасында жергілікті тігін және тоқыма өнеркәсібі өкілдері қытайлық әріптестерімен кездесу өткізді.

Қытай-Еуроазиялық континентте тоқыма және тігін өнеркәсібінде қолжетімді және сапалы өнім өндіру жөнінде көптен бері көш бастап келеді. Ал, Синцзян – осындай өндірістер шоғырланған аудан. Қытайдың СУАР киім қауымдастығы осы өндірістегі заңдық тұлға болып табылады. Осы қауымдастықтың өкілдері Таразға киім өндірісінің деңгейімен танысу және осы саланы өркендету үшін көмек көрсетуге келді. Қытайлық әріптестердің бірлесіп жұмыс істеудегі жоспары көп. Олар біздегі әріптестермен бірге бірнеше тігін фабрикасын салуды, сөйтіп мыңдаған тараздықтарды жұмысқа тартуды көздеуде. Тігін және тоқыма өнеркәсібі өркендесе, облыс қазынасы жаңа қуатты жабдықтармен және елеулі қаржымен толығады. Синцзян қауымдастығы бизнесмендері төсек жабдықтары және сүлгіден бастап, қазақтың ұлттық киімдерін, сондай-ақ арнайы жұмыс киімдерін тігетін болады. Бұл үлкен жоба жүзеге асырылатын болса, Тараз – еліміздегі тігін өнеркәсібінің орталығына айналады. Тараздағы тігін өндірісінің айтулы өкілдері «Асыл-дизайн» ЖШС директоры Айдархан Қалиев, «Набоко» шеберханасы жетекшісі Ирина Набоко және «Айвенго» ЖШС директоры Любовь Попова өздерінің қытайлық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін мәлімдеді. Олар сондай-ақ өздерінің қатал шарттарын да қойды. Өндірістерде жұмысшылардың басым көпшілігі Тараздың тұрғындары болуы тиіс. Ирина Набоко өз сөзінде Тараздың кезінде тігін фабрикалармен атағы шыққанын айрықша атап өтті. Бұл үшін арнайы оқу бағдарламасын ұйымдастыру қажет. Іскерлік бағытта тартысты өткен әңгімеден кейін өзара тиімді ынтымақтастық меморандумына облыс тарапынан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошманбетов қол қойды.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».