Басты бағыт – жолдау жүктеген міндеттер
Басты бағыт – жолдау жүктеген міндеттер
Мемлекет басшысы «Қазақстан халқының әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында тұрғындардың әл-ауқатының өсуі мемлекеттік саясаттың басты басымдығына айналуы қажеттігін атап көрсеткен-ді. Алға қойылған маңызды міндеттердің бірі – ең төменгі жалақының көлемін 1,5 есеге көбейту. Осы орайда аудандағы 121 мекемеде 3 163 қызметшінің жалақысы өскенін атап өтуге тиіспіз.
Бүгінде ауданымыз аграрлық-индустриялық аймаққа айналып келеді. Жаңа өнеркәсіп нысандары да көптеп салынуда. Мәселен, Нұрлыкент ауылында жалпы жиынтық қуаты 100 МВт-ты құрайтын «Бурное солар» күн электр стансасы қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл жобаның екінші кезеңінің жұмыстары да мәреге жетіп, осындай тағы бір құрылым Мемлекет басшысының қатысуымен былтыр Индустрияландыру күнімен тұспа-тұс өткен жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған еді. Қазіргі таңда аталмыш стансалар күшімен күніне 660-680 мың кВт шамасында қуат өндірілуде. Екі стансаның жалпы жобалық құны 48 миллиард теңгені құрайды. Бір мезгілде 80 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз ете алу әлеуетіне де ие. Сонымен қатар Көксай каналы бойында судан 20 МВт шамасында қуат өндіруге арналған стансаның құрылысы басталды. Осындай тағы бір құрылғы Ақсай өзенінің бойынан да салынбақ. Бұл ауданымыздың бір өзінің еліміздегі баламалы энергия көздері көбейтілуіне қаншалықты деңгейде үлес қосып отырғандығының да нақты айғағындай. Жалпы ауданда барлық сала бойынша өсім бар. Өткен жылдың қорытындысымен облыста екінші, құрылыс саласы бойынша бірінші, инвестиция тартудан екінші орындарды иелендік. Әлбетте, мұндай жетістіктерге көпшіліктің айрықша күш-жігер жұмсауының арқасында қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы саласында бүгінде 3 мыңнан астам шаруа қожалығы тіркеліп отыр. Өткен жылы ақ егіс алқаптарының әр гектарынан бірқатар агроқұрылымдарда 40-50 центнерден өнім жиналып, орташа гектар қайтарымы 24 центнерден айналды. Уақ шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында қолға алынған ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. «Ақсай-2017» кооперативі осынау қозғалыстың көшбасшысы атанып отыр. Мұндай жұмыстарды барлық ауылдық округтерде өрістету басымдыққа да ие. Ауданда негізінен жергілікті жерде өсіруге қолайлы картоп, қант қызылшасы секілді дақылдарды егу бағыты ұсталынуда. Аудан шаруашылықтарының техникалық паркі де ұдайы жаңартылу үстінде. Мұнай базасының өзімізде ашылуының арқасында өңірде бензиннің бағасы тұрақтанып, 5 теңгеге арзандап отыр. Бүгінде дизель отынының бағасын төмендету жөніндегі шаралар жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстарының ауқымы да жылдан-жылға артып келеді. Былтыр Қызыларық ауылында 150 орындық орта мектеп іске қосылды. Жергілікті тұрғындардың баспаналы болуы мүмкіндігі де жан-жақты қарастырылуда. Осыған байланысты Көктөбе тұрғын үй алабына инфрақұрылымдық жүйе жүргізу жұмыстары қолға алынып отыр. Биыл аудан орталығында кезекте тұрған азаматтарға жер телімі беріле бастайды. Елді мекендерде айқын сезіліп отырған ауызсу тапшылығы мәселесін оңтайлы шешу үшін алдағы екі-үш жылдың ішінде 15 елді мекенге су құбыр жүйелері тартылатын болады. Таулы өңірдегі 15 ауыл да толығымен газдандырылады. Сонымен қатар 2019-2020 жылдары 93 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Облыстық тұрақтандыру қорында, яғни «Тараз» сауда-саттық компаниясында бар арзандатылған азық-түлік тауарлары ауыл-
аймақтарға тұрақты түрде жеткізілуде. Мәселен, өткен жылы үш мәрте өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік керуені ауданымызға келіп, таулы өңірдегі үш ауылдық округте барлығы 4,8 тонна және аудан орталығында 21,3 тонна азық-түлік тауарларына сауда жасалынды. Жалпы, қай тауар қымбаттаса, сол тауардың бағасын төмендету мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылып келеді. Аудан орталығында әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерін, соның ішінде нан өнімдерін пісіретін алты наубайхана өз өнімдерін ауылдық округтерге және аудан орталығындағы дүкендерге таратуда. Өңірде тәулігіне 5 000 бөлке нан пісіріледі. Сонымен қатар нан сататын үш әлеуметтік дүңгіршек жұмыс істеп тұр. Мұның барлығы да тұрғындардың әлеуметтік мәселелері оңтайлы шешілуіне, тұрмыс сапасы одан әрі де жақсара беретініне септесетіні анық. Жолдауда алға қойылған тағы бір міндет – бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау. Осы мақсатта елімізде 2010 жылдан бері табысты іске асырылып келе жатқан «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы тиімділігін көрсетіп келеді. Елбасының Жолдауда аталған бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту туралы ұсынысы кәсіпкерлер тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Бағдарлама аясында 2012-2018 жылдар аралығында жалпы сомасы 1,635 миллиард теңгенің 48 жобасы екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылып, 196 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда сүт өнімдерін өндіретін «Бурное сүт компаниясы», «СМТС» және «Жуалы сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ өсімдік майын шығаратын төрт цех жұмыс істеп тұр. Экспортқа шығарылатын өнім көлемі де артуда. Мәселен, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС Ресей еліне былтыр 364,0 миллион теңгені құрайтын 280,0 тонна ірімшік жөнелткен. «Агроазықтүлікнанменжабдықтау» ЖШС Қытайға 89,6 миллион теңгенің 1080,0 тонна тазаланған мақсарысын, Бельгияға 18,092 миллион теңгенің 40 тонна өсімдік майын экспортқа шығарған. Өткен жылы тұңғыш рет Қырғыз бен Иран мемлекеттеріне 126 тонна ет экспортталды. Ауданда Мемлекет басшысының «Қазақстан халқының әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында белгіленген мақсат-межелерді іске асыру шаралары әрі қарай да жалғасын таба беретін болады.
Бақтияр КӨПБОСЫНОВ, аудан әкімі. Жуалы ауданы.