Әлеумет

Судан сақтануға шақырды

Судан сақтануға шақырды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингке Тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары – мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин қатысып, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.

– Соңғы екі жұма ішінде қоғам арасында инфекциялық ауру түрлеріне қатысты сан түрлі алып қашпа әңгімелер ушығып кеткені мәлім. Алайда, оның бұрмаланған әрі бейресми жалған ақпарат екендігін мәлімдеймін. Елдегі осы жағдайды бақылауда ұстайтын мекеменің басшысы әрі жауапты маманы ретінде БАҚ өкілдері арқылы айтарым, қазіргі кезде жағдай мынадай: ағымдағы жылғы маусым-шілде айларында Астана қаласында зертханалық расталған этиологиясы энтеровирустық серозды менингиттің 80 жағдайы, Қарағанды облысында 49 жағдайы тіркелді. Осыған байланысты агенттіктің аумақтық департаменттері энтеровирустық инфекцияның таралуының алдын алуға бағытталған профилактикалық және эпидемияға қарсы жұмыстар жүргізуде. Осы ретте қоршаған орта нысандарын – ашық су қоймаларының, жүзу бассейндерінің, субұрқақтардың суын, ағынды суды мониторингілеу күшейтілді. Ендеше, бұқараны судан сақтануға шақырамын. Яғни, ашық су қоймалары мен белгіленбеген жерлерде және тексерілмеген бассейндерде шомылып, бақша өнімдерін осы тақылеттес ағын сулармен жуып, пайдаланбауға кеңес беремін. Әртүрлі инфекциялық вирустардың адам ағзасына ену қақпасы ауыз, мұрын, көз болғандықтан үнемі қолды жуып, таза ұстауды қаперлеріңізге саламын, – деді ол өз сөзінде. Оның айтуына қарағанда, қазіргі кезде аталған вирустық инфекциямен сырқаттанғандар саны өткен жылмен салыстырғанда аздап өсу байқалғанымен, жағдай дабыл қағып, алаңдатарлықтай емес. Есесіне, елдегі барлық ауруханалар мен емдеу орындарында қажетті дәрі-дәрмектер мен палаталардағы жатын кереуеттер және дер кезінде қолұшын созатын дәрігерлер қауымы да жеткілікті.

Фариза Әбдікерімова, 

«Ақ жол».