Қоғам

Биыл бес ауылға табиғи газ жеткізіледі

Биыл бес ауылға табиғи газ жеткізіледі

Адан әкімі Бақыт Қазанбасовтың ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі кестеге сай өтуде. Көлқайнар ауылдық округінде өткізген есеп беру жиынында Бақыт Алпысбайұлы аудан көлемінде атқарылған тірлікті баяндай келе, барлық салада әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жоғарылағанын, егін және мал шаруашылықтарында өндірілген өнім көлемінің өскенін, білім және денсаулық саласында да ілгерілеушілік барын айтты. 2019 жылы атқарылатын жұмыстарға да егжей-тегжей тоқталды. Мәселен, былтыр аудан бюджеті 100 пайызға игерілген. Егілген дақылдардың түсімі және жоспарлы көлемі де көңіл көншітеді. Мысалы, 3404 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 26,5 центнерден өнім алынса, 6645,2 гектарға орналасқан көкөністің түсімі гектарына 323,7 центнерді құрады. Сонымен қатар дәндік жүгері, қант қызылшасы, майлы дақылдардан да алынған өнім көлемі артқан. Мал азығын дайындау жоспары да артығымен орындалыпты. Төрт түлік күйлі болған соң, мал шаруашылығында да өсім бар. Негізі округ аумағында Тастөбе, Еңбек, Жамбыл, Қостөбе, Көлқайнар елді мекендері мен темір жол бойында 27 разъезд орналасқан. Тұрғындарының саны – 3089. Аумақта 2 орта мектеп, 2 бастауыш мектеп, 2 медициналық пункт, 1 амбулаториялық пункт, 2 кітапхана, 2 клуб көпшілікке қызмет етеді. Ал ауыл азаматтарының дені «Қызылдиқан» өндірістік кооперативінде және егін және мал шаруашылығымен айналысатын 165 шаруа қожалығында жұмыс істейді. Еңбектің арқасы шығар, ауыл әкімі Алмас Сейсеновтің айтуынша, округ тұрғындары салық түсімін 114,75 пайызға орындаған. Дегенмен ауыл азаматтарын толғандырар мәселелер де жоқ емес. Көпшілігінің күткені – «көгілдір отынға» қол жетер күн. Бақыт Қазанбасов бұл мәселе осы жылы өз шешімін табатынын айтты. «Биыл ауданымыздың 5 елді мекеніне «көгілдір отын» кіреді. Соның бірі – сіздердің ауылдарыңыз», – деді аудан әкімі жиында. Жиында ағын су мәселесін көтерген Тастөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Қалдыбай Білешбаевтың сұрағына «Қазсушар» РМК Аса өндірістік бөлімшесінің басшысы Есенбек Қалдыбеков тұшымды жауап қайтарды. Ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқтар Төлегенов өткен жылғы атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық деген бағасын берді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.