Cау-саламат ұрпақ – ұлт болашағының негізі
Cау-саламат ұрпақ – ұлт болашағының негізі
Соңғы жылдары Қазақстанда жоғары мамандандырылған медициналық көмек белсенді түрде дамуда. Бүгінде ел азаматтарының шетелде жасататын бірегей күрделі оталардың елімізде жасалуы – соған дәлел. Мәселен, орта есеппен алғанда жыл сайын мемлекетімізде 40 мыңға жуық жүрек, 35 мыңнан астам нейрохирургиялық ота жасалады. 2012 жыл мен 2016 жылғы қазан айының аралығында Қазақстанда туыстық және қайтыс болғаннан кейінгі донорлар арқылы 1011 ағза трансплантталып, қаншама адамның өмір жасы ұзарды. Ел азаматтарының орташа өмір жасын ұзарту әрі елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша басымдық беріп, әсіресе ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімді етуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл барлық ауруханалар мен емханалар құжаттарды цифрлық нұсқаға ауыстырады. Бұл бірінші кезекте бюрократияны жойып, қызмет түрлерінің ашықтығын қамтамасыз ететіні айқын. Қазіргі кезде отандық медицинаны дамытуды көздеген 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылуда. Соның нәтижесінде өңірде орташа өмір сүрудің көрсеткіші 5 жыл ішінде 71,1-ден 72,3 жасқа дейін өсті. Аналар өлімінің көрсеткіші 2014 жылы 18,1 пайыз болса, өткен жылы 12,2 пайызға төмендеді. Елбасы Жолдауында айтылғандай, бүгінде саладағы ең маңызды мәселелердің бірі – медицина мекемелерін цифрландыру. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау ұйымдары 100 пайызға медициналық ақпараттық жүйемен қамтылған. Компьютерлік техникамен жабдықтау ең жоғарғы межеге жетті. Ал интернет желісіне қосылу деңгейі 92 пайызды құрап отыр. Бұл денсаулық сақтау мекемелеріндегі 121 бастапқы медициналық құжаттама нысандарының 111-ін электрондық нұсқаға көшіруге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ 11 медициналық ұйымға «Е-Kezek» электрондық кезекті енгізу үшін жергілікті бюджет есебінен 73 миллион теңге бөлініп, игерілуде. Соның нәтижесінде 43 денсаулық сақтау мекемесінде 8686 медициналық қызметкер ақпараттық жүйелерде жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Олар 732 946 электрондық денсаулық паспортын жүйеге енгізіп, сол арқылы «Халықты тіркеу регистріне» облыс тұрғындарының 65,9 пайызы тіркелді. Келер жылдың 1 қаңтарына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл емханаларда қағазбастылықты жоюға, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, облыстың денсаулық сақтау саласы Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға білек сыбана кірісіп кетті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жолдау жүктеген міндеттер аясында, 2020 жылға дейін елді мекендердегі медициналық нысандардың санын арттыруды тапсырғаны белгілі. Қазір осы межелі міндетті орындау үшін жекеменшік секторды жұмылдыра отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері қолданылуда. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізіп, жаңа ғимараттар салуды бастадық. Оның алғашқылары былтыр Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бой көтерген 29 нысанның 13-і ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункт. Олар Байзақ ауданындағы Шахан, Көкөзен, Жаңатұрмыс, Жібекжолы, Сарыбарақ, Тегістік, Қордай ауданындағы Көкадыр, Меркі ауданындағы Екпінді, Сарысу ауданындағы Шағалалы, Қамқалы, Т.Рысқұлов ауданындағы Шолаққайыңды, Талас ауданындағы Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарында орналасқан. Сондай-ақ желтоқсанда Байзақ ауданындағы Ынтымақ, Жамбыл ауданындағы Бектөбе, Бесағаш, Гродекова, Пригородное, Ақбұлым, Түркісіб, Жуалы ауданындағы Шақпақата, Меркі ауданындағы «Мыхан», Сарысу ауданындағы Игілік, Шу ауданындағы Шоқпар ауылдарында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Ал ауысымына 10 келушіге арналған 7 фельдшерлік-акушерлік пункт Байзақ ауданындағы Аймантөбе, Жамбыл ауданындағы Ерназар, Меркі ауданындағы Екпінді, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Көкжелек, Сарысу ауданындағы Ұйым, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақат, Шу ауданындағы Тасөткел ауылдарында іске қосылды. Жалпы 29 медициналық нысанға барлығы 843 миллион теңге қаржы жұмсалған. Өзге өңірлердегі бюджеттік инвестициялық жобалармен