Барлық бағыт тағы жұмыс нәтижелі
Барлық бағыт тағы жұмыс нәтижелі
Балалық шақтан бастап білім беруге бөлінген инвестицияның қоғам мен экономикаға елеулі әсер ететіні халықаралық тәжірибеде дәлелденген. Себебі үнемі өзгеріп отырған экономикалық жағдайлар ұлттың ұзақ мерзімді экономикалық дамуын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізуді тапсырып, ең алдымен мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігін баса айтты.
Жүзеге асырылған міндеттер мен мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде қазір өңірімізде мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны 532-ні құрап отыр. Ал мектепке дейінгі тәрбиемен 1-6 жас аралығында қамтылған балғындар үлесі 68-ден 84 пайызға, 3-6 жас аралығындағылар 90,2-ден 98 пайызға жеткен. Жалпы, бүгінде балабақшаларда 54582 бүлдіршін тәрбиеленуде. Қазір облыста 156 жекеменшік балабақша қызмет етуде, онда 13977 жас өрен тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі білім мекемелерінің желісін кеңейтудің бір жолы – жекеменшік әріптестікті тарту екені белгілі. Осы мақсатта былтыр өңірде нақты жұмыстар жүргізіліп, 6041 орындық 66 балабақша ашылса, соның 60-ы – жекеменшік мекеме. Бұл өзекті мәселеге айналған кезек санын 9289-дан 1104 балаға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Биыл тағы да 2874 орындық 27 мекеме ашу жоспарлануда. Мемлекет басшысы Жолдауда балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтерінің жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі. Осы бағытта өңірімізде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні облыстағы 446 мектептің 428-і (96%), 377 балабақшаның 376-ы (99,7%) бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Атап айтсақ, 428 мектепте 5000 дана камера бар. Олардың 33 пайызы мектеп сыртында, 67 пайызы ғимарат ішінде орналасқан. Жалпы білім беру жүйесінің табысты дамуы негізінен сандық білім беруге байланысты. Бүгінде облыс бойынша мектептердің 98 пайызы электронды күнделік жүйесін пайдаланады. «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстарымен 446 мектептің барлығы қамтамасыз етілген. Әйтсе де заман талабы, уақыт сұранысын ескеріп, жас жеткіншектердің ақпараттық технологияларды меңгеруге деген ынтасына қарай, өткен жылдың қыркүйегінде Тараз қаласында 300 орындық дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатын аштық. Өңір басшысының қолдауымен ашылған білім ордасында бүгінде 120 оқушы білім алуда. Сондай-ақ былтыр аудандар мен Тараз қаласында 14 IT сыныбы ашылып, 153 мектепте робототехника кабинеттерін жабдықтадық. Электронды оқытудың сапасын арттыру үшін мұғалімнің жұмыс орнында компьютер болуы керек екені түсінікті. Сондықтан бұл көрсеткішті 21-ден 66 пайызға жеткізіп отырмыз. Биыл бұл мәселені толық шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін қолданбақпыз. Бүгінде колледждер 100 пайыз электронды оқыту жүйесіне көшкен. 5 орта арнаулы оқу орнында «Қауіпсіз колледж» жобасы енгізіліп, 5 колледжде электронды қызмет көрсету орталықтары іске қосылды. Бұдан бөлек барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Балаларды балабақшаға кезекке қою және жолдама алу» ақпараттық жүйесінің жұмысы жанданды. Сонымен қатар бүгінде мектептерде «1-сыныпқа қабылдау» мәселесі осы жүйе арқылы жүргізілуде. «Педагогтерді жұмысқа қабылдауды басқару және ваканция кезегін автоматтандыру» жүйесі де барлық мектепке енгізілген. Бүгінгі күнге дейін 86 педагог және техникалық қызметкерлер аталған жүйе арқылы жұмысқа тұрды. Бұл жүйе қазірдің өзінде тиімділігін көрсетуде. Бір жағынан ол ашықтықты қамтамасыз етіп, білім саласындағы жемқорлықтың алдын алады. Білім беру үдерісінде Елбасы атап өткендей Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін барлық мектепте бірыңғай стандарт ретінде енгізудің маңызы зор. Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін тарату мақсатында облыс әкімі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы меморандумға қол қойды. Осы білім ордаларының озық тәжірибесін тарату мақсатында облыста 40 білім мекемесі базалық алаң ретінде жұмыс атқаруда. Ал биыл өңірдегі орта мектептердің 50 пайызына, келесі жылы 100 пайызына Назарбаев зияткерлік мектебінің іс-тәжірибесін енгізетін боламыз. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болмақ. Білім реформаларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар өңірімізде кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтсақ, қазір жаңартылған білім беру мазмұнына облыстың барлық мектептерінің 1,2,3,4,5,6,7,8-сыныптары көшті. Сондай-ақ 277 мектепте 755 мұғалім физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытып жатыр. Ал олардың айлық жалақысына 35 мың теңге қосылып төленуде. Облыс педагогтерінің саладағы жаңа реформаларды жүзеге асыруға деген ұмтылысы, ізденісі өз жемісін беріп келеді. Жамбылдық оқушылардың республика деңгейінде өткен пән олимпиадаларының қорытындысы бойынша командалық есепте 7 жыл қатарынан, ғылыми жарыстарда 6 мәрте «Ең үздік команда» атанып, І-орындарды иеленуі, республикалық олимпиада қорытындысы бойынша дарынды ұлдарға арналған «Білім инновация» мектеп-интернаты 10 рет «Үздік олимпиада мектебі» атағын жеңіп алуы – соның дәлелі. Жалпы шәкірттеріміздің былтыр еліміздегі, сонымен қатар халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 143 медальды (22 - алтын, 35 - күміс, 86 - қола) олжалағаны мұғалімдердің еңбегінің жанғанын көрсетсе керек. Президент Жолдауда білім алудың қолжетімділігін арттыру үшін орын жетіспейтін, үш ауысымда оқытатын және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді тапсырғаны мәлім. Облыс бойынша үш ауысымды – 1, орын тапшылығы бар – 16 және апатты жағдайдағы 4 мектеп бар. Апатты жағдайдағы 1 мектептің құрылысы биыл аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Қалған 3 мектептің мәселесі 2019-2021 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда. Осы жылы облыста үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін табады.
Рахия Тұрмаханбетова, облыстық білім басқармасының басшысы.
Тараз қаласы.