Қоғам

Ақсулықтар неге алаңдаулы?

Ақсулықтар неге алаңдаулы?

Облыс орталығынан шалғай жатқанымен, Шу – өңіріміздегі әлеуеті зор аудандардың бірі. Сондықтан болса керек, мұндағы қым-қуыт тірлік ешқашан толастаған емес. Жыл өткен сайын экономиканың барлық саласында өрлеу байқалады. Бұны аудан әкімінің есепті кездесулерінде жасаған баяндамасынан да байқауға болады.

Мәселен, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнімнің көлемі 45 миллиард 886 миллион теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 1 миллиард 953 миллион теңгеге артыпты. Ал тұрғындарды әлеуметтік қорғау мен қамсыздандыру шараларына келер болсақ, аудандағы кедейшілік деңгейі өткен жылы 11,2 пайызға жетсе, жұмыссыздық деңгейі 1,7 пайызды құраған. Бұл әлі 808 шулық жұмыссыз жүр деген сөз. Ауданда жалпы 49 мәдени ошақ тұрғындарға қызмет көрсетіп отырса, елді мекендердегі мәдениет нысандарының саны 21-ге жеткен. Былтыр аудан орталығынан шалғай жатқан Шоқпар ауылында құны 214 миллион теңгеден асатын 100 орындық клуб ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы түйіні тарқатылмай тұрған музей мәселесі оңтайлы шешілді. Аудан орталығы Төле би ауылының Балуан Шолақ көшесінде орналасқан бос ғимарат сатып алынып, оның құжаттары заңдастырылып, 32 миллион 900 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шудағы Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың 12-і типтік ғимаратта орналасса, Мойынқұм, Ақтөбе, Алға, Белбасар, Тасөткел, Жаңа жол, Абай және Қонаев ауылдарында клубқа арналған ғимарат жоқ. Десе де қазіргі кезде Абай ауылына 90 орындық Мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджетке өтінім берілген екен. Бұдан өзге шулықтардың жанайқайына айналған жол мәселесі де ретімен шешіліп келеді. Нақтырақ айтқанда өткен жылы аудандағы бірқатар жолдар жөндеуден өтті. Сондай-ақ ел аузында «әскери қалашық» атанып кеткен «Жайсан» тұрғын үйі толықтай жөнделіп, ел игілігіне берілді. Соның арқасында 75 тұрғынға, атап айтсақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға, мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерге кезек бойынша пәтердің кілті тапсырылған болатын. Алғашқы есеп беру кездесуін ең әуелі Ақсу ауылдық округінен бастаған аудан әкімі Қайрат Досаев осы мәселелерге тоқталып өтті. Қордай ауданымен іргелес жатқан ауылда атқарылған іс аз емес. Алайда түйткілді мәселелер де баршылық. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі Тасөткел су қоймасынан келетін қауіпті ойлап алаңдаулы. Бұл мәселе ауылдағы ағайынның «бас ауруына» айналғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Ақсақалдар алқасының төрағасы Жайлаубек Қалиев 1986 жылы осы су қоймасынан ақау шығып, төтенше жағдай орын алған кезде Белбасар ауылының тұрғындары Ақсу ауылына көшірілгенін айтады. Ал Жаңа жол ауылының балаларын мойнына аты-жөндерін жазып, 6 шақырым жердегі тауға апаруға мәжбүр болыпты. «Мамандардың айтуынша, жиналған су кемерінен асып, шайып кетер болса, төмендегі Белбасар ауылын небәрі 45 минутта су алып, одан кейін орналасқан Шу қаласының үстінен су 10 метр биіктікте өтеді екен», – деген ақсақал судан келетін қауіп-қатердің салмағы ауыр болатынын ескертіп, қауіпсіздік шараларын қолға алу керектігін жеткізді. Оған қоса, көрші ауданмен шекаралас жатқан ауылға Қордайдағы «Қақпатас» су қоймасынан келетін қатер де аз емес екен. Ақсулықтар аталған су қоймасынан келген су тасқынынан бұған дейін бір рет зардап шеккен. Сонда ауыл тұрғындары аудан орталығына жету үшін 90 шақырым жерді айналып өтуге мәжбүр болыпты. Ауыл ақсақалы көтерген ауқымды мәселеге қатысты жауап берген аудан әкімі Қайрат Досаев арнайы мамандарға жүгініп, суға қатысты түйткілді жан-жақты зерттеу керектігін жеткізді. Жиында ауыл тұрғыны Әуесхан Іңкәрбеков ауылда мал ұрлығы көп орын алатынын тілге тиек етті. «Бүгінге дейін ауылымыздан 30 сиыр, 6 жылқы ұрланды. Учаскелік полиция ұрылардың ізін кесе алмады», – деді ол. Аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Мақсат Сәулебаев бұл сауалға Ақсу ауылына жуырда жаңа учаскелік полиция қызметкері тағайындалатынын және оған қызметтік көлік берілетінін айтып, жауап берді.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.