салыстырғандағы құны төмен. Нақты айтсақ 1,4 миллиард теңге үнемделді. Аталмыш нысандарды ашу арқылы ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету деңгейі 84 пайызға жетіп отыр. Соның арқасында облыстағы алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына қажетті 95 нысанның 29-ы былтыр пайдалануға берілді. Енді 2019 жылы 40, 2020 жылы 25 нысан бой көтереді деп жоспарлануда. Кейінгі 3 жылда облыста 10 нысан сенімгерлік басқаруға беріліп, 3-еуі жекешелендіріліп отыр. Жекелеп айтсақ, 2015-2016 жылдары облыстық офтальмологиялық орталық, өңірлік стоматологиялық емхана, облыстық тері-венерологиялық диспансері және №2, №6, №7 қалалық емханалар жеке азаматтардың жекеменшік басқаруына сеніп тапсырылды. Сондай-ақ №1, №4, №9 қалалық емхана, облыстық кеңес беру және диагностикалық медицина орталығы бәсекелестік ортаға берілген болатын. Олардың үшеуі жекешелендірілсе, біреуі сенімгерлік басқаруға өтті. Нәтижесінде облыстық қазынаға 1,8 миллиард теңге түсім түсіп отыр. Жекеменшік басқаруға берілген мекеме басшыларына нақты талаптар қойылып, ең бірінші жұмысшылардың орнын сақтау міндеттелді. Сондай-ақ қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өткізу тапсырылды. Осы арқылы ол медициналық қызмет пен көрсетілетін көмектердің нысаналы индикаторлары мен критерийлерін орындауға тиісті. Сенімгерлік басқарушы медициналық мекеменің инфрақұрылымын дамытып, нысанды жаңғырту мен ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайтып, қажетті құрал-жабдықтарды алуға міндетті. Біз мұндай қадам жасау арқылы ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселесі оң шешімін тауып келеді. 2017 жылы осы мақсатта 2,760 миллиард теңге бөлінсе, былтыр 2,184 миллиард теңге қарастырылды. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық базасы 74 пайызға нығайды. Облысқа жас мамандарды тарту мәселесі де назардан тыс қалып отырған жоқ. Бұл бағытта біз келіссөздер жүргізіп, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қарағанды медицина университеті және Семей медицина университеті ұйымдастырған «бос орындар» жәрмеңкесіне қатыстық. Нәтижесінде 35 студентпен шарт жасастық. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде былтыр 115 жас маманды қабылдап, оның 100-ін аудандарға жібердік. Оларды елді мекендерде тұрақтандыру мақсатында 64-іне 800 мың теңге көлемінде ақшалай көмек берілді. Жас мамандарды баспанамен қамту мәселесі қашанда өзекті. Бүгінге дейін, Жаңатас қаласына барған 5 және Қаратау қаласында еңбек жолын бастаған 2 маманға қызметтік пәтер берілді. Енді тағы 8 жасты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін құжаттар әзірленуде. Бұдан бөлек, республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 5500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада Жуалы мен Жамбыл аудандарындағы бір-бір жас маман несие алды. Ал 70 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомадағы көтерме жәрдемақы Байзақ пен Қордай аудандарынан бір-бір кадрға, Жамбылда – 3, Мойынқұмда – 5 және Т.Рысқұлов ауданынан 2 адамға берілді. Енді биыл жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын мекемелерде 6 акушер-гинеколог, 6 анестезиолог-реаниматолог және 3 неонатолог дәрігерлерді резидентурадан өткізу жоспарлануда. Әрине, бұл бастамалар арқылы өңірдегі барлық медицина мекемелерін қажетті кадрлармен қамтимыз дей алмаймыз. Десе де бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табары анық. «Цифрлық Қазақстан» жобасының бір жемісі – телемедицина. Бұрын бұл жүйені пилоттық жоба ретінде қолданып келген едік. Қазір бұл жоба толық қолданысқа енгізілді. Нәтижесінде өткен жылы 675 телемедициналық сеанс жүргізілді. Сол арқылы қазір «Дәрігерге-дәрігер» атты бастама да жанданды. Яғни науқасқа бір дәрігер диагноз қоя алмай жатқанда ол арнайы қондырғы арқылы шетелдегі немесе өзге өңірдегі медицина мекемелеріне тікелей байланысқа шыға алады. Бұл жүйе соңғы кездері шалғай ауылдарда да кеңінен қолдануда. Мәселен, Мойынқұм секілді облыс орталығынан шалғай жатқан ауданның дәрігерлері бізге тікелей шығып кеңес ала алады. Бұл арадағы жол шығынынан бөлек, науқасқа дер кезінде диагноз қоюға көп септігін тигізуде.
Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.