Саясат

Жастарға несие неге аз берілген?

Жастарға несие неге аз берілген?

Былтыр үшінші тоқсанның қорытындысына сәйкес жастар арасындағы жұмыссыздық 1,6 пайызға төмендеп, 2,1 пайызды құраған болатын. Сондай-ақ Neet жастардың үлесі 8,1 пайызға төмендеген еді. Бұл өз кезегінде жас буынның мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейінің 77,8 пайызға артуына ықпал еткен.

Бұл туралы өңір басшысы Асқар Мырзахметовке өткен жылғы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен айтып өтті. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, былтыр 529 жас «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Бірақ соның 50-і ғана несиеге қол жеткізе алған. Жалпы жыл ішінде несие алып, кәсібін бастаған жастардың саны 180-ді құраған. Облыс әкімі өз ісін ашып, кәсіп бастауы үшін жастарға қаржылай қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін айтып, жас кәсіпкерлерге неліктен несие аз берілгенін сұрады. Асқар Исабекұлы жастар арасындағы ең басты мәселе жұмыссыздық екенін атап көрсетті. Оны шешу – басқарманың негізгі міндеттерінің бірі екенін ескертті. Ал жас буынды кәсіпкерлікке тарту – осы түйінді тарқатудың бірден-бір жолы болмақ. Сондықтан өңір басшысы кәсіппен айналысуға ниетті жастарды қолдау шараларының нақты жүйесін құруды тапсырды. Жастар арасындағы түйткілді мәселелер мұнымен шектелмесі анық. Жас отбасылардың жиі ажырасатыны да қазір қоғамдағы ең өзекті проблемаға айналып отыр. Дерекке сүйенсек, өткен жылы өңірімізде 6261 неке қиылса, 1648-і бұзылған. Жалпы, отбасылық құндылықтардың төмендеуі жасөспірімдерді түрлі құқық бұзушылыққа итермелеп отырғаны жасырын емес. Өткен жылы облыс бойынша 9804 қылмыс тіркелсе, оның 21,3 пайызы, яғни 2094-і 18-29 жас аралығындағы жастар жасаған. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама төмен. Десек те Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм аудандарында бұл көрсеткіш арта түскен. Жиында өңір басшысы қылмыс санының артуына жол берген аталған аудан әкімі орынбасарларынан жауап алып, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар есепті жиында еріктілерді тарта отырып, тұрмысы төмен отбасыларға арналған қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспары тағы бір нақтыланды. Асқар Исабекұлы бұл игі шараны уақыт созбай тезірек қолға алу керектігін баса айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.