Қоғам

Латын графикасының жаңа белесі

Латын графикасының жаңа белесі

Есет ДОСАЛЫ

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті бірлесіп, аталған университеттің базасында «Жаңа әліпби және емле ереженің жаңалықтары» атты семинар-тренинг өткізді. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, тіл жанашырлары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың мемлекеттік қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, студенттер, мектеп мұғалімдері мен журналистер қатысты. Семинарда алғаш сөз алған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова қабылданған емле ереженің ерекшеліктерін арнайы шақырылған тіл мамандары түсіндіретінін айтты. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Күлзинат Қарымбаева жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емле ережесіне тоқталып, тиімді тұстарын жан-жақты тілге тиек етті. Ол латын графикасы негізіндегі әліпбиді әлемнің барлық еліндегі қандастарымыздың еркін түсінетінін, бірқатар кірме сөздерден де арылатынымызды айта келіп, жаңа емле ереже бойынша әліпбидің жазылуы мен айтылуы жайлы ойын нақты жеткізді. Аталған университеттің аға оқытушы Балмира Мырзабаева латын негізді әліпбидің «Qazalipbi.kz» онлайн бағдарламасын таныстырды. Бұл онлайн бағдарламаны еліміз бойынша біздің облыс қана әзірлеп үлгергенін айта кеткеніміз жөн. Бағдарлама 18 сабақтан тұрады. Кіріспе сабақта латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің арғы тарихы қозғалады. Үйренушілер әр сабақта әріптерді көріп оқу және есту арқылы да үйренуге мүмкіндігі бар. Жиында ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы сөз сөйлеп, жаңа әліпбидің емле ережесін үйрену келешек ұрпаққа да, бүгінгі егде азаматтар үшін де маңызды екенін айтты. Семинар барысында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, оған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Сәтбекқызы жан-жақты жауап беріп, әр департамент пен басқарманы, мекемелерді жаңа емле ереже бойынша диктант жазып жарысуға шақырды.