Ер қанаты – ат
Ер қанаты – ат
Мемлекет басшысы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында қазақтың кең-байтақ даласын мекен еткен ежелгі халықтың «жеті кереметін» атап көрсетті деген ойдамыз. Оның алғашқысы – атқа міну мәдениеті. Шынында да қазақ даласы күллі адамзат баласының өміріне, тұрмыс тіршілігіне елеулі әсер еткен оқиғалардың көне куәгері. Ата-бабаларымыз жылқыға қатысты ашылған барлық жаңалықтың бастауында тұр. Демек, атқа міну мәдиениеті біздің даламыздан тараған деп айтуға да болады. Зиялы қауым өкілдері де жоғарыда аталған мақалада айтылған мәселелерді ғылыми негіздейтін уақыт жеткендігін айтуда. Олардың пікірінше, мақаланың маңыздылығы – алдымен адамзаттың тарихына, соның ішінде төл тарихымызға деген жаңа тәуелсіз көзқарасты қалыптастыру. Ең басты ақиқат, ат үстінен түспеген қазақтар жаһандық мәдениетті дамытуға ежелгі кезеңде ақ елеулі үлес қосқан. Тіпті мұның ежелгі сақ, ғұн дәуірінен бері келе жатқан үрдіс екенін батыс тарихшылары да мойындап отыр. Ол кезеңде гректер мен римдіктер үстеріне ұзын матаны киім ретінде пайдаланғанда, біздің ата-бабаларымыз иықты киім мен шалбар киюді қолданысқа енгізген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, еуропалық ғалымдар алғаш атқа міну мәдениеті қалыптастырылған қазақ жерінде атқа мінуге қолайлы киімдер мен ат әбзелдері пайда болғанын жазып көрсетуде. Оның үстіне еліміздің солтүстік өңіріндегі энолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгеніне айғақтар табылып отыр. «Ат – ер қанаты» деп санаған қазақ тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген. Қазы-қартаны кертіп жеп, қымызға қызара бөртіп отыратын ата-бабаларымыздың төрт түліктің төресі – жылқыға деген құрметі де ерекше. Жылқының жыл – он екі ай өріс таңдамайтынын, төзімділігін жоғары бағалаған. Ал оның саумалы мен қымызы, еті түрлі ауруларға ем екендігін айтып тауыса алмайсың. Сондай-ақ атбегі ретінде айтарым, күнделікті атқа міну бір жағынан көңіл-күйді көтеретін болса, екінші жағынан, денсаулыққа да өте-мөте пайдалы. Өйткені жылқының өн бойында өзінің биотогі болады. Ол адам денсаулығына жақсы әсер етеді. Әсіресе қан қысымы, жүйке жүйесі сырқаттарымен ауыратын адамдарға тигізер көмегі зор. Сонымен бірге бүгінде атқа міну арқылы ерлерде болатын қуық ауруларының алдын алуға, емдеуге болатындығы да ғалымдар тарапынан жиі айтылып жүр. Олай болатыны, ат үстінде отырған адамның барлық бұлшық еті жұмыс істейді екен. Салт атпен жай аяңдап серуендегенде, адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі беріледі дейді мамандар. Қазіргі таңда дәрігерлер көптеген жүйке ауруларына да қатысты ем ретінде атқа мінуді қолданып келеді. Атқа міну баланың денесінің шымыр болып өсуіне әрі бойына батырлық рухын сіңіруіне де септеседі екен. Ежелден келе жатқан ат спорты ойындарының түрі көп-ақ. Біздің «Әулие-Ата» клубының мүшелері ат спортының көкпар, аударыспақ, теңге ілу түрлері бойынша облыс намысын республикада, шетелдерде де қорғап жүр. Бізде көп ойналатыны – көкпар. Бұл ойын Орталық Азия халықтары арасында да кең таралған. Аталған ойын түрі жас жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін сынайды, ат үстінде мығым отыру дағдысын қалыптастырады. Сонымен қатар бұл ойын барысында аттың қалай бапталып үйретілгені, жүйріктігі де сынға түседі. Жігіттің жүйрік ат – қанаты, қыран бүркіт – қуаты, құмай тазы – абыройы деп білемін. Ілгеріде аңға шыққан немесе саят құрған кезінде осы үш нәрсе ер-азаматтың атын ел-жұртына танытқан. Ал ел басына ауыр күн туғанда, азаматы ат үстінен түспей елін, жерін жаудан қорғаған. Қазір көпшілігіміз қалада тұрамыз. Атқа жиі міне бермейміз. Бірақ мұнымен мен ер-азаматтардың жылқы малына деген қызығушылығы азайып кетті деп айта алмаймын. Қылқұйрықтыға қызығатындар өте көп. Әсіресе соңғы кездері жастар жағы ат спортына көптеп келуде. Сондай-ақ ауылда ғана емес, қалада да, шаһар маңындағы саяжайларда да ат баптап, көкпар мен бәйгеде бағын сынап жүрген ер-азаматтардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ат спортына ерекше назар аударыла бастады. Қазіргі таңда өңірімізде ұлттық ат спорты ойындарының дамуы өте жоғары деңгейде. Еліміздің барлық өңірлерінде бұл спорт түрлерін дамыту мақсатында мектептер, клубтар және орталықтар ашылып, жұмыс істеуде. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен түрлі деңгейдегі жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Соның ішінде көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату өнерлерінен жас ерекшеліктеріне қарай ҚР чемпионаттары мен республикалық турнирлерге «Әулие-Ата» командасының спортшылары да қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Алдыңғы жылы көкпардан өткен Азия чемпионатында, 2017 жылы әлем чемпионатында еліміздің ұлттық құрама командасы сапында сайысқа түскен 4 спортшымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Өткен жылдың қазан айында Оңтүстік Кореяда ат үстінде садақ тартудан өткен әлем чемпионатында жамбылдық Елдос Бадашев пен Абзал Тұлыбеков жеңімпаз атанды. Енді биыл көкпардан жастар арасында Азия чемпионаты мен ересектер арасында әлем чемпионаты ұйымдастырылғалы жатыр. Бұл дегеніміз – ұлттық ат спорты ойындарымыз әлемдік аренада өзіндік мәртебелі орнын тауып отыр деген сөз. Елбасы атқа міну мәдениетіне қатысты ойын сөзбен ғана айтып қоймай, оны ат әбзелдерімен, әскерилердің киген киімдерімен үйлестіре зерттеу керектігін қадап айтты. Бұл мәселенің ғылыми негізделінуіне, танымдық тұрғыдан зерделенуіне жол ашпақ. Расымен де атамзаманда қолға үйретіліп, адамзат баласының игілігіне жаратылған жылқы – көшпенділердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Өйткені ұлан-ғайыр даланы, ұлан-байтақ өлкені мекендеген жергілікті тұрғындардың күллі тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатыр. Сондықтан ұлттық байлығымызды алақанға салып аялап, қадір-қасиетін жете түсінуге күш жұмылдырғанымыз жөн.
Төлеген ЖҰМАТАЕВ, «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары.
Тараз қаласы.