Саясат

Тас түскен жеріне ауыр

Тас түскен жеріне ауыр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға көңіл айту жеделхатын жолдады

Өткен жексенбі күні Қытайдың оңтүстік-батысындағы Юньнань провинциясында магнитудасы 6,1-ге тең жер сілкінісі болды. Зілзаланың эпицентрі Вэньпин елді мекенінен 11, Чжаотун қаласынан 29 шақырымда болған. Кешегі күнгі мәлімет бойынша, апат құрбандарының саны 381 адамға дейін жетті. Одан басқа 1,9 мың адам жарақат алды. Зілзала – Юньнань провинциясында соңғы 14 жыл ішінде болған ең жойқын жер сілкінісі ретінде тіркеліп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің атына Юньнань провинциясының Чжаотун қаласында жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның құрбан болып және зардап шегуіне байланысты көңіл айтты. Жеделхатта Қазақстан халқының Қытайда болған қайғылы жағдай туралы хабарды терең қасіретпен қабылдағаны айтылған. Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтың атынан Цзиньпинге және марқұм болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айта отырып, орны толмас қайғыға ортақтасатынын жеткізді. «Қытай халқына басқа түскен қайғыны көтеруге жігер тілеймін. Қолға алынып жатқан шаралар табиғи апат салдарын жоюға мүмкіндік береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

«Ақ жол- Ақпарат».